13 Ақпан 2015, 10:41
Сталинград – «Батыр қала» атағын ең алғашқыларының бірі болып алған қала. Бұл қала үшін болған шайқас Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастарының бірі болған. Ол қорғаныс (1942 жыл 17 шілде – 18 қараша) және шабуыл (1942 жыл 19 қараша – 1943 жыл 2 ақпан) кезеңдерінен тұрады.
1942 жылдың 17 шілдесінде басталған шайқастың алғашқы бөлігінде неміс әскерлері басымдық көрсеткен болатын. Қаланы басып алуға 6 далалық армиядан құралған 14 дивизия келді. Олар Сталинградты екі бағыттан шабуылдап, қорғанушы жақты әбден тығырыққа тіреген. Алайда, өздері де үлкен шығынға батты. Соған қарамастан немістер қаланы толығымен басып алу үшін төрт рет үлкен шабуыл жасап көрді. Бірақ «өліспей беріспеймін» деген кеңес әскері фашистерді өз мақсаттарына жеткізген жоқ.
Ең жойқын қақтығыс 13 қыркүйекте басталған. Жақсы қаруланған жау ауыр техникамен қалаға басып кіріп, екі жақ үш күн бойы тоқтамай шайқасты. КСРО жауынгерлерінің тығырыққа тірелгені сонша әрбір үй қамалға айналып, оның әрбір пәтері үшін жанкештілік соғыс болған. Екі тараптың шығынында есеп жоқ.
Осы ауыр шайқастан кеңес әскері тек қараша айында ғана есін жинай бастады. Қала маңында көптеген ұрыстар орын алды. Шілде айынан қараша айына дейінгі аралықта осы Сталинград түбіндегі ұрыстардың өзінен-ақ фашистік Германия 700 мың сарбазынан, 1 мыңнан аса танкісінен, 2 мыңнан аса зеңбірегі мен минометінен, 1400 әскери және тасымал ұшақтарынан айрылған болатын.
19 қарашадан бастап шайқастың екінші бөлігі, яғни шабуыл кезеңі басталды. Бұл уақытта КСРО әскері күшіне мініп, жауды Сталинградтан қуа бастаған. Осылайша 2 ақпанға дейін Гитлер жақтастары қаладан толығымен шығарылып, соғыс кері бағытта өрбіді. Генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Жалпы, 200 күнге созылған осынау ұрыста немістер тарапы 1,5 миллион сарбазынан және мыңдаған техникасынан айрылды. Ал, Кеңес Одағы үшін соғысқан жауынгерлердің 1 миллионнан астамы Сталинград түбінде қаза тапты.
Осынау шайқасқа Қазақстанда жасақталған 27, 72 және 73-гвардияшыл атқыштар дивизиялары, 292 және 387-атқыштар дивизиялары, 81 - атты әскери дивизиясы, 74 - теңіз атқыштар бригадасы, 129 миномет полкі және 156 жеке көпір құрылысы батальоны қатысты. Даңқты 62-ші армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болды. 64-ші армияның құрамында болған қазақстандық 29-шы, 38-ші атқыштар дивизиясы Сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 72-ші, 73-ші гвардияшыл атқыштар дивизиясы атанды, 73-ші гвардияшыл атқыштар дивизиясына «Сталинградтық» құрметті атағы қоса берілді. 1942 жылы желтоқсанның 22-де «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі тағайындалып, 750 мың солдат пен офицер марапатталды. 112 адамға Қеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның төртеуі қазақстандық – ұшқыш Н.Әбдіров, полк командирі Т.С.Позолотин, взвод командирі Г.Г.Рамаев және минометші Қ.Сыпатаев.
Дәурен Омаров