Ұлы дала кешегісінен басталады

16 Қазан 2014, 03:29

Дүниежүзіндегі ең ірі дала Еуразия құрлығында - Хинган таулары мен Карпат тауларының арасында керіліп жатыр.

Дүниежүзіндегі ең ірі дала Еуразия құрлығында - Хинган таулары мен Карпат тауларының арасында керіліп жатыр. Ұзындығы 7500 шықырым, ені 150-600 шақырым болатын байтақ əлем. Адамзат өркениетінде өзіндік лайықты орны бар бүгінгі түрік тілдес халықтардың тербеліп өскен тал бесігі осынау - Ұлы Дала” дейді тарихшы професср Хайруш Абдрахман өзінің «Тарихыңды таны (Отан тарихының очерктері)» деген еңбегінде (7-бет).

Я, бүгінгі Моңғолия Республикасы аумағы мен Хуаңхының (Сарыөзеннің) орай аққан Ордосынан (Өртөсінен) батыстағы Қара теңіздің солтүстігіне шейін созылған ұлан-байтақ сахараны қазақ тайпалары Ұлы Дала десе, оңтүстіктегілер (парсы, т. б. ) Дешті Сақия, батыстағылар Поле саки (скифи) деп хаттаған. Бүгінгілер оны Еуразия құрлығы деп жүр. Ал Хəн əулеті жақтағылар (Сыма Чян мен Бан Гу сықылды тарихшылар) бұл даланың өздері жақ шетін ғана Батыс Өңір деген екен. Мұндағы “Батыс Өңір” дегеннің мағынасы кейін келе көп құбылды. Мысалы:

А. Дəстүри жəне тар мағынадағы Батыс Өңір – “Ғұндардың батысы, үйсіндердің оңтүстігі. Оңтүстігі мен солтүстігінде ұлы таулы, ортасында дария бар. Шығысы мен батысының қашықтығы алты мыңнан астам ли, оңтүстігі мен солтүстігінің арасы мың лиден артық. Шығысы Хəн əулетімен іргелес”. Демек бұл – “Батыс Өңір” дегеннің ең алғашқы жəне айқын анықтамасы – бүгінгі Оңтүстік Шыңжаң. “Бірақ «Хəннама. Батыс Өңір баянында» оны бұл аумақтан əлдеқайда асырып жіберген... Үйсін мен Памирдің батысындағы талай елді қамтытқан. Осыдан былайғы ресми тарихтардың Батыс Өңірбаяндарында хаттаған көлемі заманына қарай өзгеріп отырған”.

Ə. Ішінара ғалымдар қолданып жүрген, кең мағынадағы Батыс Өңір – Орталық Азия, яғни Азияның орта бөлігі, Шынжаң, Тибет (Шизаң), Ішкі Моңғолия, Моңғолия, оңтүстік Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран, Тəжікстандар. Кей ғалымдар, мысалы Жапонияның тарихшысы Ханеда Тоуру өзінің «Батыс өңірдің мəдениет тарихы» деген еңбегінде, тек соңғы бесреспубликаны ғана Батыс Өңір санайды.

Б. Сирек қолданылатын, анағұрлым кең мағынадағы Батыс Өңір – Қытайдың Гансу өлкесіндегі Юймынгуан, Яңгуандардан сонау Каспий аралығындағы, Азияның батысы мен ортасын, Үнді түбегін, тіпті Еуропаның шығысы мен Африканың солтүстігін қамтып жатқан ұлан-ғайыр аумақ.

Біз сөзімізді осы Ұлы Даладан (Қытай ұғымындағы кең мағынадағы Батыс Өңірге таяу өрістен) бастап, қусыра (тек Үйсін іргелестерін сөз ете) келе, негізінен Үйсін Ұлысының өз аумағымен жалғастырмақпыз. 

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: