Ұлы Жібек жолының рөлі: көшпелі және отырықшы мәдениет

20 Мамыр 2015, 09:32

Ұлы Жібек жолы шын мәнісінде көшпелі және отырықшы мәдениеттер тоғысуының адамзат тарихында ең маңызды тәжірибесі болғандығы жөнінде айғақтар жеткілікті.

Ұлы Жібек жолы шын мәнісінде көшпелі және отырықшы мәдениеттер тоғысуының адамзат тарихында ең маңызды тәжірибесі болғандығы жөнінде айғақтар жеткілікті. Бұл, мысалы, 1991 жылы Алматы қаласында ЮНЕСКО өткізген халықаралық семинардың басты тақырыбы болды. Халықаралық қауымдастық Ұлы Жібек жолына тек тарихи-мәдениет артефакт ретінде қарап қоймай, оның қазіргі шиеленіскен, жанжалдарға толы әлем үшін де маңыздылығын атап өтті. Сол себепті ЮНЕСКО Ұлы Жібек жолы туралы арнаулы екі ірі бағдарлама қабылдады: «Адамды қоршаған орта» және «Мәдениет пен болашақ». Оның үстіне қазіргі ақпараттық қоғамдағы көшпеліліктің жаңа рәміздерін ескерсек, онда талқыланған тақырыптың маңыздылығы күдік туғызбайды.

Ұлы Жібек жолы мәдениеті тәжірибесінен туындайтын тарихи сабақтың бірі – еуропоцентризмдегі номадизмді қалалық мәдениетке қарсы қою. Бұл жерде басты ұсынылатын тезис – көшпелілер қалалық мәдениетке қарсы қиратушы күш болды.

Осы мәселені нақтылы талдау мақсатында ортағасырларда көшпелілердің арасында болып қайтқан мұсылман және еуропалық саяхатшылар мен зерттеушілердің кейбір айғақтарын келтірейік.

Әл-Мұхтадир халифтің Бұлғар патшалығына жіберген елшісі Ахмад Ибн-Фадлан естеліктерінде отырықшы славяндар, бұлғарлар, хазарлар мен көшпелі түркілік ұлыстардың арасында тығыз байланыс болғандығы анық айтылды: әрине, Ибн-Фадлан, араларында өзі болған оғыздардың мәдениетін, арабтікінен мүлдем басқаша бағалайды: «Оларды Ғұз елі деп атайды екен. Өздері көшпелі, үйлеріне жапқандары жүннен басылған киіз, жайлаудан-жайлауға көшіп-қонып жүреді. Үйлерінің бірі анда, бірі мұнда, шашыраңқы. Көшпенділердің тірлігі осындай, ешбір сүйсінетін жері жоқ. Өздері жолынан көз жазып, адасқан, аллаға сыйынатындары – өздерінің ата-бабалары мен қарт-қариялары. Егер олардың біреуі өз руының көсемінен кеңес сұраса, ол: «Ой, тәңірі-ай, менің қолымда не тұр?»  дейді. Барлық істі олар өзара кеңесіп шешеді. Егер бір нәрсеге мойын қойып кіріскен болса, олардың жаман-жәутігіне дейін сол жоспарды қайта бұзып жібере алады.

Олар дене, тән тазалығына аса мән бермейді, іш дәрет алмайды, беті-қолын жумайды. Су дегенді, әсіресе қыс айларында, біле бермейді. Әйелдері беттері мен дене мүшелерін ерлерден жасырмайды. Бірде біз сол елдегі бір адамның үйінде қонақ болдық. Оның әйелі бізбен қатар отырды. Әңгіме үстінде әлгі әйел басындағы жаулығын алып, қасына тастады. Біз бетімізді жауып алып: «Кешіре гөр, жаратушы ием» дедік. Үй иесі күліп, тілмашқа: «Сен бұларға айт, біз бұл кимешекті сіздердің алдарыңызда ашып отырмыз. Ол айып емес. Әйел өз абыройын өзі қорғайды. Басқаға жол жоқ. Бұл жаулық тұмшаланып жүрсе де, бойын алдырып алғаннан көп жақсы» депті. Олардың әйелдері басқалармен көңіл қосуды білмейді. Егер ондай жағдай байқала қалса, сол адамның денесін қақ айырып өлтіреді. Екі теректің басын иіп тұрады да, біріне қолын, біріне аяқтарын байлап қоя бергенде, бұты – бұт, қолы – қол болып бөлініп қалады».

Егер біз отырықшы елдердің көшпелілерге жалпы менсінбей қарауынан сәл көтеріле білсек, көшпелілердің өзіне тән мәдени реттеу тетіктері болғанын көре аламыз. Осыған тіпті көне заманның өзінде атақты скиф ғұламасы Анархсис өте дәл жауап бере білген: «Сіздер, грек тілі әріптерін анық айтпайтын, менің тіліме күлесіздер. Афиндіктер скиф тілінде нашар сөйлейтіні сияқты. Анахарсис грек тілінде нашар сөйлейді. Әңгіме адам игіліктері болып тұрғанда, мәселе тілге емес, ал бір грек басқа гректен ерекшеленетін, олардың көзқарастарына келіп тіреледі. Спартандықтар таза аттикалық мәнермен сөйлесе алмағанымен, алайда өздерінің ерліктерімен әр жерде данққа бөленген және жаппай құрметтелуге лайық. Скифтер қажетті нәрсе туралы айтылған сөздерді жазғырмайды, бірақ бос сөздерді құптамайды. Сіздер өздеріне емшілерді Египеттен, кеме жүргізушілерді Финикиядан шақырасыздар, тек сатушылардың грек тілінде жақсы сөйлейтіндерінен, оларға тиесіліден артық төлемей, керектеріңізді базардан сатып аласыздар.

Ибн-Фадлан көшпелі түркілердің құдайлары жабайы сенімді емес, ал сол қоғамдағы келеңсіздіктерден адамдарды қорғау қызметін атқаратынына назар аударады. Ибн-Фадлан былай дейді: «Дінді білмегендіктен оларда мынадай наным бар екен. Әр адам бір тұтам ағашты кесіп алып, төсіне іліп қояды. Жолға шықса немесе дұшпанына кезіксе, ағашты сүйіп: «О, тәңірім, маған жар бола гөр» деп сыйынады. Мен тілмашқа бұрылып: «Бұлардың бірінен сұрап көріңізші, бір тұтам ағашты байлап жүрудің нендей сыры бар? Оған не себепті «тәңірі» деп сыйынады?» дедім. Сонда ол: «Менің тегім басында осындай ағаштан жаралған, сондықтан одан басқаға біз сыйынбаймыз» деп жауап қатты. Олардың біреуі өзі сыйынатын тәңірінің саны он екі екенін айтты. Олар: «қыс иесі, жаз иесі, жаңбыр иесі, жер иесі, ағаш иесі, адам иесі, жылқы иесі, су иесі, күн және түн иесі, ажал иесі, жел иесі, ал аспандағы тәңірі – солардың ең үлкені. Бұлар бірінің ісін бірі қолдайды. Әр заттың иесі не ұйғарса, басқалары соған келіседі. Тәңірі солардың бәрінен де жоғары, ұлы, бұзық ниетке салынғандарға жол бермейді» деді.

Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпелілер мен отырықшы (қалалық) мәдениеттердің арақатынасын қарастырғанда, олардың түбегейлі бөлек құрылымдарда – қала және көшпелі қауым бірігетінін есте ұстаған жөн. Қала ең басынан қолөнер мен сауданың орталықтары, иерархиялық жүйелердің әкімшілік орталықтары ретінде қалыптасты. Алайда өркениеттің аграрлық толқыны үстемдік етіп тұрған шығыстық (әсіресе, суармалы империялар – Қытай, Үнді, Халифат т.т.) жүйелер номадтармен материалды және рухани мәдениет өнімдерімен айырбас жасауға мүдделі болды.

Қол өнершілер көшпелілерден тері, жүн, сүйек сияқты өнімдерді алып тұруға мүдделі болды. Бұл әсіресе Орталық Азияға тән болды. Зерттеушілер атап өткендей, Қарахандар мемлекетінде көшпелілерден шыққан билеушілер қыста қалалардағы сарайларында болғанымен, жазда міндетті түрде жайлауларға көшетін болған.

Ұлы Жібек жолы бойында көшпелілік және қалалық мәдениеттердің арасындағы байланыстарда, әрине, қақтығыстар мен соғыстар болып тұрған. Алайда ортағасырлдарда соғыс, біріншіден, отырықшы империялар мен мемлекеттердің арасында да жиі орын алған. Екіншіден, отырықшылар мен көшпелілердің арасында уақыт жағынан соғыстардан гөрі бейбіт өмір сүру көбірек болған. Себебі олар бір-бірінен тәуелді еді. Үшіншіден, мысалы, Шыңғыс хан шапқыншылығының нәтижесінде қалалардағы көптеген қолөнершілердің жойылуы олармен байланысты көшпелі құрылымдардың да қиратылуына әкелді. Өйткені айырбас адамдық қатынастардың әмбебап, құтты, креативті формасына жатады. Айталық, Ұлы географиялық жаңалықтардың нәтижесінде Еуропадан Шығысқа қарай теңіз жолының ашылуы Ұлы Жібек жолының маңызын төмендетті және бұл аталған аймақта бұл мәдени құлдырауға әкелді.

Белгілі этноантрополог О.И. Исмағұлов Ұлы Жібек жолы бойындағы этномәдени процестер Орталық Азия халықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарды деген тұжырымға келеді. Бұл әсіресе осы аймақ халықтарының нәсілдік типтерін ерекшелеуде шешуші қызмет атқарды, нәсілдердің араласуы нәтижесінде тұрандық (оңтүстіксібірлік) нәсіл қалыптасты, оның субстратында басым моңғолоидтік элементтермен қатар үндіеуропалық нәсіл де өз үлесін қосты.

Мәдениаралық ауысулардың мысалына ұсталық өнер жатады. Бұл көшпелі және отырықшы мәдениеттердің арасында тек қарапайым натуралды айырбас емес, сонымен бірге технологиялық алмасулардың болғанын да көрсетеді. Қолөнерлік және сауда орталықтарында, әсіресе Ұлы Жібек жолы аймағында, кумулятивтік «ортақ өндіріс» қалыптаса бастады. Мысалы, сауда керуендері дем алатын орындарда зергерлік бұйымдар, кілемдер, қоржындар, ат әбзелдері т.т. үнемі сатылып жатты. Олардың көпшілігін көшпелілерден шыққан ұста, шеберлер дайындады.

Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпелі қолөнершілердің үлкен жетістігіне қыш құмыралар жасау өнері жатады. Мысалы, қыпшақ даласының аймағы Сығанақта қышты өндеудің ерекше бір стилі қалыптасқан. Оны Ж. Гарден «дала керамикасы» деп атайды. Ұлы Жібек жолы көшпелі мәдениеттің әлеуметтік құрылымын өзгертіп және күрделендіріп жіберді. Ж.К. Гарденнің сараптауы бойынша, артефактілер мен экофактілер негізінде номадтардың арасында малшы-көшпелілермен қатар, симбиотикалық типтер, түйе айдаушылар, қарауылдар, күзетші иттерді тәрбиелеушілер, т.б. пайда болды.

Ұлы Жібек жолы бойында көшпелілер мен отырықшылардың арасындағы қарым-қатынастардың төмендегідей модельдерін атап өтуге болады:

- Сауда-саттық қатынастар басым болып келеді. Оған шөлдер мен тастақтардың ортасындағы оқшау мәдениеттер жатады.

- Уақытша саяси бірігулердің нәтижесінде пайда болатын байланыстар. Мысалы, Хорезм және оның маңайындағы шөлейт аймақтар.

-  Бір мәдени ареал шектеріндегі  тұрақты қарым-қатыстар.

- Көшпелілердің  өзен аңғарларына жаппай қоныс аударуынан қалыптасатын қарым-қатыстар

Орталық Азияда көшпелілер рөлінде әдетте түркі тайпалары, ал отырықшы жер өндеушілер сапасында иран тілді халықтар әрекет етті. Орталық Азиядағы мәдени ауысуларда атақты скиф триадасы (салтаттылар өркениеті, әскери демократия және аң стилі) маңызды рөл атқарды. Археологтардың деректері бойынша, «ат иесі» сюжеті Антика мен Уғаритте, Пазырық қорғанында, бүкіл Орталық Азияда кездесіп отырды. З. Самашевтің түсіндірмесіндегі бұғытастағы жылқыны екі жыртқыш талап жатқаны туралы тастағы кескін Монғолия мен Крит аралында қатар табылды.

Ұлы Жібек жолы мәдениетінің қалыптасуындағы тағы бір факторға отырықшы елдерді жаулап алған көшпелілердің өмір салтын түбегейлі өзгертуінен де көрініс табады. Бұл бір жағынан әбден өзгеріссіз тұрақтанып қалған қоғамдарға мәдени серпін беріп, оларды жаңа талаптарға икемделуіне мәжбүрледі. Мысалы, II-IV ғасырларда ғұндардың бір бөлігі Соғды арқылы өтіп, бұрынғы қушандықтардың иеліктерін тартып алады. Бұрынғы малшылар өз жайылымдарынан айырылғаннан кейін қалалықтар мен жер өңдеушілердің қатарын толықтырды, олар жаңа кәсіптерді меңгеруге тиіс болды. Көшпелілердің билеушілері жаңа жұмыс күшін сауда-саттықты нығайтуға бағыттады және өзінің бұл әрекетінде осы саудадағы ыңғайлы соғдылық элитаға сүйенді. Ұлы Жібек жолы бойында соғдылық мәдени экспансиясы жаңа қуатқа ие болды.

Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени қарым-қатынастарының үдерісі нәтижесінде өнер саласында да жаңа феномендер мен стильдер қалыптаса бастады. Бұл процесті тіпті монғол шапқыншылығы да тоқтата алмады.

Мәдениеті жоғары аймақтарда билік жүргізіп тұрған Шыңғыс хан ұрпақтары тез уақытта жергілікті халықтың мәдениетін қабылдады. Сонымен бірге көшпелілер қол астындағы халық арасына өз мәнерлерін, рәміздерін, әлеуметтік реттеу тетіктерін алып келді. Мысалы, ХІІІ ғасырдан бастап Орталық Азияда «Темірлан стилі» немесе Ирандағы «Монғол стилін» алсақ, онда Қытайдағы фарфор өнеріне  еліктеу нәтижесінде туындағын «Кобальт типін» атап өтуге болады.  Бұл стильде ақ және көк түстерге басымдық берілді, өйткені бұл түстер көшпелілер арасында қасиеттілік, тазалық, әділдікпен теңестірілген болатын.

Дәл осындай процестер Оңтүстік Қазақстан аймағында да жүріп жатты. Қыш құмырасындағы ою-өрнектерді композициялық шешімдердің анықтылығы мен қарапайымдылығы, өсімдік, зооморфтық, геометриялық мотивтердің үйлесуі кең тарады. Бұл жалпы көшпелілердің дүниетүйсінуіне жақын болды.

Ұлы Жібек жолы мәдениеті көшпелі мен аграрлық отырықшы өркениеттердің тоғысуының басты тетігі болған. Жазба тарихи көне заманнан желі тартатын Орталық Азия көшпелілері мәдени мұрасы туралы сөз қозғағанда, оның ең алдымен түрлі мәдени артефактылардың сұқбаттастығы нәтижесінде қалыптасқаны көзге түседі. Сақ заманында Еуразияның көшпелі тайпаларында мал өсіруге негізделген мәдени ареалдың қалыптасуы Оңтүстік Сібір, Алтай, Қазақстан, Еділ-Жайық, Қара теңіз жағасындағы қыруар ру-ұлыстар арасындағы айырбасты, мәдениеттегі ұқсастықты орнықтырды. Бұл кейін Ұлы Жібек жолы мәдениетінде өзінің қисынды жалғасын тапты.

Ұлы Жібек жолы мәдениеті қалыптасуы үшін еуроазиялық даладағы мәдени үрдістердің күрделенуі маңызды рөл атқарды. Геродоттың скифтер туралы жазбаларында, агриппейлердің тақыр даланы мекендейтіні, ағаштың сөлін ішетіні, қыста ағаш бұтағына киіз жауып, соны пана тұтып, жазда киізін алып, ағашты жалаңаш тастап кететіні айтылады. Сақ-скифтер алғашқы  ерте дәуірде үйдің осындай түрін пайдалана келе, кейін оны өздерімен бірге қысы-жазы ала жүруге ыңғайлы, арба үстіне қондырылған көшпелі үй дәрежесіне жетілдірген. Бұл туралы Геродот алты, төрт доңғалақты арба үстіндегі үйлер туралы хабарлайды. Тіпті көшпелілерде оңтүстікте саман, кірпіш, солтүстікте бөренеден салынған тұрақты үйлері де болған. Археология деректері олардың  төбесі шатырланып және дөңгелете жабылатын киіз үйдің жасалуына жеткізген баспалдақ екенінде шүбә болмаса керек.

Қытайдан келген саяхатшылар да түркілердің мәдени деңгейінің жоғары екендігін куәландырады. Қағанның өзін қалай қабылдағанын сипаттай отырып, Сюань-Цзян түрік зиялыларының салтанатты жібек киімдерінің молдығын бірнеше қайтара  айтып, сонымен бірге өзіне көрсетілген сый-сияпат ішінде: «Қызғылт түсті жылтыр шыттан тілгілген неше алуан киімдер санатын және елу кездеме жібек» бергені жөнінде хабарлайды.

М. Орынбековтың сараптауы бойынша, біртұтас шаруашылықтың үш түрге: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы шаруашылықтарға бөлінуі егіншілік пен мал шаруашылық өнімдерінің айырбас бағасын белгілеп, еңбек өнімділігінің артуына, басқа елдермен, халықтармен сауда қатынасын орнатуға ықпал етті. Аймақтар мен аумақтардың әр түрлі шаруашылық түрлеріне мамандануы жердің сапасы мен жағрафиялық жағдайға байланысты болды. Бұл жағдайда жағрафия мен тарихтың тұтастығы көрініс тапты.

Ұлы Жібек жолы мәдениетінде, әсіресе бастапқы кезеңдерде, ежелгі сақтардың дүние туралы түсінігі, адамдық қарым-қатынастары жоғары болды. Белгілі мәдениет тарихшысы Э.Б. Тайлордың пікірі бойынша, көне бақташылардың дінінің қалыптасуының түпкі негізі, жанның денеден бөлінуіне сеніп, оны көз алдына елестеткені әруақ, жан туралы алғашқы түсінік – анимизм болды. Осы негізде қазақстандық зерттеуші М. Орынбеков Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпелілердің рухани әлемі күрделі болды деген пікір айтады: «Сақтар да бұдан тыс қалған жоқ, өлім, түс көрудің себептері және т.б. туралы өздерінің ой пайымдарына осы жолмен келді. Өлген адамдардың заттарын бірге көмуге байланысты, жанның, о дүниеде өмір сүруі жайлы, о дүниеде «жақсы өмірдің» барлығына сендірді. Марқұмның аты, кейде тіпті әйелі өлтіріліп, мүліктерінің бірге жерленуі осыған байланысты еді. Анимистикалық көзқарас барлық дінге тән болды, сондықтан бұл ағымға артық күнә артпауға да болады.

Ұлы Жібек жолы мәдениетіндегі рухани ауысулар негізінен этномәдениетке оңтайлы қабылдаулармен ғана шектеліп отырды.               М.С. Орынбеков Парсы мен Орталық Азияда отқа табыну идеясының өріс алғанын осымен түсіндіреді: «Қайтыс болған адамның жаны қайтып келмес үшін мүрдені өртеп жіберу де осыдан келіп шыққан. Бұл ағым дами келе отқа табынуға әкелді. Мазарлардағы қызыл бояу да осымен байланысты. Сол кезеңде күн – барлығын жалмаушы от ретінде басты құдірет болуына сәйкес, көкті көктей шабатын аспан атына табыну қалыптасты. Жоғарыда сақ тайпалары үшін аттың тарихи маңызын атап өткен едік. Ол малшылық пен көшпеліліктегі басты орынды иеленген еді. Бұл атты да құдірет күштерінің қатарына қосу арқылы көрініс тапты. Негізінен күн мен отқа табыну шығыс халықтарының көне ұғымы болды. Мифологияның жойыла бастауына сай оның орнына тұрақтылық пен нақтылық жайындағы ойлар, біз тіршілік етіп отырған ортадағы әртүрлі табиғат күштерінің – судың, жердің, от пен ауаның бізге тигізетін әсері жайлы ойлар басым болды. Парсы тұқымынан тараған сақ тайпалары үшін басты ұғым от болды. Тарихтан белгілі болғандай, отқа табынушылықты мейлінше көрсете алған Заратуштра ілімі болды. К. Ясперс оның өмір сүру уақытын өзекті уақыт деп атай отырып былай деген: «Адам тұрмысының мейлінше жемісті қалыптасуы, қалыптасқан діни ұғымнан аса тысқары болуының сенімді дәлелі. Егер тәжірибеге негізделсек, Батыс, Азия барлық адамдар үшін қалайда бір эмпирикалық негіз болды. Сонымен барлық халықтар үшін олардың тарихи орны жайлы ортақ арнаға тоғысатын түсінік қалыптасты. Осы әлемдік тарихтың түп қазығын б.э.д. 800 және 200 жылдықтардың жемісі деп түсінеміз. Бұл кезде тарихта шұғыл бетбұрыс болды. Осы күнгі адамдар пайда болып, күні бүгінге шейін сақталды».


  1. Байпақов К. Қазақстанның ежелгі ортағасырлық қалалары. – Алматы: Аруна, 2005. – 316 б.
  1. Ма Юн. Шелковый путь с Востока на Запад.  // Курьер ЮНЕСКО. – М.,  1984. – №4. – С. 12-17.
  2. Ибн Фадланның Еділге саяхаты. // Қоңыратбаев Ә., Қоңыратбаев Т.  Көне  мәдениет жазбалары. – Алматы: Қазақ университеті, 1991. – 344-381 бб.
  3. Анахарсис хаттары. // Ежелгі көшпелілер дүниетанымы. – Астана: Аударма,  2005. - 425-430  бб.
  4. Взаимодействие кочевых и оседлых культур на Великом Шелковом  пути: тезисы докладов международного семинара ЮНЕСКО. – Алматы:  Ғылым,  1991. – С.120
  5. Геродот. История в девяти книгах. – Л.: Наука,  1972. – Т.4.  – С.600.

Эльдар Темірханұлы

мәдениеттанушы 

Бөлісу: