30 Тамыз 2014, 12:33
ТӨЛЕБАЕВ Мұқан (13.3.1913, қазіргі Алматы обл. Сарқант ауд. Төлебаев а. – 2.4.1960, Алматы) – композитор, муз. қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңб. сің. өнер қайраткері (1945), КСРО-ның халық арт. (1959). 1933 ж. Алматы пед. уч-щесінде, 1936 ж. Мәскеу мемл. консерваториясының жанындағы қазақ студиясында оқыды. 1941 – 46 ж. проф. Е.Г. Брусиловскийден композиция бойынша дәріс алды. 1951 ж. Мәскеу мемл. консерваториясының композиция класын (педагогтары Н.Я. Мясковский мен В.Г. Фере) бітірген. Қазақтың мемл. академ. халық аспаптары оркестрінің дирижері (1942 – 44), Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы (1953 – 55 және 1959 – 60) болуымен қатар 1953 жылдан Алматы мемл. консерваториясында пед. қызметпен айналысты. Т. музыканың алуан жанрында еңбек етіп, фортепьяно мен скрипка үшін пьесалар, симф. оркестр мен хорға арнап күрделі шығармалар жазды. 2-дүниежүз. соғыс тақырыбына жазған ән-романстары ("Соқ барабан”, “Жорық”, “Комсомол”) ерекше назар аударды. “Татьяна туралы ән” (Кеңес Одағының Батыры Зоя Космодемьянскаяға арналған), “Кестелі орамал”, “Тос, мені тос”, “Көп жүрдім” атты өзіндік муз. тілі мен романстары қазақтың кәсіби музыкасында романс жанрының қалыптасуына игі әсерін тигізді. “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Ой” атты Абай сөздеріне жазған романстарында композитор бұл жанрды суреткерлікпен дамыта түсті. Скрипка мен оркестрге жазған “Поэмасы”, “Амангелді” операсы (Брусиловскиймен бірге) Т-тың күрделі формадағы шығармаларының бастамасы болды. Симф. шығармаларының ішінде “Қазақстан” симф. поэмасы мен “Коммунизм оттары” кантатасы (1958, Жамбыл атынд. респ. сыйл.) қазақ музыкасында ерекше орын алды. Әсіресе, ән-хор шығарм-нда (“Отан”, “Жылқышы әні”, “Ақ мақта”, “Қырманда”, “Шахтер жыры”, “Жастар вальсі”) өзі өмір кешкен кезеңдік заман тақырыбы сәтті көрініс тапты. Т. шығарм-ның шарықтау шыңы, қазақ музыкасындағы аса елеулі туындылардың бірі – “Біржан – Сара” операсы (1946; КСРО Мемл. сыйл., 1949). Мұнда жеке адам тағдыры, бас бостандығы үшін күрескен Біржан мен Сара сынды өнер өкілдерінің шығарм. мен трагедиялық тағдыры терең тебіреніспен баяндалады. Т. өмірінің соңғы кезінде “Нияз бен Раушан” операсы (1953) мен “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” операсын (1960, екеуі де аяқталмаған) жазды. Ол Қа-зақ КСР-і мен ҚР-ның алғашқы әнұраны авторларының (Брусиловский және Л.А. Хамидимен бірге, 1945) бірі болды. Сондай-ақ драм. спектакльдер мен кинофильмдерге де музыка жазды; жеке дауыс пен фортепьяноға арнап қазақтың көптеген халық әндерін өңдеді. 4 – 5-сайланған Қазақ КСР-і Жоғ. Кеңесінің депутаты болған. Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Әдеб.: Жұбанов А., Мұқан Төлебаев, А., 1963; Нұрлы жүрек: М.Төлебаев туралы естеліктер мен мақалалар, А., 1983; Славный сын песенного края. Композитор Мукан Тулебаев. Сб. ст. Сост. Н.С. Кетегенова, А., 1999.
Ж. Рсалдин, З. Рсалдина