Мұғалім болу қиын ба?

30 Мамыр 2022, 14:22 8720

Шынында да мұғалім болу қиын ба? Ұстаздық жолы – жауапкершілігі мол, қызметі күрделі даңғайыр даңғыл ғой. Ұстаз болу – көпшіліктің ықыласына бөлену, ұстаз болу – талайдың сауабын алу, ұстаз болу – мейіріміңді өзгеге төгу. Нағыз ұстаз – болашақтың адамын қалыптайды. Нағыз ұстаз – ертеңгінің арманына қанат байлап береді. Нағыз ұстаз – ел мен жердің тұтастығын сақтайтын ұрпақтың ұстанымын қалыптастырады.

Бұрынғының адамдары «оқыған» сөзін көп айтатын. Тіпті одан да үлкен кісілер ілім-білімі мол жандар туралы «Жер асты оқуын оқыған», «Молданың алдын көрген» деген сөзді ескіде көп естігенін мысал қылғанды ұнататын. Бүгінгінің сөзі «Батыстың білімін алған», «Еуропа көрген» бола ма, жоқ өз елінің білімін алып, өзін күнде жетілдіріп жүрген адамға бағыттала ма – мәселе онда емес. Мәселе білімді мен біліктінің аты қай бәйгеден де озып келетіні туралы әңгіме. Оқығандар мен білімділердің һәм білімдіге жол көрсетер ұстаздардың бүгінгі жай-күйі қандай. Мектептің табалдырығынан енді-енді аттайтын баланың, жалпы мектепте білім алып жүрген оқушының, мектепті аяқтаған түлектің жеке әлемі, жеке көзқарасы, жеке ұстанымы бар. Таза, кіршіксіз, бала өз қиялындағы аяулы да қадірлі болашағына ұмтылғанда оған ұстаздың берер тәлімі көп. Мектеп қабырғасында жүрген оқушының да жеке азамат ретінде қалыптасуы үшін мұғалім орны ерекше. Білім ордасынан қанат қаққан түлектің де ұстазға айтар алғысы мол. Ендеше ұстаз болу – шынымен де үлкен жауапкершілік, зор аманат. Біздің бүгінгі кейіпкер Жанар Сәбетханқызы Абитова – шебер педагог, «Үздік педагог – 2019», PhD, ҰБТ сарапшысы, Абай атындағы РММИ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы. Жанар Сәбетханқызы бізге ұстаздықтың жолы мен жөні туралы әңгімелеп береді.


– «Алты Алаштың басы қосылса, төр – ұстаздікі» дейді. Қалай ойлайсыз, бүгінгі күні ұстаз төрінен түспеуі үшін не керек? Ұстаз мәртебесі заңдық-құқықтық тұрғыда анықталуға тиіс пе?

– Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев мұғалімдердің қоғамдағы орнын
ХХ ғасырда-ақ шегелеп кеткен. Рас, мұғалімнің орны – төр. Қазіргі таңда да мұғалім қоғамдағы тұғырынан түскен жоқ. Педагогтердің мәртебесі заңдық-құқықтық тұрғыда қорғалады. Оған дәлел – «Педагог мәртебесі туралы» Заң. 19 баптан тұратын бұл заң 2019 жылы қабылданды. Нұр-Сұлтан қаласында «Нұр-Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен заң жобасын талқылау отырысына практик-мұғалім ретінде қатысып едім. Ол заңның талқылану мәселесі де көз алдымызда өтті. Қазіргі қоғамда ұстаз мәртебесінің құқықтық тұрғыда арнайы зерттелгеніне бәріміз куәміз. Мен мысалға алған заңда мұғалімнің қоғамдағы мәртебесі, ұстазды материалдық тұрғыдан ынталандыру, жалпы бүгінгі ұстазға қатысты көптеген жайттардың бәрі талқыланып, түгел қамтылған. Сонымен қатар, педагогтің міндеті мен жауапкершілігі де заңда айқын көрсетілген. Қазір әр мектепте «Педагог этикасы» кеңесі де бар. Бұл кеңе педагогтің құқығын қорғайды әрі педагог этикасына сай жұмыс істеуін де талап етеді. Меніңше, әр педагог өз ісінің шебері болса, өз пәнін, педагогтік жауапкершілігін жоғары дәрежеде біліп, түсініп, нағыз ұстазға айнала білсе, қоғамда мұғалімдерге қатысты дау да туындамайды. Ұстаздың орны төрде екені анық, ұстаз сол төрінен түспеуі үшін ұстаздың жауапкершілігі жоғары, ал қоғамның ұстаз еңбегіне деген құрметі көп болуға тиіс деген ойдамын.

– Ұстаз болудың бес жақсылығы мен мен қиындығын атап бер десе, қандай жайттарды қозғар едіңіз?

– Сізге айтайын, жалпы мұғалімдер қауымы өте бір қызық, өте бір ерекше жандар ғой. Олар балаша қуанады, балаша өкінеді, баладай ренжиді. Шәкірттермен қатар жүріп ұстаздың көңілдері де бала-көңіл болып кеткен. Шәкірттің бір ғана жылы сөзіне бола марқайып, өз ісіне өзі риза болып, төбесі көкке жетпей қалады. Шәкіртінің бір ғана сөзіне сағы сынып, жабырқайды. Ұстаздар туралы көп нәрсені ерінбей-талмай айта бергім келеді. Сөзімді ұзартпай журналист, сатирик Үмбетбай Уайдин ұстазымыздың өлеңін мысалға алсам:

«Ақыл. Сана. Сабыр. Талас-тартысу –

Мұғалімнің табиғаты жалпы осы.

Бос уақыты ойдан басқа ойы жоқ,

Бос уақыты әрбір түннің жартысы».

Ұстаз туралы айтқан Үмбетбай ағайымның сөзіне толық қосыламын. Өзімнің педагогтік тәжірибемде байқағаным, мұғалім бар ынта-ықыласы, бар ойы, жан-тәнімен баланың өміріне тұтасып кетеді екен де, өз өмірін ұмыт қалдыраты екен. Ол рас сөз. Ұстаздың өзінің баласы үйінде ауырып жатуы мүмкін. Бірақ мұғалім бар пейіл, зейінін шәкіртіне бөлуден шаршамайды. Себебі ол – мұғалім. Ал мұғалім тұтас ұлттың тағдырына жауап береді. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі үлкен азамат, ертеңгі көшті бастап жүрер қара нар, ертеңгінің үкілеген үміті, ертеңгінің биік тұлғасы. Шәкіртіңіздің білімінде, тәрбиесінде бүгін мүлт кетсеңіз, он жыл, жиырма жылдан кейін оның зардабы тұтас ұлтқа тиюі мүмкін. Сондықтан да әр оқушымен жұмыс істеу барысында педагогтің жауапкершілігінде шәкірттің тағдыры, оның сыртында ұлт тағдыры, ұлттық идеологияның бары мен жоғы тұрғанын ұмытпау керек деп есептеймін. Ұстаз болудың жақсылығы да, мойынға артылар жүктің ауыртпалығынан туындайтын қиындығы да – осында. Ұстаз болу – көп баланың ең үлкен арманы. Себебі ол мектеп партасында отырып-ақ ертеңгінің тұлғасын қалыптап жатқан өз мұғаліміне еліктейді, өз мұғаліміне ұқсағысы келеді. Ұстаз болу қиын да шығар, бірақ ұстаздықтың мол алғысқа кенелуі бұл мамандықты ең ғажап маман иелеріне қосатыны анық.

Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби «Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» дейді. Меніңше бұл ұстаздың сіз сұраған ең жақсы мінезін сипаттайтын ұғым.

– «Ұстаз шәкіртін ұмытпайды» дейді. Сіз өз шәкірттеріңізді жазбай танисыз ба?

– Өте дұрыс айтасыз. Ұстаз өз шәкіртін ешуақытта ұмытпайды. Мектеп бітіргеніме 13 жыл болды. Сынып жетекшім зейнет жасында. Әлі күнге дейін бізге мектеп қабырғасындағы қызықтарды, оқушы кездегі мінез-құлықтарымызды түлектер кездесулерінде айтып отырады. Бір кереметі, 13 жылдың ішінде қаншама шәкірт алдынан түлеп ұшты, сонда да ұстазымыз бірде-бірін шатастырғаны емес. Әрбір шәкіртінің тегі, аты-жөні, тіпті отбасына дейін айтып, амандықтарын сұрап отырады. Бұл ұстаздың шәкіртіне деген зор махаббаты, үлкен тілеулі жүрегінің бір сипаты болса керек.

Өз мысалымда айтар болсам, жас болғандықтан, әлеуметтік желілерде белсенді болғандықтан шәкірттерімізбен байланысымыз әлі күнге үзілген емес. Оның үстіне біздің Дарын мектебінде түлектер қауымдастығы өте мықты жұмыс жістейді. Түлектеріміз мектептің іс-шараларына демеуші, өнерпаз түлектеріміз мектепке келіп өнерін көрсетіп кетіп жатады. Жалпы алғанда біздің түлектер мектеп-интернат тынысынан үнемі хабардар болып жүреді. Сондықтан біздің олармен байланысымыз үзілмеген, оларды ұмытып қалатындай, танымай қалатындай емес, жиі хабар алысып, хал-жағдайымызды өзара сұрасып жүреміз. Бұл біздің мектеп пен түлектер арасындағы ерекше бір жылы қарым-қатынастан туған мінез десек те болатындай.

– Сіз қызмет ететін ететін мектепте ұстаз бен шәкірт қандай ереже-талапқа бағынады?

– Меніңше, біздің мектепте де, жалпы барлық мектептерде де ұстаз бен шәкірт ұлттық моральдық талапқа бағынуы дұрыс сияқты болып көрінеді. Ал біздің мектепте ұлттық моральдік талап үлкен құрметпен сақталады. Олай дейтін себебім, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап біздің білім ордамызда қазақылықтың иісі аңқып тұрады. Оқушылар үлкендердің алдын кесіп өтпейді. Кіші сынып үлкен сынып оқушыларына «ағай-апай», «сіз» деп сөйлейтінін байқаймыз. Мектепке келген қонақтарды байқап қалса, оқушыларымыз қазақы дәстүрмен алдыларынан жүгіріп шығып, қол алысып, амандасып, жол көрсетіп, жөнін айтып жатады. Мектеп қызметкерлері де бір-біріне көмектесіп, жанашыр болып жүргені. Мұның бәрі де – ұлттық тәрбиенің үлгісі, қазақ даласы заңының кодтары оқушы санасына сіңгенініңбір белгісі деп білемін. Біздің мектепте ұстаз да, шәкірт те ұлттық тәлім-тәрбие өнегесін ұмытқан емес, керісінше сол өнегені бойына сіңіріп, көпшілікке үлгі етіп жүр деп толық сеніммен айта аламын.

– Мектеп-ата-ана-оқушы-ұстаз байланысы туралы білсек дейміз. Бұл байланыс деңгейі қандай болуға тиіс?

– «Мектеп-ата-ана-оқушы-ұстаз» одағы бір бағытқа қарамайынша, ешқашан жоғары нәтижеге жету мүмкін емес. Әркім өз принципімен өмір сүріп, әркім өз жағдайын жасап қалуды мақсат тұтса – «аққу, шортан һәм шаян» күнін кешеді. Жұмыс та өнбейді, ортада оқушы зардап шегеді. Сондықтан мектепке оқушы қабылданған сәттен бастап біз оқушымен қатар, ата-анамен де өте көп жұмыс жүргіземіз. Ата-ана мектептің миссиясын толық түсініп, мектеп-интернаттың тынысымен танысып әрі өзі де Дарынның бүгіні мен болашағына уайымдайтын деңгейге жеткенге дейін түсіндіру, бағыттау жұмысын атқарамыз. Себебі мектеп – өзіңіз мысалға алған «мектеп-ата-ана-оқушы-ұстаз» одағына үлкен құрметпен қарайды. Бұл одақтың мызғымас болуы әркімге артылған жауапкершілік дер едім. Осы одақтың жұмысын сәтті үйлестіре білу – өте үлкен еңбек, керек десеңіз үлкен өнер. Ол үлкен табандылықты, шыдамды, ең бастысы кәсібилікті талап ететін жұмыс. Бұл тұрғыдан алғанда біздің мектепте қажетті жұмыстар үйлестіріліп отыр деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен Ақбота Мұсабекқызы


Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: