Ұлытау түлеткен ақын!

29 Қыркүйек 2014, 10:46

Қасиетті Ұлытау топырағынан тамыр алып, бүгінде ұлттың сөзін сөйлейтін тұлғаға айналған ақын Жүрсін Ерманның поэзиясы оқыған адамды бей-жай қалдырмасы анық.

(Жүрсін Ерманның шығармашылығы хақында)
Қасиетті Ұлытау топырағынан тамыр алып, бүгінде ұлттың сөзін сөйлейтін тұлғаға айналған ақын Жүрсін Ерманның поэзиясы оқыған адамды бей-жай қалдырмасы анық. Ол қазақтың қамын тек айтыс сахналарынан ғана саңқылдап айтқан жоқ, оңашада өлеңмен сырласқан сәттерінде де бір сәтке есінен шығарған емес. Жүрсін Ерман – өзі өмір сүрген қоғам мен адам тағдырын ұштастыра жырлауда шеберлік биігіне көтерілген шығармашылық иесі. Ақын шығармаларының көркемдік қуаты, парасат-пайымы өте жоғары. Бұл ретте ол өлеңге алғаш қадам басқан сәттінен-ақ алдыңғы толқын ағалардан да, өз замандастарынан да өзіндік бағасын алған, мойындатқан ақын екенін бұған дейін жазылған сын-рецензиялардан аңғаруға болады. Мәселен, алдыңғы буындағылар «Ол менен жас жағынан көп кіші болғанымен, ой алымы, дүние танымы артық болмаса, кем еместей»  (Т.Молдағалиев) немесе «Әу дегеннен-ақ өз тұстастары арасынан суырыла алға шығып, ойлы да орнықты сыры, беделді де бейнелі жырымен қазақ поэзиясы сарбаздарының сапына екпіндей келіп кірген дарынды жастың сол жылдарғы жүрдек те жүйрік қалам алысы мен қанат қағысына қызыға қарағанмын» (С.Иманасов) деп жүрекжарды лебіздерін айтса, қатарластарынан «Дүниені тұтас поэзия деп қарап, «шайқатылып жүрген» шақтарда, сахараның сан тарапынан оқуға емес, ақындар съезіне толықсыған жігіттер жүздескен бетте Жүрсінді «таза ақын» деп таныды. Бұл жаңа бастаған жас талапкерге аз олжа болмайтын» (А.Егеубаев) деген тебіренісін жеткізеді. Осындай пайымдағы пікірлерді Т.Медетбек, С.Ақсұңқарұлы, Н.Айтұлы т.б. ақындар білдірсе, академик С.Қирабаев бастаған сыншы ғалымдар тобы да ақын шығармаларына жоғары баға береді. Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырған себебіміз, жоғарыдағы айтылған пікірлер ақын шығармаларының бұдан қырық жыл бұрын қазақ поэзиясының төрінен ойып тұрып орын алып, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай, биіктен биікке өрлеп келе жатқандығының айғағы екендігін білдіреді. 
Жүрсін Ерман – қазақтың барлық талантты ақындары сияқты ауылда туып, дархан даланың тәрбиесін көрген, жастайынан тылсым табиғатпен сырласқан сахараның ұланы. Ол өзінің кіндік қаны тамған Ұлытауын жанындай жақсы көреді. Қаймана қазақтың құт мекені болған сол Ұлытауы арқылы ұлтына деген махаббатын шынайы сезіммен жырға қосады. 
Ұлытаудың ұраны ұлар, ұлар,
Ұлары жоқ бұл таудың мұнары бар.
Ұлы тастың алдында ұяттымыз,- 
Кім ауырар ұяттан, кім арылар?
Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің,
Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.
Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,
Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім,
Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің!
Жүрсін Ерман тек туған жер ғана емес, кез-келген тақырыпта толғана отырып ұлт басындағы күрделі мәселелерді астастыра суреттеу оның үйреншікті әдісі іспеттес. Ақынның өлең жазу мәнерінде, өзінің ішкі ойын, бұлқынысын беру шеберлігінде ешкімге ұқсамайтын ерекшелік бар. Мысалы, «Үшеу» деген өлеңіндегі Ұлытаудың етегінде «тойлатып» отырған үш қазақтың бейнесін алайық. 
Қайдағы бір қасіреттер іш өртеп,
Заһар ғой деп зарыққанда ішер тек.
Ұлытаудың етегінде күн бата,
Үш шөлмекті ішіп тұрмыз үш еркек.
Таужуаның түбірімен тіс қажап,
Сөнген өрттей басылсын деп ішкі азап.
Үш жүзіңнің басын қосқан бөктерде,
Үш жүз грамм ішіп тұрмыз үш қазақ.
Үш кісіміз сыңарындай үшемнің,
Үш баласы секілдіміз үш елдің.
Үшбу сөздер ажыратса араны,
Шарап емес үш шөлмектен ішем мұң!
Былай қарасаң әр ауылда болып жатқан күнделікті күйбең тіршіліктің қарапайым бір көрінісі сияқты. Ал астарына үңілсең, арамыздағы басы қосыла қалған жерде ру-руға, жүз-жүзге бөлінетін, ұлтының болашағына шөлмектің өлшемімен қарайтын бейғам, өресіз адамдардың бейнесін көріп, іштей қынжыласың. Осы бір балталасаң бұзылмайтын шымыр шумақтардан бүгінгі қазақтың қайғысы мен қасіретін, мұңы мен мұқтажын айна-қатесіз танисың. Қарапайым ғана оқиғалар арқылы ұлттық проблемаларды, адам­заттық мәселелерді көтеру – Жүрсін Ерман шығар­машылығына тән ерекшелік. Оның осы бағыттағы әр өлеңінің арқалайтын жүгі қорғасыннан ауыр!
Ақынның ауылда өсіп, қалаға қоныстанған қазақтың танымын, табиғатын өлеңге айналдыруы да өзінше. Көп ақындар қала тіршілігі туралы әр түрлі тақырыптарда өлең жазды. Біреулер тас көшеден тарыққанда ауылының қысы мен жазын еске алса, біреулер жазиралы жайлауы мен ауы­лының түтінін сағынып, қаланың тіршілігінен шаршағанын сарыуайымға салына өлеңге қосты. Ал Жүрсін ақын сол жайлаулар мен қыстауларды қаладағы өз үйінің ішінен тауып алады. 
От жақпаймыз күйелеш күл шығарып,
«Құдығымыз» көрген жоқ бір суалып.
Көршің итпен сөйлесіп отырады,
Иланбасаң үйіне кірші барып.
Елдегілер еткенмен осыны аңыз,
Біз ішінде жүрген соң – шошынамыз.
Төрт қабырға қыстауың, Ал жаз шықса,
Балкон деген жайлауға асығамыз.
Байқап отырғанымыздай, ақынның өлеңдері құрғақ сарыуайымнан ада. Жырларында сағыныш жоқ дей алмаймыз. Өмір бар жерде өлең бар. Өлең бар жерде сағыныш пен мұңның жүруі заңдылық. Тек Жүрсін сағынышын сарылып айтпайды. Айтар ойын дәл жеткізе біледі. Өлеңдерінің астарынан аңқыған сағыныш самалы есіп тұрады. Оны тек жаныңмен сезініп, көңіліңмен түйсіне білуің керек. Ол ақындық сезімталдықпен күнделікті өмірде адамдарға байқала бермейтін детальдарды көреді және оны шығармаларында өте сәтті пайдаланады. Өлеңдері негізінен динамикалық қозғалысқа құрылып, әдебиеттегі көркемдік тәсілдерді молынан пайдаланып, үсті-үстіне дамып отырады.
Жүрсін Ерман – өр рухты ақын. Замандастары оны бірде Махамбеттің жалғасы десе, бірде Қасымның ізбасары деп әспеттейді. Оны кейбіреулер «көпіртіп» асыра мақтау деп қабылдар. Бірақ шығармаларымен тереңірек танысқан адам ол ойдан бірден арыларына күмәніміз жоқ. Оның өмірдегі мінезінде де кейде бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтатын, кейде әзіл­дей отырып, мақтамен бауыздайтын бірбеткейлігі бар. Сол мінезін шығарма­шылығынан да жазбай танимыз. Бүгінгі қоғамның күрмеулі тұстарын бас­пасөз беттеріндегі сұхбат­тарында ашық айтып жүр­ген ақтаңгер ағамыз ордалы ойларынан қолына қалам ұстап, өлең жазған кезінде де іркіліп қалмайды. Шырқыраған шындықты шымбайыңа батыра отырып, көркем тілмен шебер жеткізеді. Жұрттың өзін ұлыларға ұқсататынын ақынның өзі де жасырмайды. Мәселен «Махамбет және біз» деген өлеңінде:
Көңіл қошы болғанда кей күні ағам:
- Махамбетке ұқсайсың, - дейді маған.
Оңашада айнаға көз тастасам – 
Шынында да Махаңмын. Айнымаған.
Ұқсайтындай түрім де, тұлғам да оған,
Жүрісім де ұқсайды бұлғаңдаған.
Қасіретім менің де қара түндей,
Кездерім аз секілді мұңданбаған.
немесе 
«Жыр – аманат» деген өлеңінде:
Қайтер ем: кемел Қасым – болмаса үлгім,
Басқа емес, жалғасымын сол Қасымның.
Қит етсем тобығымнан қағып түсер,
Менің де табылады жолдасым мың.
Мен – солмын, сол баяғы, сол Қасыммын,
Тілеймін иілмеуін өр басымның.
Алдаспан жияр болсаң – алмасыңмын,
Қорытып құяр болсаң қорғасынмын, –
деп толғанады. Жүрсіннің жырларынан басы артық буын, орны ауысқан бунақ, ақсаған ұйқас дегенді кездестіре алмаймыз. Қай өлеңінде болмасын сақаға қорғасын құйғандай ептілік пен тектілік бар. Шабыты шамырқанса, Ұлытаудың ұйысқан бұлтындай төгіп-төгіп жібереді. Бірақ төктім екен деп артығымен асып-төгілуден аулақ. Әр шығар­масында сөзге сауаттылығы, ойға байлығы, өлең­дерінің мазмұн-маңыздылығы менмұндалап тұрады. Көп жазып, көпіршіген көбік сөзге ұрын­байды. Оның өлеңдері сонысымен өміршең, сонысымен құнды.
Ақын Жүрсін Ерманның өлеңдерінің тақырыбы да әр алуан. Ел мен жер тағдыры, адам мен қоғам арпалысы, махаббат пен машақат баяны, өмір мен өлім күресі, тылсым табиғат ұғымы сияқты өзекті тақырыптарды жырлауда тынысы кең тұлпардай көсіледі. Оның барлық ақындардың мәңгілік тақырыбына айналған махаббат сезімін жырлауы да өзінше ерекше. 
“Түнгі такси” өлеңіндегі түрік қызы Ларисаға, Кубадағы Гавана қызы Жагаға арналған өлеңдері сөзіміздің айқын мысалы. Мұнда өліп-өшіп ғашық болудың белгісі жоқ. Жастықтың желігімен серілік құрған өткінші ақындық сезім ғана көрініс тапқан. Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің негізгі лирикалық кейіпкері ретінде жан-жары Бақытжамалдың образы тамаша бейнеленген. Ол бір өлеңінде:
Ей, ардақты анасы үш баламның,
Есіңде ме мен белден ұстаған күн.
Қараң қалған күн болып көрінетін,
Маған сені сүймеген, құшпаған күн.
Мұқалсам да жүзіндей ұстараның,
Өзің барда мен әлі ұшталамын.
Болсын десең дұшпанға жүзің жарқын – 
Жүру керек қасында күшті адамның, –
деп өмірлік қосағының отбасындағы орынын көтере суреттейді. Жүрсіннің махаббат сезімін жырлауының өзінде жар іздеп жасыған, қажыған, таусылған адамның сөзі емес, керісінше, батыл сөйлеген жігіттің азаматтық өр үні естіледі. Оның “Әйелге ода” деген өлеңі қазақтың қай тойына барсаң, асабалардың тіліне тиек болып, көпшілік­тің көңіліне көрік беріп жатады. Жалпы халыққа өлеңнің теңіздей тереңдігінен гөрі “тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігі” қажет. Қарапайым жұрт­тың Қасым мен Мұқағалиды жатқа соғатын­дығы да содан болса керек. Ендеше Жүрсін Ерман да “күпі киген қара өлеңге, шекпен жауып” жүргендердің сойынан екендігі даусыз. Ақын шығарма­шылы­ғының барлық қырын бір мақалада ашып айту мүмкін емес. Сондықтан осы жерден ойымызды қорыта келе атамұра айтысты алға сүйрей жүріп, жазба поэзияда да Алатаудай биігінен аласармаған ақын ағамыздың шығармалары Қазақстан Республикасының 2012 жылғы Мем­лекеттік сый­лығын алуға әбден лайық демек­піз. Осы жолда күллі Алаш жұртының ардақтысына айналған абзал азаматына сәттілік тілейміз!
Серікзат Дүйсенғазин,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты
Бөлісу: