Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы басты міндеттер қандай? Жаңа жобалар мен бастамалар қалай жүзеге асуда? ҚХА-ның болашақтағы жоспарлары қандай? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов жауап берді.
El.kz: Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуда қандай нақты жетістіктерге қол жеткізді?
Лугмар Буларов: Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) мәдениетаралық және этносаралық диалогты нығайтудың бірегей институты ретінде қалыптасты. Ол "халықтық дипломатияның" маңызды тетігіне айналып, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимыл алаңы ретінде өз орнын тапты. Қазақстандықтардың азаматтық бірегейлігін дамыту, елдің өркендеуі үшін жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ҚХА қызметінің басты бағыттары болып саналады.
Ассамблея этносаралық татулық пен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде айрықша рөл атқарады. Ол мемлекеттік органдар мен этностық қауымдастықтар арасындағы байланысты нығайтып, этносаралық қатынастар саясатын қалыптастыру мен жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, ҚХА түрлі этностық топтармен диалог жүргізіп, этномедиация арқылы күрделі жағдайларды реттеуге атсалысады, мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастырады. Осылайша, Ассамблея Қазақстан қоғамындағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың маңызды құралы ретінде қызмет етеді.
Өткен 30 жыл ішінде ҚХА елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстандық бірегейлік пен азаматтық қағидаттарына негізделген этностардың интеграциясы қамтамасыз етіліп, Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан конституциялық мәртебеге ие институтқа айналды. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Сонымен қатар, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі біріктіруші рөлін нығайтуға бағытталған шаралар іске асырылды.
ҚХА-ның Парламенттегі өкілдігі жаңа деңгейге көтерілді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблея ұсынысы бойынша Парламент Сенатының бес депутатын тағайындайды. Бұл заңнамалық деңгейдегі кері байланысты қамтамасыз етіп, этностар мүддесін білдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Парламентте ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім мәселелерімен айналысатын "Бір ел – бір мүдде" депутаттық бірлестігі құрылды. Оның басты ерекшелігі – Мәжіліспен шектелмей, палатааралық форматта жұмыс істеуі. Бірлестіктің құрамына 30 депутат кіреді: 10 – Сенаттан және 20 – Мәжілістен.
Ассамблея қоғамдық-саяси жаңғырту үдерісінде маңызды рөл атқарып, реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге және этностарды мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыруға тартуға ықпал етті. Саяси реформалар бағдарламасының маңызды нәтижелерінің бірі – азаматтық қағидаттарға негізделген біртұтас ұлт қалыптастырудың жаңа тұғырнамасы болды.
ҚХА алдағы уақытта жалпыазаматтық құндылықтарды қорғау және қоғамды топтастыру институты ретінде одан әрі дамуға баса назар аударады. Ассамблея этностарды қазақстандық қоғамға интеграциялаудың негізгі құралы ретінде өз миссиясын жалғастырып, Қазақстан халқының біртұтас азаматтық ұлт ретінде қалыптасуына ықпал етуді көздейді. Осы мақсатта ақпараттық ресурстарды кеңінен пайдалану, әлеуметтік желілерде белсенділік таныту, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын өз жұмысына тарту секілді шаралар қолға алынбақ.
El.kz: ҚХА бүгінде конституциялық мәртебеге ие маңызды қоғамдық институт ретінде танылды. Оның мемлекеттік шешім қабылдауға ықпалы қаншалықты маңызды?
Лугмар Буларов: Соңғы жылдары мемлекеттік этносаясат пен мемлекет құру жаңа идеологиялық бағыттарға ие болды. Ол қазақстандық азаматтық патриотизмге, заң алдындағы теңдікке және шынайы мүмкіндіктер теңдігіне негізделген азаматтық теңдікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ мемлекеттік қазақ тілінің біріктіруші рөлін нығайтуды көздейді.
Қазақстанда этносаралық саясатты басқаруды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамындағы Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті жүзеге асырады. Өңірлік деңгейде бұл саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру үшін ішкі саясат және қоғамдық даму басқармаларының құрылымдары қайта қаралып, этносаралық қатынастарды дамытуға бағытталған арнайы бөлімшелер құрылды.
ҚХА үкіметпен, парламентпен және қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істейді, бұл этносаясаттың тиімді іске асуына ықпал етеді. ҚХА сарапшылары этносаралық қарым-қатынастар, этномәдени бірлестіктерді қолдау, мемлекеттік тілді дамыту, мәдени мұраны сақтау және жалпыұлттық бірегейлікті нығайту бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді. Бұл өзара іс-қимыл қоғамдағы барлық топтардың саяси және әлеуметтік мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді.
ҚХА-ның консультативтік қызметінің маңызды аспектілерінің бірі – заң шығару процесіне қатысуы. Парламент Сенатында жұмыс істейтін ҚХА депутаттары әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған заңнамалық бастамаларды әзірлеуге және талқылауға белсенді атсалысады. 2023 жылғы маусым айында Президенттің тапсырмасымен «Бір ел - бір мүдде» депутаттық тобы құрылды. Бұл палатааралық топ этносаралық келісімді және ұлттық бірлікті нығайтатын заңнамалық бастамаларды қолдауға бағытталған. Ол Парламенттің екі палатасындағы депутаттарды біріктіріп, ҚХА-мен және азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыс орнатуда.
ҚХА өңірлердегі әкімдіктермен белсенді әрекеттеседі. Мұндай ынтымақтастық ақпарат алмасуға, туындаған мәселелерді жедел шешуге, этносаралық жағдайды мониторингтеуге және бірлескен бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді. 2023-2024 жылдары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен елдің барлық өңірлерін қамтыған мониторингтік сапарлар ұйымдастырылды, олардың нәтижелері жанжалдардың алдын алу шараларын әзірлеуге ықпал етті.
Осылайша, ҚХА консультативтік рөл атқара отырып, этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың әзірленуіне және іске асырылуына елеулі үлес қосуда. Сарапшылық әлеуеті мен билік құрылымдарымен тығыз қарым-қатынасының арқасында ҚХА қазақстандық қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға маңызды ықпал етеді.
ҚХА өкілдері Ұлттық құрылтайдың жұмысына белсенді қатысады. Ұйымның мақсаты – қоғамдық бірлікті нығайту, «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын ілгерілету және реформаларға белсенді араласу. ҚХА-ның саяси реформалар бағдарламасына интеграциялануы азаматтық бірегейлікті дамытуға, этносаралық қатынастарды үйлестіруге және елдің стратегиялық дамуына бағытталған бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
El.kz: Алдағы жылдары ҚХА қызметінің негізгі бағыттары қандай болады? Жастардың, әйелдердің және түрлі этностардың өкілдері қатысатын жаңа жобалар қарастырылып отыр ма?
Лугмар Буларов: Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында елімізде 400-ден астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында республиканың 25 жоғары оқу орны мен сараптамалық орталықтарында ҚХА-ның мерейтойына арналған 34 ғылыми-тәжірибелік конференция, дөңгелек үстел және семинар өтеді. Бұл шаралар барлық өңірлердегі университеттерде ұйымдастырылып, БАҚ-та кеңінен насихатталады.
Мерейтойлық іс-шаралар ресми түрде 2025 жылдың 1 наурызында – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде басталады. Негізгі оқиғалардың бірі – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін дөңгелек үстел, сондай-ақ елдің әр өңірінде облыстық форумдар ұйымдастырылады.
Алғыс айту күніне орай «Қайырымдылық керуені» атты ауқымды қайырымдылық акциясы бастау алады. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарын, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған түрлі жобаларды қамтиды. Сонымен қатар, ҚХА-ның қалыптасуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету рәсімдері өтеді. Бұл мереке аясында этномәдени ансамбльдер мен солистердің қатысуымен фестивальдер, көрмелер, концерттер ұйымдастырылады. Хореография, вокал және аспаптық музыка бойынша шығармашылық байқаулар да жоспарланған.
2025 жылдың 1-15 сәуір аралығында ҚХА-ның ХХХІV сессиясына дайындық барысында әр облыста әкімдердің төрағалығымен кеңейтілген кеңестер (конференциялар) өткізіледі. Бұл кездесулерде Қазақстанның өңірлеріндегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жетістіктер талқыланып, Ассамблеяның 30 жылдық дамуындағы негізгі нәтижелер сарапқа салынады.
El.kz: Ассамблеяның қызметіне жастарды тарту қаншалықты маңызды? «Ассамблея жастары» қозғалысы қандай нәтижелерге қол жеткізді?
Лугмар Буларов: Қазіргі таңда «Ассамблея жастары» – елдегі жастардың бірлігін нығайтуға, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және халықаралық деңгейдегі әріптестікті ілгерілетуге бағытталған маңызды платформа ретінде қалыптасты.
Тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, бұл ұйым Қазақстандағы ең белсенді жастар бірлестіктерінің бірі болып табылады. Бұл мәртебе үлкен жауапкершілік жүктейді және ұйымның қарқынды дамуын сақтап қалу аса маңызды.
2024 жылы ұйымның қызметі Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстырылмақ. «Ассамблея жастары» 2021 жылғы 17 қарашада ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің негізінде құрылды. Ол бұған дейін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келген жастар ұйымдары мен қауымдастықтарын біріктірді.
Ұйымның негізгі мақсаты – жастар арасында мәдениетаралық диалогты дамыту, интеграциялық үдерістерді күшейту және жас қазақстандықтарға өзін-өзі таныту мен шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінде «Ассамблея жастары» еліміздің барлық 20 өңірінде өкілдіктері бар, ал мүшелерінің жалпы саны 9 мыңнан асады. ҚХА-ның жетекші қоғамдық құрылымдарының біріне айналған ұйым 2024 жылы 158 мыңнан астам адамды қамтыған 3000-ға жуық іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ оның құрамында дарынды әрі белсенді жастардан құралған 62 мүшесі бар Төралқа жұмыс істейді.
«Жаңа толқын» атты ауқымды жоба аясында ҚХА кадрлық резервін қалыптастыру, этносаралық қатынастар мен қоғамдық-саяси салаларда көшбасшыларды даярлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «ҚХА Көшбасшылар мектебі» жобасы іске қосылып, еліміздің түрлі өңірлерінде дәрістер, тренингтер, кеңес беру сессиялары мен шеберлік сабақтары өткізілуде. Әсіресе, этникалық топтар тығыз орналасқан аймақтарға ерекше назар аударылады.
Ұйымның еріктілік бағыты қарқынды дамып келеді. Кез келген төтенше жағдайда «Ассамблея жастары» белсенділерінің көмегі бірінші кезекте ұйымдастырылады. Мәселен, 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде «Жүректен жүрекке» атты ауқымды қайырымдылық акциясына 12 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды. Бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА XXXIII сессиясында жоғары бағасына ие болды.
Халықаралық серіктестік те ұйым қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. «Ассамблея жастары» ЮНЕСКО, Еуропа Кеңесі және өзге де халықаралық интеграциялық алаңдармен тығыз байланыс орнатуда. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Тәжікстан Республикасына ресми сапары аясында ұйым мен Тәжікстан Жастар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, «Jastar Generation - 2024» халықаралық жастар лагері барысында Орталық Азия елдерінің жастар ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен бірлескен бастамалар талқыланды.
Бүгінде «Ассамблея жастары» Орталық Азия жастары арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды алаң ретінде танылып отыр.
El.kz: Қазақстанда 100-ден астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың еліміздегі мәдениетаралық диалогты дамытудағы рөлі қандай? Олар өз этностарының мәдениетін дамытуда және қоғаммен өзара байланыста қандай рөл атқарады?
Лугмар Буларов: Қазіргі таңда Қазақстанда 1000-нан астам этномәдени бірлестік (ЭМБ) белсенді түрде жұмыс істейді. Олардың ішінде 429 ұйым ресми түрде аккредиттелген, оның 15-і республикалық деңгейде, ал 414-і жергілікті және өңірлік деңгейде қызмет атқарады.
2024 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) бастамасымен шығармашылық ұжымдардың қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық құрамына этномәдени бірлестіктер жанындағы түрлі өнер ұжымдары енді.
ҚХА қолдауымен ЭМБ аясында мәдени-ағарту мекемелері, соның ішінде театрлар, би және шығармашылық топтар, жексенбілік мектептер және басқа да ұйымдар белсенді жұмыс істейді. Олар этносаралық келісімді нығайтуға және жалпыұлттық бірлікті сақтауға бағытталған іс-шараларға белсенді қатысады.
Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қолдауға арналған іс-шараларға тұрақты түрде шақырылады. Олар Мемлекет басшысының Жолдауы мен өзге де бағдарламалық құжаттарды іске асыруға белсенді түрде атсалысады. ҚХА сессиялары, кеңестер, түрлі форумдар аясында талқылауларға қатысып, сондай-ақ «Жүректен жүрекке», «Мектепке жол» сынды қайырымдылық акцияларына да белсенді түрде үлес қосады.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен еліміздегі бірқатар этномәдени бірлестіктер өздерінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы өзбектерінің «Дустлик» этномәдени қоғамдық бірлестіктер қауымдастығы да бар. Қауымдастық осы айтулы датаға орай маңызды шараларды дайындауда. Соның ішінде 7-8 ақпан күндері Түркістан облысында Өзбекстаннан келген делегаттардың қатысуымен ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидің туған күніне арналған іс-шараны өткізу жоспарланған.
El.kz: Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді дамытуға ерекше назар аударып келеді. Бұл бағытта қандай жаңа жобалар іске қосылуда?
Лугмар Буларов: Мемлекеттік тілді дамыту – Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) басты басымдықтарының бірі. Қазақ тілі азаматтық бірігудің, мәдени және рухани тұтастықтың маңызды құралы болып табылады.
ҚХА-ны дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған түрлі жобалар мен іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі:
Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен барлық ниет білдірушілерге арналған қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылған. Сабақты қазақ тілін үйретудің онлайн мектебінің негізін қалаушы, «12 грамматикалық құрылым. 365 жаңа сөз» кітабының авторы Оксана Нәбиева жүргізеді.
Мемлекеттік тілді кеңінен қолдану және дамыту мақсатында 2024 жылы ҚХА «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен меморандумдарға қол қойды. Осы келісім негізінде «Қазақстан халқының рухани-мәдени құндылықтары» кітаптар сериясын шығару жоспарлануда. ҚХА-ның 30 жылдығына арналған бұл жинақ этностардың 8 тіліне аударылып, сараптама комиссиясының мақұлдауынан өтті.
Президенттің ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жаңа жобасы іске қосылды. 2024 жылдың маусым айында Астанадағы Достық үйінде осы тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиында қазақ тілін меңгерген этнос өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары талқыланды.
Сонымен қатар, ҚХА «Қазконтент» АҚ-мен бірлесіп, мемлекеттік тілді дамытуға арналған подкасттар сериясын қолға алды. Алғашқы шығарылымдарға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Г.Шиповских пен «Қазақша сөйле» жобасының авторы А.Платонова қатысты.
Жобалар аясында қоғамдық келісімді нығайту және мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында әртүрлі этнос өкілдерінен құралған «Ассамблея құрамасы» командасы жасақталды. Бұл команда «Жайдарман» ұлттық лигасында чемпион атанды.
«Хабар» телеарнасы мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақшаңыз қалай?», «Таңғы ас» және «Менің кәсібім» айдарларын іске қосты.
Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету мақсатында «Qazak Cybersport Federation» РҚБ-мен серіктестік орнатылып, киберспорт комментаторларын (стримерлерді) қазақ тіліне үйрету бағытында жұмыс жүргізілуде.
Осылайша, ҚХА мемлекеттік тілдің рөлін күшейтуге бағытталған ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып, қазақ тілін меңгеруді ынталандыруда.
El.kz: Қазақстанда көптеген этностардың мәдениеті тоғысып жатыр. ҚХА мәдениеттердің өзара ықпалдастығын арттыру үшін қандай жобаларды жүзеге асырып келеді?
Лугмар Буларов: ҚХА қызметінің негізгі бағыттары ұлттық бірлікті нығайтуға негізделген «Әралуандықтағы бірлік» қағидатына сүйенеді. 2024 жылы өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қағидаттың жаһандық маңыздылығына ерекше тоқталып, оның Біріккен Ұлттар Ұйымының құндылықтарымен үндесетінін атап өтті. Осылайша, «Әралуандықтағы бірлік» идеясы мемлекеттік деңгейде толық қолдау тауып, елдің стратегиялық бастамаларымен ұштасқан ұлттық бірлікті сақтаудың және дамытудың басты қағидаты ретінде қалыптасты.
Бұл идеяны жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, халық пен мемлекеттің мүддесін қорғау, кез келген кемсітушілікке жол бермеу секілді негізгі принциптерді ұстанады.
ҚХА аясында осы бағытта бірнеше маңызды жоба іске асырылуда:
ҚХА-ның бұл бастамалары еліміздегі этносаралық келісімді нығайтып, бірлік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды қадамдар болып табылады.
El.kz: Қазіргі уақытта әлемде этносаралық қатынастар мәселелері жиі шиеленісіп жатады. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі қандай? Ассамблея мұндай сын-қатерлерге қалай бейімделуде? Сұрақты өзгертуге болады: Қазіргі уақытта әлемде түрлі жағдайлар орын алуда. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі қандай? Ассамблея сын-қатерлерге қалай бейімделуде?
Лугмар Буларов: Қазақстанның этносаралық қарым-қатынас саласындағы тәжірибесі көпқұрылымды әрі көпмәдениетті қоғам ретінде қалыптасуымен ерекшеленеді. Бүгінде ел аумағында 130-дан астам
этнос өкілдері өмір сүреді, бұл Қазақстанды этникалық әртүрліліктің бірегей үлгісіне айналдырады.
Этносаралық келісімді нығайту мақсатында 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның басты миссиясы – этностар арасындағы өзара түсіністікті арттыру, мәдени мұраны сақтау мен дамыту және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Ассамблея этникалық топтардың мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарып, жыл сайынғы сессиялар, мәдени іс-шаралар, форумдар мен кездесулер өткізіп келеді. Сондай-ақ, этносаралық қатынастарды дамытуға бағытталған түрлі жобаларды іске асыруда.
Соңғы жылдары жаһандық деңгейде орын алған шиеленістер мен дағдарыстар Қазақстанға да өз әсерін тигізуі мүмкін. Алайда, Ассамблеяның белсенді қызметі, қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық диалогты дамыту арқылы ел бұл сын-қатерлерге төтеп беріп келеді.
Мысалы, Ассамблея мүшелері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастарға патриотизм мен бірлік құндылықтарын насихаттауға арналған бағдарламаларды іске асыруда. Сонымен қатар, мемлекет этносаралық қатынастарды жақсартуға бағытталған заңнамалық және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда.
Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісімді нығайтуда және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаруды жалғастыруда.
El.kz: Этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтау үшін азаматтық қоғам қандай үлес қоса алады?
Лугмар Буларов: Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері өмір сүреді. Олардың өзара келісімі мен бірлігі – еліміздің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан этносаралық және конфессияаралық татулықты нығайтуды басты міндеттерінің бірі ретінде белгіледі. Бұл бағытта елдің негізгі заңы – Конституция барлық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға кепілдік береді. Сонымен қатар, елімізде діни сенім бостандығы да толық қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Этносаралық және конфессияаралық келісім – біздің баға жетпес байлығымыз. Біз елдің тұрақтылығы мен жалпыұлттық бірлікті сақтау және нығайту үшін жұмыс істеуіміз керек», – деп атап өткен болатын. Ол сондай-ақ, ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен тілін сақтау, дамыту үдерісі революциялық емес, эволюциялық жолмен жүзеге асуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Қазіргі Қазақстан – көпмәдениетті, полиэтностық және поликонфессиялық мемлекет. Мұнда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту азаматтық қоғам тұрақтылығының басты факторларының бірі саналады. Көреген ішкі саясатының арқасында еліміз этносаралық татулық пен өзара құрмет үлгісін қалыптастырып, халықаралық аренада танымал болды.
Тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекет барлық этностардың мәдени өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, олардың тең құқылы дамуы мен өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін қағидаттарды ұстанып келеді. Бүгінгі Қазақстан – этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылдың сәтті моделі ретінде әлемдік қауымдастықта мойындалған ел.
El.kz: ҚХА азаматтық бастамалар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын қалай қолдайды? Қазақстандағы азаматтық қоғамның даму деңгейін қалай бағалар едіңіз? ҚХА мен үкіметтік емес ұйымдар арасында қандай өзара іс-қимыл бар?
Лугмар Буларов: Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) үкімет, парламент және қоғамдық ұйымдармен тығыз өзара іс-қимыл жасайды, бұл елдегі этносаясаттың тиімді іске асуына ықпал етеді. ҚХА құрылымдары этносаралық қарым-қатынас мәселелері бойынша тұрақты түрде сараптамалық қорытындылар мен ұсыныстар әзірлейді. Бұл ұсыныстар этномәдени бірлестіктерді қолдау, мемлекеттік тілді дамыту, мәдени мұраны сақтау және жалпыұлттық бірегейлікті нығайту сынды маңызды бағыттарды қамтиды. Мұндай өзара іс-қимыл қоғамның барлық топтарының саяси және әлеуметтік мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді.
ҚХА-ның консультативтік қызметінің маңызды тетіктерінің бірі – оның өкілдерінің заң шығару процесіне қатысуы. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының құрамында жұмыс істейтін ҚХА депутаттары әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық бастамаларды әзірлеуге және талқылауға белсенді атсалысады.
2023 жылдың маусым айында Президенттің тапсырмасымен «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы құрылды. Бұл палатааралық топтың негізгі мақсаты – елдегі этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелерін заңнамалық тұрғыда қолдау. Топ Парламенттің қос палатасының депутаттарын біріктіріп, ҚХА және азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау саясатын ілгерілетеді.
ҚХА облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктермен де белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бұл серіктестік ақпарат алмасуға, өзекті мәселелерге жедел әрекет етуге, этносаралық ахуалды тұрақты бақылауға және бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, 2023-2024 жылдары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ел өңірлерінде мониторингтік сапарлар ұйымдастырылды. Бұл шаралар қоғамдағы жағдайды бағалауға және әлеуетті қақтығыстардың алдын алу үшін нақты шараларды әзірлеуге бағытталды.
Осылайша, ҚХА этносаралық келісімді сақтау және жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеп, этносаралық саясаттың тиімділігін арттыруға өз үлесін қосуда. ҚХА сарапшылық әлеуеті мен билік институттарымен өзара іс-қимылының арқасында Қазақстан қоғамындағы тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етуде.
Сонымен қатар, ҚХА Ұлттық құрылтайдың жұмысына белсенді қатысып, қоғамдық бірлікті нығайту, «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын ілгерілету және реформалар үдерісіне атсалысу бағытында маңызды рөл атқарады. ҚХА-ның саяси реформалар бағдарламасына интеграциялануы оған азаматтық бірегейлікті дамыту мен этносаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған бастамаларды талқылауға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, ҚХА үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған түрлі жобаларды жүзеге асырады. Бұл бастамалар этносаралық татулықты нығайту, мәдениетаралық диалогты дамыту және жастар саясатын қолдау секілді маңызды бағыттарды қамтиды.
El.kz: Өңірлердегі қоғамдық келісімді нығайту үшін қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр? ҚХА ауылдық аймақтардағы әлеуметтік мәселелерді шешуге қандай үлес қосуда?
Лугмар Буларов: Қазіргі уақытта өңірлік деңгейде этносаралық қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру міндетін ішкі саясат және қоғамдық даму басқармалары жанынан құрылған этносаралық қатынастарды дамыту бөлімдері атқарады. Бұл басқармалар жанында жұмыс істейтін өңірлік «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелері Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.
ҚХА облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл ынтымақтастық ақпарат алмасу, туындаған мәселелерге жедел әрекет ету, этносаралық жағдайды бақылау және бірлескен бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігін береді. Мысалы, 2023-2024 жылдары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өңірлерге арнайы мониторингтік сапарлар ұйымдастырылды. Олардың басты мақсаты – ахуалды саралап, ықтимал жанжалдардың алдын алу шараларын әзірлеу болды.
Этносаралық келісімді ауылдық жерлерде нығайту мақсатында ҚХА этномәдени бірлестіктермен бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізеді. Бұл бастамалар халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын арттыруға бағытталған. Әсіресе, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, жастар ұйымдары, Аналар және Ақсақалдар кеңестерінің жобалары ерекше маңызға ие. 2024 жылы республика бойынша ҚХА құрылымдарының ұйымдастыруымен 700 мыңға жуық адамды қамтыған 15 мыңнан астам іс-шара өтті.
Барлық өңірлерде ҚХА-ның қоғамдық жобалары кеңінен жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Әралуандықтағы бірлік», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы», «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елдесу және татуласу», «Жаңа толқын» секілді бастамалар бар. Бұл жобалар елдегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда.