"Мұқағали" фильмі халықаралық кинофестивальде жүлдесіне ие болды
12 Қыркүйек 2022, 23:09
1094
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі "Мұқағали" фильміне бұйырды.
Қазақстандық екі фильм Қазандағы халықаралық мұсылман кинофестивалінде жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды El.kz.
"Көрермен көзайымы" жүлдесін Татарстан мен Қазақстанның бірлескен жобасы – "Тарлан" фильмі алды. Марапатты табыстау үшін фильмнің режиссері Юлия Захарова, фильмнің қазақстандық тараптағы бас продюсері Алмагүл Тілеуханова және фильмнің бас кейіпкері Бекежан Маясаров шақырылды.
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі "Мұқағали" (Қазақстан) фильміне бұйырды. Бұл туынды қазақтың ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған және фильм оның өмірінің соңғы жылдарын баяндайды. Жүлде фильміндегі басты кейіпкерді сомдаған актер Асланбек Жанбалаевқа берілді.
"Мұқағали" фильмінің режиссері – Болат Қалымбетов. Фильмнің әлемдік тұсаукесері "Қараңғы түндер" 25-ші Таллин кинофестивалі (PÖFF) аясында өтіп, онда қазақстандық фильм экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды.
Осы жылдың наурыз айында биографиялық картина Кералада (Үндістан) өткен 26-шы халықаралық кинофестивалдің "Әлемдік кино" номинациясы бойынша ұсынылды.
7-11 қыркүйек аралығында Татарстан астанасында Қазан халықаралық мұсылман кинофестивалі өтті. XVIII Қазан мұсылман кинофестивалі аясында жұртшылық назарына кинофорумның конкурстық және байқаудан тыс бағдарламаларының 120-дан астам кинотуындысы ұсынылды. Кинокөрсетілімдерін 10 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Іскерлік алаңға Ресей аймақтары мен алыс-жақын шет мемлекеттерден киноиндустрия саласының 165 өкілі қатысты. Негізгі байқау бағдарламасына Түркия, Қазақстан, Үндістан, Иран, Бангладеш, Мысыр фильмдері, сондай-ақ бірлескен өндірісте түсірілген екі фильм кірді. Биыл әлемнің 44 елінен барлығы 625 кинотуынды тіркелген.