Ұлытау облысында белгісіз аурудан мал қырылып жатыр

27 Шілде 2022, 01:39 2230

Індет тарағалы бір айдың көлемінде 64 ірі қара қырылды.

Ұлытау облысында белгісіз аурудан 70-тен астам ірі қара қырылды, деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ауру тек сиырларға жұғып жатыр. Нұр-Сұлтан мен Қарағандының ветеринарлық зертханалары екі түрлі қорытынды жасап отыр. Фермерлер әртүрлі қорытындылар кесірінен тиісті ем тағайындалмағанына шағымданады.

Мал ауруы Жезқазғаннан 320 шақырым жердегі Көктабан қыстағында тіркелген. Облыстағы ең ірі Мибұлақ ауылдық округінде 150-ге жуық қыстақ бар. Жергілікті шаруашылықта сиыр мен жылқы өсіріледі. Індет тарағалы бір айдың көлемінде 64 ірі қара қырылды. Бірінші дерек 18 маусымда тіркелген. Шаруалар бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін екендігін айтады. 

Аурудың көрінісі барлық сиырларда бірдей: мала күйсеуін тоқтатып, іші өтіп, қарны қабырғасына жабысып, арам өліп жатыр. Ал, сауын сиырлар суалып, бірнеше күннен соң арам өліп қалады. 

Облыс және аудан ветеринарлары патологиялық-биологиялық сынамаларды алып, Нұр-Сұлтан мен Қарағандыға жіберген. Екі жақтан екі түрлі диагноз келген. Бірі инфекциялық ауру – ринотрахит деп қойса, ал екіншісі – кенеден тейлериоз жұқтырған деген қорытынды шығарды. Алайда, тұрғындар бұл шешімдермен келіскілері келмейді.

– Малды сойған кезде қаны су сияқты ағып кетеді. Егер кене ауруы болса, бірден байқалар еді. Менің ойымша, бұл басқа ауру. Кене ауруы пайда болған кезде сиырдың сүті жоғалады және мал аузынан суы ағып, құлап жатады. Диагноз дұрыс қойылмаған. Жақында олар келіп, температураны өлшеп, қан алды. Өлген сиырдың басын кесіп алды. Олар температура бар деді. Егер бұл жұқпалы ауру болса, онда ол сиыр арқылы бұзауға беріледі, содан кейін адам жұқтыруы мүмкін, - дейді шаруа қожалығының басшысы Жеделбай Жанмайлов.

Осы аурудан көрші 3 қыстақта 10-ға жуық сиыр қырылған. Қалған малды құтқару үшін ауыл тұрғындары барлық органдарға жүгінген. Қазір шаруалар тиісті егулер жасап, жануарларды жергілікті ветеринар тағайындаған препараттармен емдеп жатыр. Алайда, әзірге нәтиже жоқ.

Бөлісу: