Ұлытаудағы «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі

16 Шілде 2018, 12:08 1797

11-14 шілде күндері Ұлтымыздың ұясына айналған Ұлытау мекенінде дүбірлеп І Халықаралық «Жезкиік» музыка фестивалі өтті.

Алғашқы күні қатысушылар мен қонақтарды қарсы алған ұйымдастырушылар фестивальдің шымылдығын этномузыкалық салтанатты кешімен ашты.

Фестиваль қатысушыларын құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов келді.

Министр А. Мұхамедиұлы жүрекжарды құттықтау сөзінен соң, мемлекетіміздің Президенті Н. Ә. Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Құттықтауда «Құрметті ханымдар мен мырзалар! Сіздерді «Жезкиік» І Халықаралық музыка фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан аталмыш шара еліміздің мәдени өміріндегі ең маңызды оқиға болып қалатынына сенімдімін. Сондай-ақ бұл фестиваль қазақ ұлттық өнерін күллі әлемде насихаттауға септігін тигізеді деп сенемін» делінген.    

Кеш ертеңінде фестиваль қонақтары Ұлытауда арнайы құрылған этноауылда «Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филормониясының» фольклорлық ансамблі өнерпаздарының өнерін тамашалап, ұлттық ойындар көрсетілді.

Сонымен қатар «Ұлытау» тобы, Қарағандылық «Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің» солистері мен ұжымдарының әуендері мен әндері этноауылда әуелете шырқалды.

Жалпы фестивалдің мақсаты Қазақстанның материалдық құндылыққа енбейтін мәдени мұраларын дәріптеуге, қазақ фольклорын насихаттауға, классикалық музыкаға ден қоюға, туризмді дамытуға, халық өнерін әлемге тарауына бейімделген.

Ұйымдастырушылардың пікірінше мұндай фестиваль өлкенің туризмін дамытуға үлес қосады. Ол үшін арнайы визиттік орталықтың құрылысын бастау көзделіп отыр. Туризмді дамытуды қолға алу үшін сол аймақта туристік бизнес, қауымдастықтар және мемлекеттік органдардың қатысуымен туроператорлардың форумы да өткен болатын.

«Жезкиік» фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның қасиетті жерлері», «Туған жер» жобаларын кеңінен насихаттап, таныту үшін ұйымдастырылған. Маңызы зор мәдени бағдарламаға Түркия, Тәжікстан, Ресей, Польша, Перу, Мексика, Франция, Шотландия, Жапония және Қазақстанның фольклор ұжымдары қатысты. Үш күнге ұласқан шара ұлы даланың ажарын кіргізіп, ұлтаралық қарым-қатынасқа өң бергендей әсер тудыртты.

Кештің соңғы күнінде классикалық концерт кеші өтіп, шетелдіктердің алдында қазақ классикасының бұлбұлы, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева өнер көрсетті.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: