13 Қараша 2014, 06:44
Дөңгелек үстелдің жұмысына ҚР Мәжілісінің депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым мен мемлекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары қатысты.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбатында айтылған руханиятқа – дін мен тарих саласына қатысты келелі ойларын талдап-таразылау, сұхбаттан туындаған ой-пікірлерді ғылыми-сана елегінен өткізіп, көпшілікке ұсыну болды.
Іс-шара барысында рухани тарихты зерттеп-зерделеудің ерекшеліктерін, әдістемелік және тәжірибелік қырлары талданып, өскелең ұрпаққа тереңдей таныстыру жолдары қарастырылды. Сонымен бірге, қазіргі діни ахуал жағдайындағы рухани дәстүрлер сабақтастығының жай-күйі таразыланып, дін және дәстүр сұхбатының рухани мәдениетті қалыптастырудағы мән-маңызы айшықталды.
Дөңгелек үстел барысында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов: «Бүгінгі басқосудың баршамыз үшін маңызы ерекше. Өйткені біз дөңгелек үстел басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ұлытау төріндегі тарихи сұхбатынан туындаған тағылымды ойларды ортаға салып, ұлт руханиятының іргесін бекіте түсуге тағы бір қадам жасағалы отырмыз. Мәңгілік елдің тірегі – мәңгілік құндылықтар. Көнермес құндылықтарға бай тарихымыз бен өткеннен өнеге ала білген бүгініміз бізді бағдары айқын болашаққа жалғастырады. Осы бағыттағы сотқалы ой, сындарлы пікірлерді сарапқа салған Ұлытау сұхбаты бүгінгі Қазақстан қоғамының рухани жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айғақтайды», - деп атап өтті.
Баяндамашылар сөздерінде діни және ұлттық құндылықтарды зайырлы мемлекет қағидаттарымен үндестікте өміршең ету жолдарын сарапқа салды. Руханият саласындағы кешенді зерттеулер мен мазмұнды іс-шараларды ұйымдастыру, жолға қою және насихаттау арқылы рухани жаңғырудың жаңа кезеңін тиімді түрде жүзеге асыру мүмкіндіктері белсенді түрде талқыға салынды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар тарапынан қарар қабылданды.
Дөңгелек үстелде сөз алған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановтың кіріспе сөзі мына жерде.