Ұлы дала көшпелілерінің көркемдік мәдениеті (I бөлім)

29 Маусым 2021, 15:53 21348

Ғалымдар зерттеуіндегі дерек пен дәйек

 

Ұлы қазақ даласы шаруашылық өмірінде сәндік заттарды, бұйымдарды көп қолданып, сонымен қатар асқан шеберлікпен жасай білген. Оған ежелгі дәуірдегі обалардан, қорғандардан табылған әшекейлер, тұрмыстық заттар айған бола алады. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бір өзінде түрлі өрнектерді, қапсырмалар мен алтын әшекейлер көп кездеседі. Бүгінгі материалымызда біз Кемел Ақышев, Сергей Руденко, Кушаев, Переводчикова, Мартынов, Зейнолла Самашев сияқты археолог-ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Ғылыми кеңесі ұсынған деректер арқылы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың көркемдік мәдениетімен таныстыратын боламыз.

 

Стиль, костюм, атрибуттар

 

Көшпелі мал шаруашылығына көшуге байланысты ежелгі адам өмірінің барлық саласында болған жаһандық өзгерістердің символы аң стилі болды. Сол кездегі қоғамның төтенше әскерилендірілгендігі күші, қуаты, шапшаңдығы сезілетін аң стилінің жарқын бейнелерінде көрініс тапты. Аталған зер түрінің ерекше қыры жеке жануарлардың, солардың дене бөліктерінің немесе аңдардың айқасу көріністерінің стильденген бейнесі болып табылады. Оның зерттеушілерінің бірі – Н.Л. Членовтың айтуынша, аң стилі – бұл анық бейнелі белгілі бір жануарлардың келбеті.

 

Аң стилінде көшпелі қоғам өмірінде зор маңызы бар заттар безендірілді: жоғарғы билік белгілері, костюм бөлшектері, әшекей заттары, қару-жарақ және ғұрыптық заттары. Оларға қола шырақтар, қазандар, тас құрбандар жатады.

 

Жануарлар бейнесін беру кезінде жетекші тәсіл стильдеу болды, ол «нақты нысанның белгілі бір шарттылыққа өзгеруімен байланысты және нысанның жекелеген белгілері мен сипаттамаларын іріктеу, бекіту немесе тіпті гиперболизациялау және оларды бейнелеу нұсқасына беру тәсілдерін білдіреді.

 

Аң стилі тек қана өнер емес, дала әлемінің әлеуметтік-маңызды және идеологиялық символикасы сияқты болды. Мұны, атап айтқанда, Еуразия даласының түрлі нүктелерінде жерленген атақты жауынгерлер костюмдеріндегі аң стилінде орындалған бейнелердің өте қанықтығы дәлелдейді. Бұл заттар символикасының шеберлігімен және күрделілігімен таң қалдырады. Олардың иелері мемлекеттердің көсемдері, билеушілері болғаны сөзсіз.

 

Алтынның аса маңызды сапасы – икемділігін ерте темір дәуірінің шеберлері барынша толық пайдаланды. Құйылған көлемді заттар селдір және тегіс заттармен іргелеседі. Құю, қалыптау, оймалау, сіркелеу техникасы, бүршіктеу, бедерлеу сияқты оны жасаудағы технологиялық тәсілдердің толық тізімі емес. Сол кездің өзінде шеберлер үлкен және кіші пішіндерді шебер үйлестірді салмактылық пен нәзіктік, көлем және жазық шешім осы бұйымдарды қабылдауда ерекше әсер етті.

 

Әшекей бұйымдарында біз ерте темір дәуірінің көшпелілері әзірлеген бай бестиарийдің барлық бейнелерін көреміз. Мұнда әртүрлі мысық тұқымдас жыртқыштар (жолбарыстар, ілбісіңдер, барыстар), шөпқоректі жануарлар (жылқылар, түйелер, бұғылар, ешкілер, қошқарлар), құстар, қияли жануарлар және тіпті қояндар, кірпі, аралар көрсетілген. Мәселен, Taқсaй-1 қорымының алтыншы обасында бай жерленген әйелдің бас киімінің ұшында біз үлкен мүйіздері бар таутекенің басын көреміз, олардың бетінің құрылымы мұқият көрсетілген. Ал Есіктегі «Алтын адамның» бас киімін безендіруде жолбарыстар мен құстардың бейнесі қолданылады.

 

Ежелгі шеберлер композицияны құруда жоғары шеберлікке қол жеткізгенін атап өту қажет. Олар S-тәрізді пішінді белсенді қолданды. Өнертанушылардың пікірінше, бұл бейнеленген кеңістікке кіру сезімін тудыратын көрнекті фигура. Біз, мысалы, Есіктегі «Алтын адамның» белбеулерінің бірінде орналасқан таналарда стильденген грифонның пішіні бұлан денесін, оның сақалдарын модельдеуде «сұлулық сызығын» көреміз. Шерубай қорымы, бірінші обасының қабірінен табылған жыртқыш құстың айшықты фигурасы нақ осындай кескінге ие. Қарашоқы қорымы, бірінші обасының қабірінен бетінде S-тәрізді көрнекті ойықтары бар жолбарыс пішінді бұйым табылды.

 

Пішінді шеңбер шегінде орналастыру арқылы қызықты әсер беріледі. Бұйым сақина тәрізді оралған қасқырдың бейнесі бар түйреуіш түрінде. Жануар пішінінің көмегімен шеңбер құрылды, ол оған толығымен сай келді және барлық бейнелеу элементтері оның шегінде шоғырланды. Құрылған шеңбер шегінен іс жүзінде ештеңе шықпады, осылайша бейне өз-өзіне тұйықталып, біртұтас бөлшекке айналды.

 

Тағы бір композициялық шешім Пазырық мәдениетінің тайпалары өнерінде көрсетілді. Таңқаларлық заттардың қатарына бірнеше нұсқада ұсынылған үш өлшемді бейнелер түріндегі ат әбзелдерінің салпыншақтары жатады. Композиция екі бұланның басы мен пішінінен, төменгі жағында қарсы қойылған бүркіт грифондарының бастарымен жанасатын фантастикалық жануардың пішінінен, өсімдік пішінімен үйлескен тұяқты жануардың пішінінен тұруы мүмкін. Сол уақыттағы бұйымдардың көпшілігіне қарағанда, бұл заттарға жан-жақты қарау қажет. Нәтижесінде заттың кеңістікте орналасуына тәуелді әртүрлі көру әсері болды.

 

Сол кездегі атақты жауынгерлер шошақ төбелі бас киім, қысқа қаусырмалы күртешелер, шалбар мен түрлі биіктіктегі етіктерді киді. Киімді тігуде былғары, киіз, жүн қолданылды. Алтын адамның жерлеу қабірі ерлердің киімі туралы ең толық ақпарат бере алады. Әшекей бұйымдарының қатарына мойын алқасы, сырға, екі жүзік жатады. Екі белдік түрлі таналармен әшекейленген. Күртеше толықтай ұсақ әшекейлермен жабылған. Осындай таналар биік етікті безендіруге қолданылған. Қаруға аса көңіл бөлінген. Тек қана қанжарды безендіруге жиырма екі жануарлардың бейнесі пайдаланылған.

 

Тақсай I қорымындағы әйелдің бірегей қабірін зерттеудің арқасында ерте темір дәуіріндегі тайпалардың әйелдер киімі туралы түсініктерді толықтыра алды. Ол биік конус тәрізді бас киімнен, қысқа күртешеден және ұзын белдемшеден тұрды. Самай аймағында самай салпыншақтары бекітілген. Мойнын көлемді мойын алқасы әсемдейді. Білектерінде білезіктер, сондай-ақ моншақтар мен қалыпталынған қасқырдың азу тістерінен құралған тізбек болды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ерте темір дәуіріндегі түрлі тайпалардың жерлеу қабірлерінен табылған жәдігерлер сақталған. Сақ ескерткіштеріне аты аңызға айналған Есік обасы жатады (Жетісу). Орталық Қазақстанда оларға Тасмола, Жыланды, Талды-ІІ, Шерубай, Қарашоқы, Акбейіт-1, еліміздің шығысында – Майемер, оңтүстігінде – Қайтпас обалары жатады. Батыс Қазақстанның сарматтық ежелгі дәуірі Тақсай I, Лебедевка, Бесоба және тағы да өзге қорымдарынан табылған жәдігерлермен көрсетілген. Берел (Шығыс Қазақстан) қорымының материалдары Алтай тауларында юэчжы тайпалары құрған таңғажайып және өзіндік әлемді көрсетеді.

 

1969 жылы археолог К.А. Ақышевтің Есік обасынан толық және сақталған күйде табылған сақ көсемінің обасы тек жерлеу дәстүрін толық қалпына келтіруге ғана емес, сондай-ақ бас киімнің, киім мен аяқ киімнің пішінін қайта құруға, оларға әшекей бұйымдары мен өзге де атрибуттардың орналасуын, қарудың нысаны мен пышақтарды әшекейлеуді қайта қалпына келтіруге және жерлеу киімінің үлгісін табиғи шамаға техникалық түрде орындауға мүмкіндік берді.

 

К.А. Ақышев атап өткендей, Есік обасынан табылған сақ киімін салтанатты қабылдауларда, жаппай жиналыстар мен мерекелік байқауларда киген. Күнделікті кию үшін ол өте сәнді және ыңғайсыз, ал арнайы жерлеу үшін дайындалуы екіталай. Ол адамдарды таң қалдыру, төмендегілермен салыстырғанда көсем деңгейін көрсету үшін арналған.

Бас киім. Табылып отырған бас киімнің қайта жаңартылуы археологиялық және жазба деректерге негізделген. Сонымен, археологиялық мәліметтер бойынша бас киімнің өлшемін анықтау үшін, қазба кезінде бастапқы қалпы сақталған әшекей заттарының орналасу жүйесінен алынған ақпарат пайдаланылуы мүмкін. Осы мәліметтер бойынша бас киімнің негізгі өлшемдері, диаметрі мен биіктігін үлкен дәлдікпен өлшеу мүмкін болды.

 

Бас киім шеңберінің диаметрі оның ең кең бөлігінде орналасқан алтын диадемаға сәйкес келеді. Ол жиырма екі сантиметрге тең, бұл мата негіздің қалыңдығына 1 – 1,5 сантиметр түзетілген бас киімнің диаметріне сәйкес келеді. Бас киімнің биіктігі диаметрге қарағанда дәлірек анықталуы мүмкін. Ол бастапқы қалыпта сақталған әшекейлерден бастап, бас киімнің ұшын аяқтайтын арқардың шағын мүсіншесіне дейінгі қашықтық бойынша анықталады. Осы деректер бойынша биіктігі 60-65 см-ден анықталуға тиіс.

 

Болжам бойынша, бас киімнің пішіні қайта қалпына келтірілуі мүмкін. Ол конус тәрізді немесе цилиндрлік болуы ықтимал. Нысанның екінші нұсқасын дәлелдеуге қарағанда бірінші пішінге көптеген дәлелдер келтіруге болады. Бізді қызықтыратын тақырып бойынша нақты мәліметтер Накширүстемдік және Бехистундік жазбалардан (Иран) алынуы және Геродоттың көптомдық еңбектерінен аз ғана дерек таңдалуы мүмкін. Бұл дереккөздерден Азия сақтарының үш тобынан тек біреуі ғана – әрдайым шошақ бөрікті бас киім киетін тиграхауда сақтары анықталуы мүмкін. Дегенмен, басқа екі топтың сақтары да осындай бас киім киген. Бехистун жартасында тиграхауда сақтарының билеушісі Скунда шошақ бөріктi бас киіммен бейнеленген. Персепольдағы ападанның бедерінде де шошақ бөрікті сақтар бейнеленген. Азия сақтары мен Еуропалық скифтердің қоныстанған әртүрлі аудандарынан шығатын металл мен саздан жасалған антропоморфты бейнелердің археологиялық олжалары жазбаша деректерді едәуір толықтырады және зерттелетін сұраққа анық ақпарат енгізеді. Әмудария көмбесінен табылған алтын пластиналарда бейнеленген шошақ бөрікті бас киім киген жауынгер-абыздарды, Күлобадан жасалған ыдыстардағы конус тәрізді бас киімнің бейнесін және басқаларды еске алайық.

 

Сонымен, шошақ бөрікті бас киімдерді тек тиграхауда сақтары ғана емес, сонымен қатар сақ тайпаларының басқа да өкілдері, тіпті Еуропалық скифтер де киген. Алайда, әртүрлі топтағы сақтардың бас киімдерінің бейнелерін салыстырған кезде, әртүрлі сақ тайпалары мен скифтердің бас киімдерінде ұқсастықтармен қатар елеулі айырмашылықтар да болғандығын айтуға мүмкіндік беретін бір деталь анықталады. Мысалы, Әмудария көмбесінен табылған сақ мүсінінде бас киімнің өткір ұшы төмен қайырылған, ал скифтер мен Халчаян сақтарының мүсінінде, Күлобалық құмырадағы бейнелерде конус тәрізді аласа бас киімдер және тағы сол сияқты Бехистундық және персеполь бедерлері сақтарының бас киімдері – биік, биіктігі 70 сантиметрге дейін тік тұратын конус тәрізді.

 

Бұл бейнелер ежелгі авторлар «тиграхауда-сақтары» немесе «ортокарибантия сақтары» деген этникалық белгі берген сақтардың бейнесін көрсетеді деп есептеледі. Одан әрі, ортаазиялық сақтардың және еуропалық скифтердің шошақ бөрікті бас киімдеріне қарағанда, тиграхауда сақтардың бас киімін біз «жебе тәрізді» деп аталады...

 

Есік қорғанындағы сақ бас киімінің жебе тәрізді пішінде деп айтуға бас киім ұшында тұрған арқардың шағын мүсіні дәлелдердің бірі болуы мүмкін. Мүсiншенің өлшемдері мен оны кішкентай пластинканың көмегімен бекіту тәсілі бас киімнің жоғарғы бөлігінің өткір ұшына бекітілуі ықтимал деген жалғыз мүмкін қорытындыға келуге мәжбүр етеді. Сонымен қатар соңында, сақ кезеңінде ғана емес, кейінірек көптеген азиялық кешпелілерде де конус тәрізді бас киім пішінінің кең таралуы себептерін анықтауға жүгінеміз. Өйткені біреу – бұл пішіннің осы тайпалардың иелігінде бар арнайы материалдан (киіз, тері, қайың қабығы) дайындау қарапайымдылығы.

 

Осылайша, Есік қорғаны бас киімі пішінінің жоғары бөлігі жіңішке келген және төменгі жағы құлақиынға ұқсайды, ол желке мен жақ шеттерін, иектің астын жабады.

 

Бас киімнің нысанын қайта жаңартқаннан кейін оған алтын әшекейлерді орналастыру тәртібін орнату мүмкін болады. Бұл міндет пластиналардың, таналар мен айырбастардың және басқа да әшекейлердің орналасу жүйесі қазба барысында дәл белгіленуімен жеңілдетіледі.

 

Сыртқы келбетін қайта қалпына келтіру кезінде тек турасынан ғана емес, сонымен қатар бас киімнің толық үлгісінде бiртипті әшекейлердің жұптылығы сияқты деректер өте маңызды. Бұл олардың бас киімде симметриялық түрде орналасуының дұрыс белгісі болып табылады.

 

Есік бас киімінің бет жағын сәндік безендірудің негізі, археологтар монолитпен алған оның маңдай бөлігі болып табылады. Ол бір қанатты денемен біріктірілген мүйізді жылқының басмүсіні түрінде орындалған. Жылқы басмүсінінің артындағы бос кеңістікті, сауыры мен артқы аяқтары жоқ жылқыға ұқсайтын екі пластиналар толтырады. Бұл жылқы пішіндерінің жоғары жағында ұшы үшбұрышты пластиналармен аяқталатын екі ұзын тікбұрышты пластина орналасқан. Ұзын пластиналардың жоғарғы ұштарының үстіне шағын жұп пластиналар қойылған.

 

Бас киімнің беткі жағындағы басты бұйым құстың қанаты секілді екі ұзын пластина мен жебе тәріздес (ұзындығы қанатының ұзындығынан екі есе үлкен) екі ұзын әшекейден тұрады, олардың жіңішке алтын жолақтардан өрілген сабы және жапырақ тәрізді ұштығы бар. Қауырсындар мен жебелер түріндегі әшекейлер жылқылардың басмүсінінен жоғары жұп-жұбымен орналасқан және әрбір жұп екі қауырсын мен екі жебеден тұратын біртұтас пішінді құрайды. Әрбір осындай жұптың астында үшбұрышты пластина бар. Төрт үшбұрышты пішінді пластинкалар бір сызық бойымен орналастырылған. Беті тегіс барлық пластиналар қызыл бояумен боялған. Жалпы, беткі жағындағы әшекей бұйымдар бас киімнің астарлы көрінісін, сәнді және салтанаттылығын көрсетеді.

 

Есік бас киімінің қалған жақтары да егжей-тегжейлі толық қалпына келтірілді. Бір үлгідегі әшекейлердің жұптылығы мен олардың қазба кезінде орналасуы – суреттің композициясын қалпына келтіру кезінде сүйенуге болатын жалғыз дерек болып саналады. Алайда бас киімнің басқа жақтарын безендірген таналар мен пластиналардың бір бөлігі өзінің бастапқы орнында болмағандықтан, бүйір және желке жақтары жинақталуының суретін қалпына келтіруде тек болжамдар мен тұспалдарға жол беріледі. Өрнекті құру негізі ретінде қалпақтың беті бойымен әшекейлердің аймақтық шеңберлі орналасуы алынған. Бұл шешімге жоғарыда аталған диадеманың орналасқан жері себеп болды, ол бас киімнің үстіңгі және төменгі жағын қосатын, ең кең бөлігін қоршап тұр. Екінші аймағында тау пейзажына ұқсайтын тіс тәрізді алтын таспа болды. Ол өзінің бастапқы орнын диадемадан жоғары бас киім айналасында сақтап қалды. Оның үстінде шошақ төбелі тау шыңдары арасындағы ойпатта, үстінде құстар отырған ағашты бейнелейтін әшекейлер бекітілген.

 

Осы ағаштардың бірі тіс тәрізді таспада бастапқы күйінде сақталған. Ағаштары бар таспа мен диадеманың арасындағы бос жолақта арыстан тұмсығы бейнеленген алты дөңгелек танадан тұратын үшінші аймақ орналасқан. Осылайша, бас киімнің бүйір және желке жақтарын әртүрлі алтын пластиналар мен таналардан құралған өрнекті суреттер үш жерден қоршайды: ағаштары мен құстары бар тіс тәрізді таспадан жасалған қоршау – «тау пейзажы мотиві», дөңгелек зооморфты таналардан тұратын қоршау және диадема.

 

Бас киімнің төменгі жағы әлдеқайда жарқын және көз тартарлықтай безендірілген. Таналардың орналасу жүйесі де аймақтық болып бөлінген. Бірінші аймақты әрбір бүйірінен жұп бойынша симметриялы және бесіншісі желкесінде орналасқан тау текелердің жазықтық бейнелері түріндегі бес тана құрайды, олардың арасында мысық тұқымдас жыртқыш – барысты бейнелейтін екі тана орналастырылған. Төмен қарай қар барыстары мен тау пейзажының мотивтері бар пластиналар түріндегі үш танадан тұратын әшекейлердің екінші аймағы жүреді. Тау мотиві бар барыс тәрізді жұп таналар бас киімнің бүйір жақтарына орналастырылған. Тау пейзажының мотивтері бар екі пластиналы жалғыз барыс тана бас киімнің екі жағында желкен бөлігінде орналасқан. Және соңғы аймақ лекал тәрізді пішіндегі бес бедерлі фигурадан тұратын әшекейлер. Оның ішінде екі жұп екі жақ бүйірінде, ал біреуі – бас киімнің желке бөлігінде болды.

 

Есік қорғанынан табылған бас киімнің пішіні мен бұйымдарын қайта қалпына келтіруде оның әрбір танасы мен пластинканың орналасуын, қазба кезінде алынған деректерді негіздеу үшін барлық мүмкіндіктер жасалды. Ол қалпына келтіру үшін ең күрделі болып шықты Алайда, өкінішке орай, болжамдар қолданылды, бірақ жалпы алғанда, қайта қалпына келтіру мүмкіндігінше түпнұсқаға барынша жақындатылды. Бас киімнің негізгі шамасы киіз-матадан жасалған, тері де қолданылуы мүмкін.

 

Киім, белдік жинағы және аяқ киім

 

Әшекей бұйымдарының бастапқы күйінде жақсы сақталуына байланысты киім нысаны мен онда қолданылған таналардың орналастыру тәртібі оңай жүзеге асырылады.

 

Жерленген адамның үстінде қайырма жағасыз қысқа былғары шекпен киген. Сақталған тері бөліктеріне қарағанда, ол қоңыр немесе қызыл түске боялған. Шекпен толықтай жұқа мыс (қола) пластинкалардан жасалған қатты негізі бар үшбұрышты алтын таналармен тігілген. Әшекейлерді орналастыруда белгілі бір жүйе байқалады. Олар бір-бірімен көлденең сызықты бойлай ұштары жоғары қаратылып, төменгі жақтары бір-бірімен жанасатын тізбекті құрайды, ал әшекейлердің келесі төменгі қатары ұштары жоғарыдағы аналардың астыңғы бөлігімен түйіседі. Шекпеннің беткі жағындағы әшекейлер толықтай осындай тәртіппен орналастырылған. Шекпеннің жағасы, өңірлері және етегі, білек сызығы мен жеңінің төменгі жағы мысық тұқымдас жыртқыштың тұмсығы бейнеленген төрт бұрышты пішінді таналармен өрнектелген. Жоғарыда аталғандай, олар екі түрлі: көлденең және тік деңгейлі. Сонымен қатар, бірінші түрдегі таналармен шекпеннің көлденең орналасуын талап ететін беліктері (етегі, білегі) безендірілген. Осындай орналасуда таналардың жоғарғы және төменгі деңгейлері екі тұтас көлденең жолақтарды құрайды. Тік жолақты таналар жоғарыдан төмен қарай жаға мен өңірлерді безендірді, осылайша бүйір жолақты таналар үздіксіз екi тік сызықты жасайды. Шекпеннің болжамды өлшемі – 46-48.

 

Көлденең және тік деңгейде орналасқан аналар бастапқы қалыпта жақсы сақталғандықтан, шекпеннің солға қаусырылғаны және тізеге дейін жетпегендігі анықталады.

 

Қапсырмасы солға қараған сырт киім көптеген сақ және скиф тайпаларына тән, қалай болғанда да осы дәуірге жататын белгілі барлық антроморфтық бейнелерде киімнің оң жағы сол жағына қарай қаусырылады.

 

Сол жағына қаусырылатын киім киген сақтар персеполь бедерлерінде Солоха қорғанынан табылған алтын тарақта бейнеленген скиф әскерлері, Күлобадағы алтын пластинада қолында кубогы бар скиф және алтын ыдыстағы емдеу үстіндегі скифтер, садақ тартып тұрған скиф бейнеленген композициялық көріністерде байқалады.

 

Осы суреттердің барлығында шекпендер бойға қонымды, жеңдері жіңішке, бірақ тізеге дейін жететін немесе одан да төмен болатындай ұзын. Олар осы белгілері арқылы Есік шекпенінен ерекшеленеді.

 

Алайда, екінші Пазырық қорғанынан қысқа тігілген шекпеннің қалдықтары табылды. Олардың ұзындығы 90 см. Пазырық шекпені бұлғын теріден дайындалған. Оның сыртқы жағы күдері секілді жасалған. Шекпеннің артқы бөлігі және етегі тері жапсырмалармен безендерiлiген, оның үстіне алтын әшекейлер бекітілген. Тері мен жұқа ақ киізден жасалған сырт киімнің басқа да қалдықтары Пазырық және Катандин қорғандарынан белгілі.

 

Осылайша, Есік қорғанынан табылған шекпен басқа атақты киімдерге қарағанда салтанатты болды. Ол тұтастай алтын әшекейлермен безендірілген, қарапайым шекпеннен гөрі қабыршақты сауытқа ұқсайды.

 

Шекпеннің алды және жеңдердің бет жағын әшекейленген таналардың қабатының астында, шекпеннің және жеңінің артқы бөлігін безендірген, артқа қаратылған үшбұрышты әшекейлер үстінде жатқан әртүрлі пішіндегі көптеген ұсақ таналар табылды. Әсіресе, олар кеуде тұсы мен қолдарында көп, тіпті сол қолында түрлі пішіндегі таналардың үйлесімін білдіретін өрнектің мотиві жартылай сақталған. Мұның барлығы жерленген адам шекпенінің астында ішкі жейдесі болғанын болжауға мүмкіндік береді. Ол сақталмаған. Ұсақ алтын таналардың орналасуына қарап, оның жеңдері түрлі пішіндегі таналардың үйлесімінен жасалған өрнектермен тігілген, ал жеңдер мен жағалардың төменгі жағы тік бұрышты пішінді таналармен әшекейленген. Шамасы, ішкі жейде шалбарға сымданған.

 

Алтай-Жетісу аймағы тайпаларында ерлердің ішкі жейделерінің болуы Пазырықтан табылған бүтін жейде мен екінші қорғандардағы қалдықтарымен дәлелденеді. С.И. Руденконың айтуынша, олар жіңішке жөне қалың кендір ақ матадан тігілген, ал тігістері бойынша қызыл жүн тоқымамен көмкерілген.

 

Есік сақ көсемінің киімін таналармен әшекейленген шалбар толықтырды. Шалбардың ішкі және сыртқы тігістері сызығымен бойлық оқа тәрізді тігілген ұсақ үшбұрыш пішінді жіңішке алтын таналар бастапқы күйінде сақталған. Дәл осындай әшекейлермен шалбар белдігі де безендірілген. Шамасы, шалбар тығыз матадан, былғарыдан тігілген, бұл туралы шалбарға жапсырылған таналардың орналасқан нақты үздіксіз сызығы бастапқы тігілген күйде сақталғандығынан көруге болады. Таналардың сыртқы және ішкі жолақтары арасындағы қашықтық бойынша шалбар ені белгіленеді. Ол 20-25 см-ге тең болды.

 

Шекпеннің беткі жағында белдік жинағы болды. Он алты алтын айылбастармен әшекейленген салтанатты белбеу ауыр және көлемді болды. Бұғының жатқан күйдегі пішінде жасалған үш тікбұрышты үлкен таналардың табылған жеріне қарағанда, олар белдіктің ұштарына бекітілген. Олардың біреуі сол жағында, ал екеуі қарама-қарсы жатты. Белдіктің қалған бөлігін мүйіздерінің жұпты қалақтары бар бұғының басы түріндегі он үш шағын таналармен әшекейленген. Оның бесеуі – бұғы басы, оңға бұрылып, екі үлкен мана белдіктің оң жағында орналастырылған. Ал қалған сегіз шағын тана оларға қарама-қарсы сол жағында орналасқан. Барлық жапсырма-таналардың арт жағында төрт қырлы күміс сымнан дәнекерленген тікбұрышты ілмектер болды. Үлкен таналарда олар төртеуден, ал кішкентайларында екеуден жасалған.

 

Белбеуді қайта қалпына келтірілуі келесі түрде ұсынылады. Негізі ұзын қалың теріден жасалды, оған жапсырма-таналардың ілмектерінің орналасу тәртібіне және санына қатаң сәйкес келетін саңылаулар тесілген.

 

Сосын таналардың ілмектері осы саңылауларға орталастырылып, олар арқылы негізден ұзынырақ екі тері бау жүргізіледі. Осылайша, жіңішке баулар таналарды негізге бекіту және белдікті белге байлау үшін қолданылды. Буынуға арналған жіп табылмағандықтан, белдік баулар арқылы тағылғанын болжауға болады. Қалпына келтіру кезінде белдіктің ұзындығы 0,95-1 метрге тең болды.

 

Қола және күміс айылбастар мен салпыншақтармен әшекейленген Есік түріндегі жиынтық белдіктер Еуразия көшпелілерінде ж.с.д. VII-VI ғасырларда және кейінгі орта ғасырға дейін кең таралған. Олар XIX-XX ғасырлардың басында қазақ, қырғыз, башқұрт және басқа да халықтардың сүйікті киімдерінің бірі болды.

 

Шалбардың балағы ұзын қонышты етіктерге салынған. Аяқ киім де үшбұрышты алтын таналармен безендірілген. Олар сол аяқтың сүйектерінде бұзылмаған күйінде сақталды. Әшекейлердің орналасуы бойынша аяқ киімнің пішінін және қоныштың ұзындығын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік болды. Бұл ұзын, тізеге сәл жетпейтін, шекпендегі секілді алтын таналармен безендірілген етік болғандығы сөзсіз. Қоныштың жоғарғы және төменгі жақтары тік бұрышты ұсақ әшекейлермен жиектелген. Осындай әшекейлі жиектер аяқ киімнің бас жағында, табанын айнала жасалған болуы мүмкін. Шалбарлар және етіктер еуразия көшпелілерінің киімдерінің бөлшегі ретінде ежелгі замандардан бері кездеседі. Геродоттың өзі сақтардың киімдерін сипаттағанда ұшы үшкір баскиімді және шалбарды айтып өтеді.

 

Күлоба ескерткішіне тиесілі ыдыстағы суретке қарасақ скифтерде шалбардың тар және кең балақты екі түрі бар. Олардың балағының төменгі жағы етіктің қысқа қонышына салынған. Тиграхауда сақтарының аяқ киімдері өкшесіз болғаны Персополис ападандарындағы бедерлерде көрсетілген. Бедерлерде аяқ киім қонышының үстіңгі жиегі, шекпеннің етегімен түйіскен қалыпта көрсетілген, бұл бейнелердегі аяқ киімнің қоныштары тізеге дейін жеткенін көрсетіп тұр. Әмудария көмбесіндегі алтын пластинада сақтар өрнекті шекпенмен және өкшесі бар, ұзын қонышты аяқ киіммен бейнеленген.

 

Алтайдағы Қаракөл обасынан ер адамның ұзын қонышты былғары аяқ киім, ал Пазырық обасынан – жоғарғы жағы өрнектелген, киізден жасалған ұзын шұлық табылған. Сонымен, археологиялық жәдігерлерді негізге ала отырып, сақтарда аяқ киімнің екі типі: былғарыдан және киізден тігілген, ұзын және қысқа қонышты түрлері болғанын айта аламыз. Осындай материалдардан сақ кезеңінде ер адамның шалбары тігілген болуы мүмкін. Солтүстік Моңғолиядағы Ноин-Ула обасынан табылған жәдігерлер, ғұн дәуірінің біршама ежелгі кезеңінде ер адамдар жүннен және жібектен тігілген шалбарлар және киіз шекпендер кигенін куәландырып тұр. Сонымен қатар ж.с.д. V-VI ғасырларда мерзімделетін Алтайдағы Катанды обасынан жүннен тығыз етіп тоқылған матадан тігілген шалбар және киіз аяқ киім табылған. Сонымен қалпына келтіру бағытында жүргізілген ізденіс жұмыстарының нәтижесінде есіктен табылған сақ адамының киіміне қатысты толық ақпаратқа қол жеткізіп отырмыз.

 

Есік обасында жерленген адамның киім-кешегінің толық сипаты мынадай. Басында биік, шошақ бөрікті, иек тұсында баулығы бар бас киім болған, ол алтын пластиналар мен жапсырмалар арқылы әшекейленген. Сол құлағының сырғалығының тұсынан бүршікті алтын сырға және көгілдір көзді салпыншақ табылды. Мойнында шығыршықты алтын алқасы бар, денесіндегі – көйлектің жағасы және жеңі түрлі пішінде жасалған, өрнекті жапсырмалармен жиектелген, оның сыртындағы теріден жасалған қызыл түсті шекпен толықтай алтын жапсырмалар және әшекейлер арқылы көмкерілген және саусақтарында – екі алтын жүзік, шекпеннің белі ауыр жиынтықты белдікпен буылған. Белдік зооморфты стильде жасалған, көлемді он алты алтын жапсырма әшекейлермен безендірілген; оның оң жақ шетіне қызыл түсті қынапқа салынған ұзын қылыш, ал сол жағына алтын пластиналармен әшекейленген қынапқа салынған қанжар-акинак ілінген; шалбары жүннен немесе былғарыдан тігілген және тігісі алтын жапсырмалармен көмкерілген. Шалбардың балағы киізден немесе былғарыдан тігілген ұзын қонышты, алтын жапсырмалармен әшекейленген аяқ киімнің қонышына салынған. Есік обасындағы сақ-тиграхауда өте бай киіммен жерленген.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: