13 Ақпан 2015, 11:25
Ел.кз редакциясы Ұлы Отан соғысы жылдарында жаппай ерлік көрсеткені үшін «Батыр қала» атағын алған қалалар туралы мақалалар сериясын жариялап келеді. Кезекте «Батыр қалалардың» бірі – Севастополь.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қырым дағы Севастополь үшін болған соғыстың қандай зұлмат құрбандықтарға алып барғаны тарихтан белгілі. 300 мыңдық неміс армиясын 250 күн бойы жібермей ұстап тұрған батыр қаланың даңқы әлемге жайылды.
Гитлер әскерінің негізгі мақсаттарының бірі Кавказ бен оның мұнайға бай ошақтары еді. Германия үлкен күшпен соғысып жатқандықтан мұнайға қатты зәру болды және оның мол қорына иелік ету үшін кез келген нәрсеге дайын еді. Мұнай өлкеге қолжеткізудегі ең негізгі кедергі Қара теңіз флоты және оның ең ірі базасы – Севастополь. Флотты жойып, Севастопольді басып алып алу Гитлер әскерінің негізгі мақсаты болатын.
Севастополь халқы үшін соғыс 1941 жылдың 22 маусымында неміс авиациясының шабуылынан басталды.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қара теңізде ірі теңіз шайқастары бола қойған жоқ, Алайда: десанттік операциялар, су асты кемелерінің шабуылдары, әуе қақтығыстары, құрлық әскерінің оқ жаудыруы секілді жергілікті шайқастар көптеп болды.
Мәскеу түбіндегі шайқасты жеңгеннен соң, Қызыл әскер барлық фронт бойынша контршабуылға көшті. 1941 жылы 26 желтоқсанда Керчен-Феодосий десанттік операциясы басталып, Қырым мен Севастополь қоршауын алып тастау көзделді. Сол себепті Манштейн әскері осы күндері Севастопольді басып алуға бар күшін салады, бірақ бұл іс қолдарынан келмеді. Алайда Қырымды босатуды көздеген әскери қолбасшылар сәтсіз қадамдар жасап, неміс әскерінің осы өңірге деген шабуылы үдей түсті. Гитлер жауынгерлерінің Кавказ бен Волгаға шабуылы сәтті жүзеге асқаны сонша Севастопольді аман алып қалуға үміт қалмай бара жатты.
1942 жылы 29 маусымның түнінде немістер Севастополь бухтасына күш салып, таңертең Ялта бағытындағы қорғанысты бұзып өтті. 30 маусым күні көшедегі қақтығыстар басталды. Сол күні Севастопольді тастап кету жайлы бұйрық шықты.
Севастопольді қорғауда бар-жоғы 300 мыңнан астам неміс сарбазы қаза тауып, 150 мың Қызыл әскер сарбазы о дүниелік болды. Іс-түссіз жоғалғандар мен жарақат алғандар – 45 мың.
Егер Севастополь қорғанысы 250 күнге созылса, оны азат ету бір апта ішінде жүзеге асты. 1944 жылы 5 мамыр күні жойқын соққының нәтижесінде неміс бекіністері бұзылды. 9 мамыр күні қала немістерден азат етілді.
Севастополь үшін шайқаста Кеңес Одағының батыры Дабаш Бабажанов айрықша көзге түсті. Оның ерлігі батыр қаланы қорғау үшін болған қырғын-қиямет соғыс бейнеленген панорамаға түсірілген. Қалаға 1965 жылы 8 мамырда «Батыр қала» атағы берілді.
Дәурен Омаров