ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚ САҚТАР - ҚАДЫМ ЗАМАНҒЫ ЭФИОПИЯЛЫҚТАРДЫҢ БІР БҰТАРЫ

20 Тамыз 2014, 03:38

ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚ САҚТАР - ҚАДЫМ ЗАМАНҒЫ ЭФИОПИЯЛЫҚТАРДЫҢ БІР БҰТАРЫ

Жуыққа шейін адамзаттың төркіні туралы пікір екі ұдай-ды. «Кіріссөзде» қысқа қайырып айтқанымыздай, бертінде, əр құрлықта жасаған адамзат топтарының тері мен шашының реңіне, тұлғасы мен сүйек пішініндегі алуандыққа қарап, осызаман адамзаты əр құрлықтағы ертедегі адам тəрізділерден өз жерінде, өз бетінше дамып жетілген, олардың бəрінің де бүгінгі адамзаттың гендік қорына үлесі бар - қысқасы бүгінгі адамзат топтарының тегі бір емес дейтін көзқарастың беті қайтты.

Өткен ғасырдың 70 жылдарынан басталған “Һауа болжалы” 1980 жылдардағы əр құрлық адамдарының DNA-сына жүргізілген зерделеулер арқылы күшейді. Талай археологтардың, генетиктердің, молекулалық биологтардың зерттеулері арқылы расталды. Сонымен жуықта, Комбриж университетінің генетика факультетіндегі антрополог, профессор Франсис Барокс сияқты ғалымдар, африкалықтардың өзге құрлықтағыларға қарағанда гендік жағынан өте көптүрлілігіне жəне өзге құрлықтағылардың Эфиопиядан алыстаған сайын ол көп түрліліктен арыла түсетініне қарай отырып, зерттеу қорытындыларын: “Адамзаттың этногенезі жайлы талас толастады, - дей келе, - Осы заман адамзатының тұқияны Африкадан келген, сосын жаһанды иелеген дейтін фактіге күмандану қиын” деп тұжырды.

Барокстардың пікірінше, мөлшермен 70-80 мың жылдың алдында солтүстік- шығыс африкалықтардың (Эфиопиялықтардың) дене бітімі осы замандық адамдар деңгейіне толық жеткен. Сосын тез өсіп-өнген олардың көбі, өз жұртынан əлемге аттанып, əр тұстағы алғашқы жерліктердің (олар белгісіз себептен не осы ата-бабаларымыздың қолынан құрыған сықылды) орнын басып, дүниені иелеуге кіріскен. Бұдан 10 мың жыл бұрын бұл зор көлемді жабал көшке айналған. Қызыл теңіз бен Араб түбегі арқылы Иран үстіртіне жеткенде адамзат өркениеті тағы да дами түскен. Əрине көш жолында қоныстап қалып отырғандар да аз болмаған.

Бүгінгі ғылыми зерттеулердің нəтижесі арғы замандағы Ұлы Даладағы қалың тайпалардың арғы аталарының өңшең Африкадан көшіп келген саф қара нəсілділер екенінде дау жоқ деп отыр. Олар бертін келе ішіп-жем мен сыртқы ортаның ықпалынан өңшең саф ақ нəсілдіге өзгерген. Бұл олар үшін екінші кезең есепті еді. Үйсіндердің тегі - ең алдымен осы ақтар. Ал, ата-бабаларымыздың үшінші кезеңі - ақ пен сарының араласпасына(метистенуіне) өзгеруі бертінде басталған.

Сонымен, адамзат дүниеге келуден бұрын жер шары бар болғаны сықылды, «Кіріссөзде» аңдатқанымыздай, шығыстың Сыма Чяны мен батыстың Гередоты Ұлы Далалықтарды білуден бұрын, бұл Ұлы Дала тұрғындарға толы болатын жəне олар едəуір биік өрелі өркениетке ие еді.

Əрине ғасырлардың Ұлы Дала тұрғындарына əкелген өзгерісі көп. Бірақ ғалымдар ондағы əшкере де жиі өзгерісті үстем жіктегі ауысулар, ал бейайқын да баяу құбылуды эволюция деп біледі. Билік (үстем жіктік) өзгерістерге ереорда шаңырақтарының аты да өзгеріп отырған. Бірақ ол шаңырақ астындағы тұрғындардың заты оншама тез құбылмаған. Тек демографиялық ауыс-түйістермен табиғаттық ықпалдар салдарынан тұрғындардың бет бейнесінде жоғарыда айтылғандай эволюциялық баяу өзгерістер ғана туыла берген. Ежелгі Үйсіндердің ұрпағы да, əлбетте, сол баяу өзгеріспен бүгінге жеткен. Бұл ұзақ тарихта сан көшулер де болғаны рас. Кеткендер де, келгендер де болды. Алайда кеткендер түбінен қопарыла, ұрық қалтырмай жоғалған емес. “Жылқы аунаған жерде де түк қалады”. Ол қалған ұрық та өнеді, өседі.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: