Лукаш Крпалек: "Қазақстанның төл спортын дамытып жатқаны қуанышты жағдай!"

11 Қараша 2014, 11:06

"Әлем Барысына" қатысатын ең жүлделі балуан чехиялық Лукаш Крпалек.

"Әлем Барысына" қатысатын ең жүлделі балуан чехиялық Лукаш Крпалек. Чехия тарихында дзюдодан ең үлкен жетістікке жеткен балуан. 2013 жылы Парижде өткен мәртебелі турнирде (Гранд Слэм) үздік шығып, дзюдодан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің көшін бастады. Енді осы Чехияның ғана емес, әлемнің үздік балуаны «Әлем Барысында» қазақ күресінен өз елінің намысын қорғайды. Жарыс басталмас бұрын осы бір әлемдегі ең үздік балуанмен әңгімелесудің сәті түсті. 

- Лукаш, мен Чехиядан Петр Чех, Томаш Росицкий, Павел Недвед есімді азаматтарды білемін. Ал, сіз Қазақстаннан кімді танисыз?

- Мен сіздердің Президенттеріңізді білемін және Максим Раковты танимын (күліп). Болашақта Қазақстан туралы тереңірек біле жатамын деп ойлаймын. Бірінші рет келіп жатқандықтан, маған өзіме де қызық болып жатыр. 

- Астанада тұңғыш рет болып отырсыз ба? Қандай әсердесіз?

- Иә, бірінші рет болып отырмын. Өте әсем қала, жастар көп екен. Сәулеті жағынан әлемдегі керемет қалаларға дес бермейді. Тағы да келуге уәде беремін. 

- Жақында Астана қаласында дзюдодан әлемдік Гран При турнирі өтті. Сол жарысқа келмей, "Әлем Барысына" келудің басты себебі неде?

- Ол жарысқа дайын болған жоқпын. Гран При кезеңдік жарыс болғандықтан келесі турнирлерге қатыса беруге болады. Ал, "Әлем Барысы" жылына бір-ақ мәрте өтетін дода. Бағдарламасымен танысып шықтым, өзіме, бапкеріме қатты ұнады. Өзімді жаңа бір қырымнан танығым келді, оның үстіне әлемнің кіл мықты балуандары қатысады екен. Чехияда көбіне теннис пен футболға көңіл бөледі. Сол жағынан алып қарағанда сіздердің үлттық күрестеріңізді дамытып жатқандарыңыз қуантарлық жайт. 

- Астанада өткен дзюдодан Гран При турнирінде 100 келіге дейінгі салмақта Максим Раков жеңіске жетті. М.Раковпен қанша рет кездестіңіз? Оның қарымын қалай бағалайсыз?

- Максим Раковпен осы уақытқа дейін екі мәрте күрестім. Бір мәрте ол, бір мәрте мен жеңдім. Өте тәжірибелі балуан. Оның да жағдайы менікімен ұқсас. Дзюдодан Максим Раков Қазақстанның ең табысты балуаны, мен де Чехияның мақтанышына айналдым. Қазір әлемдік рейтингте 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде көш бастап тұрмын. Енді маған жетпейтіні тек Олимпиада чемпионы болу, Максимнің де арманы сол деп ойлаймын.

- Дзюдошы үшін қазақ күресі қаншалықты оңай, қаншалықты қиын?

- Негізі күрестің бәрі бір-біріне ұқсайды. Бірақ, қазақ күресінің біршама айырмашылығы бар екен. Біріншіден, жейдесінің жеңі қысқа. Бұл жағынан біраз дайындығымды пысықтадым. Дзюдодан ең мықты балуандар көбіне Азиядан шығып жатады, Неге деп ойласам, оның арғы мәні ұлттық күресінде екен. 

- Павлодар қаласында өтетін жарыста кімнің бағы жануы мүмкін?

- Куба балуаны мықты, поляк балуаны да осал емес. Ал, қазақ балуандары төл спорты болғандықтан басты қарсылас санауға болады. Оның үстіне өз жерінде ұтылмауға тырысады. 

Әңгімеңізге рахмет!

Қысқаша анықтама:

1990 жылы дүниеге келген.
Бойы – 195 см.
Салмағы – 100 келі.

Жетістіктері:


– 2013 жылы дзюдодан Будапешт қаласында өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы;
– 2013 жылы дзюдодан Рио-де-Жанейрода өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері;
– 2014 жылы дзюдодан Монпелье қаласында өткен Еуропа чемпионатының жеңімпазы;
– 2014 жылы дзюдодан Челябинскіде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы;

Сұхбатты El.kz оқырмандары үшін арнайы Павлодар қаласынан әзірлеген - Жандос БАЙДІЛДА.

Суреттердің авторы - Жеңіс ЫСҚАБАЙ.

Бөлісу: