Мөде тəңірқұт

21 Тамыз 2014, 08:48

Мөде тəңірқұт

Мөде тəңірқұт тек қара күштің аңғал батыры ғана емес. Ол өз заманынан оза туған, стратегия, тактика, доктрина, саясат, амал, айла атаулыға жүйрік көсем. Оған мына мысалдар-ақ көзімізді жеткізеді:

Кезінде Мөденің əкесі Түменнің ұлысы Ұлы жүзден əлсіз, тіпті оған кіріптар болса керек. Түмен жас Мөдені Ұлы жүзге аманатқа қояды. Өзге ұлын емес, тəп Мөдені беруінің себебі белгісіздеу. Мүмкін қағаншалар ара күндестікпен ықпалдылықтың нəтижесі шығар. Бəлкім “болар баланы” дұрыс түсінбеген əке өз қамы үшін құрбандыққа шалуды ойлаған да болар. Соңғы ойға келетініміздің себебі, Ұлы жүзге қол көтермеуге уəде ретінде Мөдені берген Түмен, сəл дайындалып алғасын, Ұлы жүзге шабуыл жасайды. Мұндайда Мөдеге өлім қаупі төнері сөзсіз. Мөде бұл қатерден амалын тауып қашып шығады да еліне оралады.

Оралған ұлын əке мансапқа қояды. Мөде садақшыларын басқаша машықтандырады. Өзінің ең аяулы деген малы (аты) түгіл, жанын да (əйелін де)атқызып үйретеді. Əмірді атқармағандардың басын алады. Ең соңында оларға өз əкесін атқызып тəңір құттыққа шығады. Мұны таққа таласқан өзімшілдіктен гөрі, болашақ ұлы Ғұн қағанатын көксеген елшілдік деп бағалайтындар, жауыздықтан гөрі, ұлы мақсат үшін құрбандық шалу деп қарайтындар аз емес. Мұнда да асқан айлакерлік жатыр.

Шығыс жағындағы іргелес ел Дұңху (Тұңғұс - шығыс оғыз. - С.Ж.) Мөде тəңірқұтқа кісі салып, басынғандық раймен əкесінің тұлпарын да, əкесінің қағаншасын да сұрайды. Мөде іштей дайындық қып, сырттай сұрағанын беріп, дұңхуларды бейқамдыққа итере тұрады. Ең соңында екі ел арасында иен жатқан жерді сұрағанда, дайындығы біткен Мөде оларды бас салып бағындырып алады.

Осы бетінше ұлысын күшейткен Мөде тəңірқұт ең соңында Ғұн қағанатын ұлы империяға айналдыра алды. Мөде тəңірқұт тақта отырған ширек ғасырдан астам уақытта (б. з. б. 209-174 жж.) Ғұн қағанаты Ұлы Даланың денін -26 (кей əдебиеттерде 24) хандықты билеп тұрды. Соның бірі Үйсін ұлысы болатын. Астанасы Ұлубалық Орқон (Өр Хұн) бойында болды. 300 мыңдай əскер ұстады. Леузаң (Лаушаң, Кеюк, Киік) тəңірқұт тұсында, Ғұн билігі шығыстағы Ляу өзенінен батыстағы Көгарттың (Памир, Цүнлиң) арғы жағына, солтүстіктегі Байқал көлінен оңтүстіктегі Ұлы Қорғанға шейін кеңіді. Ғұн қағанаты тарихтағы тұңғыш далалық көшпенділер империясына айналды. Хəн əулетіне зор қатер төндірді. Хəн əулеті Ұлы Қорғанды салдыртуға мəжбүр болды. “Чин Шыхуаң рұңдилерді  тойтару үшін Ұлы қорғанды салып Қытайды шекаралады” . “Мүмкін Бан Гу “Батысымыз Таухыдан аспайды”  деп жазғанда, бəлкім өкінген де шығар, немесе Ескендір Зұлқарнайынша іштей қуанып, шүкірлік Чин Шыхуаң бағындыруға үлгере алмаған (енді біз бағындырарлық. - С.Ж.) аумақ əлі де бар екен деген де болар».

 

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

 

 

Бөлісу: