Ұлттық тестілеу орталығының директоры талапкерлердің көкейкесті сұрақтарына жауап берді

2 Шілде 2015, 12:53

Мемлекеттік білім грантын жеңіп алу бойынша Ұлттық тестілеу орталығының директоры Әбдиев Қали Сейілбекұлымен сұхбат

El.kz редакциясы биылғы мектеп бітірушілері мен жоғары оқу орнына түсуді көздеген өзге де адамдар үшін «Талапкер 2015» атты жаңа айдар ашып, жоғары бакалавр атанамын деуші жастар үшін барлық қажетті ақпаратты жариялаумен айналысып келеді. Осыған орай, мемлекеттік білім грантын жеңіп алу бойынша бірқатар маңызды сұрақтар әзірлеп, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Әбдиев Қали Сейілбекұлына жолдаған болатынбыз. Мекеме басшысы журналистік сауалнамаға жауапкершілікпен қарап, қысқа уақыт аралығында мазмұнды жауап берді. 

– Ауыл квотасы дегеніміз не? Оны кімдер және қалай пайдаланады? Ол қалай жүзеге асады? 30 пайыз деген қайдан пайда болды? Ауыл квотасы барлық мамандықтарға қолданыла ма? Ауыл квотасының иегерлері ауылға қайтуға міндетті ме? Міндетті болса қай ауылға баруы тиіс?

– Ауыл квотасы – ауылдық білім беру ұйымдарын бітірген тұлғалар үшін ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындауға бағытталған мамандықтарға бөлінетін квота.

Ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота белгіленген мамандықтар бойынша конкурс мынадай түрде өтеді: осы мамандықтар мен оқыту тілі бойынша гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал қалған 30 пайыз грантқа конкурс тек ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға өткізіледі.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47-бап, 17-тармағына сәйкес, белгiленген квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргенннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi. Міндеттерін қай ауылда өтейтіндері «Білім туралы» Заңмен реттеледі.

– Кешенді тестілеуге кімдер қатыса алады? Биыл бұл тестті қанша адам тапсырады? ҰБТ сұрақтары жыл сайын 30 пайызға жаңарады және оның бәрімен мектеп бітірушісі бірінші рет танысады. Ал ТКТ тапсырушыларында осы 30 пайыздың ішіндегі сұрақтармен алдын ала танысып алуына мүмкіндіктері бар... Бұл қаншалықты әділетті?

– Кешендi тестiлеу өткен жылдардағы жалпы орта бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерi, техникалық және кәсiптiк (бастауыш және орта кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi) бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерi, ҰБТ-ға қатыспаған, халықаралық оқушылармен алмасу желiсi бойынша шетелде оқыған жалпы бiлiм беретiн мектеп бiтiрушiлерi, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бiтiрушiлерi, сондай-ақ оқу орнын шетелде бiтiрген тұлғалар үшiн өткiзiледi.

ЖОО-ға қабылдаудың үлгілік ережелеріне сәйкес, кешенді тестілеуге өтініш қабылдау 20 маусымнан 9-шілдеге дейін жүргізіледі. Қазіргі уақытта қабылдау комиссияларында кешенді тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау жүргізіліп жатыр.

Барлық пәндер бойынша тест тапсырмаларының жаңару, толықтырылу қажеттілік пайызы ҰБТ, ТКТ кезінде анықталады. Жыл сайын ТКТ тапсырушыларға арналған тест тапсырмалары базасы 30% шамасында жаңартылып отырады.

– Мемлекеттік грантты үйлестіру бойынша конкурстың өту механизмін сипаттап берсеңіздер...

– Білім беру гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша сертификаттағы балдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.

Білім беру грантын алу конкурсында қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша балдар ескеріледі.

Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде:

1) «Алтын белгі» белгісімен марапатталған адамдардың;

2) дербес білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар адамдардың;

3) тізбесін ҚР Білім және ғылым министрлігі айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми  жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері  таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.

Сонымен қатар, конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуына болатын жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектердің, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар азаматтардың басым құқығы бар.

Балл көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы жоғары тұлғаларға беріледі.

Балл көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде, және аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда гранттар бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріле отырып тағайындалады.

– Магистратура және PhD-ге үміткерлер тапсыратын Шет тілі пәні бойынша емтиханды сипаттап берсеңіздер… Ағылшын тілінің лексика-грамматика бойынша бөлімінде ағылшын тілі грамматикасына жатпайтын 2-3 сұрақ кездеседі, ағылшын тілінен баламалы тестілеу формаларында мұндай сұрақтар кездеспейді емес пе? Бұл қаншалықты орынды?

– «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК магистратура, докторантура, резидентура және адъюнктураға түсу емтихандарына арналған шет тілдері бойынша тестілеу өткізеді. Тестілеу 3 бөлімнен тұрады: Тыңдалым, Лексика-грамматика, Оқылым.

Тыңдалым бөлімінде тестіленушінің естігенін түсінуі мен оған қатысты тапсырмаларды орындау дағдылары тексеріледі. Бұл бөлімге 4 мәтіннің тыңдалымы және 32 тест тапсырмасы кіреді.

Лексика-грамматикалық бөлімде ағылшын тілі грамматикасы мен лексикасын білу деңгейі тексеріледі және 32 тест тапсырмасы беріледі.

Оқылым бөлімінде берілген мәтіндерден ақпарат табу, әртүрлі жанрлы мәтіндер мазмұнын түсіну, олардың логикалық тізбегін құру дағдысы тексеріледі. Әртүрлі мәтіндердің болуы біздегі шетел тілдерін оқыту әдістемесіне сәйкес келеді. Бұл бөлімде 3 мәтін, әр мәтінге 12 тапсырмадан беріледі.

Лексика-грамматикалық бөлімнің тест тапсырмалары арнайы белгіленген лексика және грамматика тақырыптары бойынша құрастырылады және бұл бөлімнің тест тапсырмалар базасында грамматикаға жатпайтын сұрақтар кездеспейді.

– Жалпы ағылшын тілі емтиханы тым оңай емес пе? Мәселен, оның «тыңдау» бөлімі баяу және екі рет оқылады. Ондағы диалогтар ана тілі ағылшын болып саналатын адамдар емес, акциенті бар адамдардың арасында жүретіндей... Күрделендіру жоспардай бар ма?

– Магистратура және докторантураға түсу емтихандарына арналған тестілеу үміткерлердің шет тілін білу деңгейлерін анықтауға арналған және тестілеу барлық мамандық иелеріне бірдей өткізіледі. Өткен жылдардағы тестілеу қорытындыларына қарап, шет тілдері бойынша емтиханды оңай деп айтуға болмайды. Мысалы, 2013, 2014 жылғы тестілеу нәтижелері бойынша айта кетсек: шектік балды (50 балл) жинай алмаған үміткерлер 2013 жылы - 25%, 2014 жылы -28 %-ды, 5 алған, яғни 90 мен 100 балл арасында жинаған үміткерлер 2013 жылы -5,95 %, 2014 жылы -8,32%-ды құрады.

Тыңдалым бөлімінің мәтіндерін беделді білім беру ұйымдарында ағылшын тілін үйретіп, сабақ беретін, анық және сөйлеу мәнері дұрыс қойылған, ағылшын тілі ана тілі болып табылатын шет ел азаматтары оқып дыбыстайды. Ол шет ел азаматтары қазақ, орыс тілдерін мүлдем білмегендіктен еш акцентсіз таза сөйлейді.

– IELTS және ТОЕFL секілді халықаралық тестілеу нәтижелерін әкелген үміткер бірден 100 ұпайға ие болады. Мәселен, IELTS 6,0 (100 ұпай үшін қажетті балл) жинау Сіздердің тесттеріңізден 100 ұпай жинағаннан гөрі әлдеқайда жеңіл, әрі оңай. Отандық тестілеу жеңілдеу болғанымен, максималды балл алу оңай. Ал қазір екінің бірі IELTS тапсырып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, өзіміздің тестілеу жүйеміз қажет болмай қалмай ма?

– Заман ағымына сай білікті маман болу үшін ағылшын тілін білу өте қажет. Сол себептен көп азаматтар арнайы тіл үйрететін курстарға барып шет тілін, оның ішінде ағылшын тілін жетік меңгеруге тырысады. Өздерін сынап, тілді меңгеру деңгейлерін анықтауды қалаған жағдайда IELTS және TOEFL халықаралық тестілеуін тапсырады, алайда бұл тестілеуді тапсыру және одан  жоғары балл алу көпшілікке қолжетімді емес. Ал Отандық тестілеуді тапсыруға өтініш білдірушілердің саны соңғы үш жылды алар болсақ бір қалыпты 30 000 шамасындағы үміткерді құрайды. Отандық тестілеудің тест тапсырмаларын әзірлеушілері еліміздің беделді жоғары оқу орындарының, көп жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибелі, жоғарғы санатты мамандары болғандықтан, сапасы жоғары. Мәселен, тест нәтижесі бойынша 2013 жылы 100 балл алған тек 1 тестіленуші болса, 2014 жылы 4 тестіленуші болды.

Тестілеудің сапасын арттыру мақсатында тестілеуге бірқатар өзгерістер енгізу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс хат жолданды.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастары және әлем тілдері университетінің базасындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі шет тілдер секциясы Common European Frameworkof Reference (CEFR, Шет тілін меңгеру деңгейінің Жалпыеуропалық жүйесі) негізінде Қазақстанға бейімдеп «Тілді оқытудың Ұлттық деңгейлік үлгісі» атты әмбебап шкаласын әзірледі.

Келешекте тестілеу нәтижесін осы әмбебап шкала бойынша бағалау, яғни үміткердің тестілеу нәтижесін тілді меңгеру деңгейі бойынша бағалау жоспарымызда.


Дархан Өмірбек

Бөлісу: