Ұлттық радиодағы сөз өнері

29 Қыркүйек 2020, 23:27 7625

Биыл Қазақ радиосына 99 жыл

Қазақ радиосы тарихы 1921 жылдың 29 қыркүйегінен бастау алады. Биыл бір ғасыр құрдасына айналып, дәлірек айтқанда 99 жыл бойы ұлттың үнжариясына болып отыр. Осынау күні біз бір кездері халқымыз үшін үлкен жаңалық болған, бүгінде қара шаңыраққа айналған ұлттық радионың басты ерекшелігі – сөз өнеріне тереңірек тоқталуды жөн санадық.

Ұлттық радиодағы көркемсөз құдіреті

1921 жылдың қазан айынан бастап ресми түрде хабар тарата бастаған Қазақ радиосы алғашқы жылдары Орынбордағы радиостанция арқылы күн сайын өздері дайындаған мың алты жүз сөзден тұратын радиобюллетеньді республикаға жариялауға құқық берілді. Қазақ радиосын зерттеген белгілі ғалым Намазалы Омашұлы «Ұзынқұлақтан Қазақ радиосына дейін» деп аталатын кітабында қазақ даласына радионың ерте пайда болуын былай түсіндіреді: «6 млн. халықтың 30 пайызы – орыстар, қалғаны қазақтар. Осындай қиын жағдайда үгіт-насихат жұмытарын жүргізуге тура келді. Шалғайда жатқан елді мекендерге газет жетпейтін немесе айлап жүріп баратын. Сондықтан, хабар-ошар берудің ең сенімді әрі тиімді жолы деп радионы таңдап алу қажеттіліктен туындады» – деп сипаттама береді. Сол заман тұсында радионың «ауызша газет» деген балама аты болды. Себебі, қарапайым халықтың басым көпшілігі әріп танымайтын. Мұндай жағдайда әуе толқыннан қажетті ақпараттар беру арқылы сауаттандыруға керек болды. Осыған байланысты: «Қазақ радиосы – барша қазақтың рухани тірегі. Кешегі өткен өмірімізде, бүгінгі бағындырған биіктерімізде болсын салт-дәстүріміз бен ұлт руханиятын ұлықтау жолында, елдік мәселені күн тәртібіне қоя білуде, ақпараттық заманда қоғамдық пікірді дұрыс жеткізе білуде Қазақ радиосының еңбегі зор», - дейді радионы зерттеген ғалым Намазалы Омашев. Шынында, радио қазақ елінің даму өркениетіндегі тамаша ғылыми жетістік. Өйткені қоғам дамуына, халықтың санасына серпін берген, ұлттық рухын шыңдаған ғаламат жаңалық деуге болады.

Қазақ радиосында хабарлар көркемсөз құдіреті арқылы жыл өткен сайын қарқынды дамыды. Жанрлық және жас ерекшеліктеріне байланысты олардың тұрақты тыңдаушылары болды. Алғашқы жылдары-ақ Қазақ радиосындағы хабарлардың пайыздың көрсеткіші былай қарастырылды: саяси хабарлар – 40%, көркем хабарлар – 32%, ғылыми білім беру жұмысы – 18%.

Осы көрсеткіштер арқылы Қазақ радиосында саяси хабарларға қарағанда ұлттың рухани дамуына ерекше назар аударғандығын байқауға болады. Өйткені, таратылатын ақпараттың жартысынан көбі аудиторияның дамуы мен қалыптасуына бағытталған.

Қазақ радиосының қалыптасуы мен дамуы қарқынды жүріп отырды. 1930-жылдары радионың өзге БАҚ арасындағы өзгешелігі туралы жиі айтыла бастады. Біріншіден, радиохабарлардың эфирден берілу ұзақтығыоның мазмұны мен маңыздылығына, психологиялық факторларға, тыңдаушы аудиториясының көптігімен байланысты болды. Екіншіден, эфирден өтетін хабар тілі-нің түсінікті әрі радионың сөйлеу стиліне сәйкес келуі қадағаланды.Үшіншіден, тікелей эфир болсын, таспа хабары болсын жүргізушісінің табан астынан суырып салу қасиеті жоғары бағаланды. Өйткені, мұндай әрекет тыңдаушыға жақсы әсер қалдыратын. Бұл заңдылықтар бүгінгі радиода әлі де өзекті болып саналады.

Баспасөз бетінде жазылған мәтінді радиода тыңдау екі бөлек нәрсе. Себебі, әуе толқынында дауыстап оқыған дүние жаңа сипатқа ие болады. Жағымды, жанды дауыс тыңдаушыға өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл Қазақ радиосының пайда болған жылдарында белгілі болған заңдылықтар.

Сол заман тұсында қағаз бетіне түскен мәтіннің барлығы әуе толқында жақсы оқыла бермейтіндігі, құрылымы қиын, көп сөзден құралған сөйлемдерді түсіну мен оны дауыстап оқудың өзі қиын екені жиі айтылды. Газет бетінде жазылған сілтемелер мен сандар радиода мүлде басқаша болып естілетін, себебі әуе толқындағы түрлі дауыс ырғағының көмегімен түрлентіп, құбылтуға болатын еді. Қазақ тіліндегі фонетикалық, синтаксистік, орфоэпиялық қарапайым ережелері де радиода өте маңызды.

БАҚ арасында аудитория ақпаратты сезінуді, түйсінуді адам ағзасы әртүрлі қабылдайды. Мәселен, баспасөзді оптикалық десек, радионы акустикалық, ал теледидарда оптикалық-окустикалық болып қарастырылады. Енді осы аталған салаларға жеке-жеке тоқталып өтсек. Газет бетіндегі мақаланы немесе суретті оқырман көру арқылы қабылдайды. Мақаладағы сөйлемдердің салалас-құрмалас болуы, үлкен көлемде жазылғаны оқырмаға кері әсер етпейді. Қайта мазмұны терең, жан-жақты қамтылған, көлемді мақала адамның танымын кеңейтуге үлесін тигізеді. Егер мақала тартымды болса, қайта оқып шығады. Өйткені, ақпаратты көру арқылы қабылайды, газеттің ерекшелігі осында. Ал радиода берілетін ақпарат тыңдау арқылы аудиторияның назарына ұсынылады. Онда көркемсөздің құдіреті ерекше әсер етеді. Баспасөздегідей мәтіндегі ұзақ сөйлемдер радиода тыңдаушыны жалықтырып алуы мүмкін. Әуе толқында дауыстың ырғақты, жеткізетін ойдың шұбалаңқы болмағаны абзал. Бұдан бөлек, жүргізушінің көңіл-күйі мен сезіміне де аса мән беріледі. Ал көру мен естуді қатар қабылдайтын теледидарда жағдай бөлек. Ең алдымен көздің жауын алатын бейне арқылы көрерменнің назары ауады, сосын дауысын естиді. Мұнда оптика мен акустика бір-бірін толықтыру арқылы үйлесім табады. Радиода жоғарыда айтып өткеніміздей, әр сөздің ырғағына, екпініне, дикцияға аса мән беріледі. Өйткені, теледидардағы сияқты есту мен көру қатар қызмет атқармағандықтан, әуе толқынында тек қана дауыс арқылы көркем жеткізудің нәтижесінде тыңдаушы естіген ақпаратты көз алдына елестете алуы қажет. Бұл – диктордың көркемсөз оқу шеберлігіне байланысты.

Қазақ радиосындағы диктордың жанды дауысы арқылы берілетін хабарларда аталған құбылысқа қарым-қатынасы мен көңіл-күйі, дауыс ырғағы бір-бірімен үйлесім тапқанда аудитория жақсы қабылдайды. Радиодағы көркемсөз ең нәзік, жылдам қабылдайтын бейнелеу құралы. Онда ой мен қимыл, сезім, мінез және оймен елестете алатын өмір шындығы бейнеленеді.

Қазақ радиосында берілетін хабарларда жаңа қоғам құру мақсатында қарапайым халық арасындағы рухани құндылықтар мен мәдениет, идеология мен білім беру мәселелері өте көп насихатталды. Мысалы, әдеби, драмалық, музыкалық хабарлар болды. Әдеби хабарлар эфирге шебер актерлердің дауысымен берілді. Өйткені, сол заман тұсында-ақ көркемсөз құдіреті арқылы радио тыңдаушыларының ұлттық рухын шыңдауға болатынын жақсы білген. Сондай-ақ қазақ жазушылары мен шығармаларын танытуда да зор үлес қосқан. Бұл туралы Бейімбет Майлин естеліктерінде жазып қалдырған. Ол өз жазбаларында Қазақ радиосынында айына екі рет жазушылардың шығармашылығына арналған хабардың эфирге берілетінін және өзі де бір санына қатысқанын зор ықыласпен еске алған.

Ал Қазақ радиосында алғаш рет шағын пьесалар екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және соғыс жылдарында берілді. Радио пьесаларда кейіпкерлердің бейнесі мен іс-қимылы көрінбегендіктен, актерлердің жүктемесі өте ауыр болады. Себебі, театр сахнасында қойылымды көріп отырған көрерменнің назары сахнаның безендірілуіне, ондағы неше түрлі көрнекі құралдарға, әртістердің шеберлігіне қимыл-қозғалысына, киіміне тағы да басқа дүниелерге назар аудару арқылы әртістердің жан-жақты қырын көруге болады. Ал, радио-пьесаларда жағдай бөлек. Өйткені, әуе толқыны арқылы берілетін шығарманың идеясын, кейіпкердің ішкі жан дауысын, табиғаты мен мінез-құлқын дауыспен, көркемсөздің құдіретімен ғана білдіре алады.

Қазақ радиосында академик Ахмет Жұбановтың кезінде қазақтың музыкалық спектаклі «Айман-Шолпан» тыңдаушылардың сұрауы бойынша бір маусымда жүз рет қойылған екен. Сонымен қатар, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген өнер қайраткері Мақсұтбек Майшекиннің «Балуан Шолақ», «Біржан-Сара» атты радиопьесалары да тыңдаушылардың қалауы бойынша бірнеше рет қайталап берілген. Ал, «Ертарғын», «Қыз Жібек», «Жалбыр» т.б. көптеген қойылымдардың радио нұсқасы да эфирден беріліп отырды. Сол арқылы көркемсөз құдіретін түсінетін актерлер, ақындар мен жазушылар, композиторлар мен әншілер Қазақ радиосында тұрақты жұмыс істесе, кей жағдайда арасында шақырып тұрды.

Қазақ радиосы сол заман тұсындағы еңбек адамдарына адамгершілік-эстетикалық қасиеттерін сіңіре отырып, көркемсөз бен радиодан берілетін өнер арқылы қоғамның биік мұраттарын, халықтың рухани қазынасын қайта жаңғыртуға күш жұмсады. Радиода берілген әдеби шығармаларда, радио-пьесалар мен қойылымдарда адам бойындағы ізгі қасиеттерді, еңбекқорлықты, мәдени сауаттылықты дамытуды, жағымсыз әрекеттерге қарсы тұра алатын қоғамының жаңа үлгісін насихатталды. Бұдан бөлек, орыс және шетел әдебиетінің шығармаларына да көп көңіл бөлініп, арнайы радиокештер ұйымдастырылды.

К. Маркс халықтың сауаттылығын арттырып, еңбек адамдарының арасында оқу-білімге, ұлттық болмысын қалыптастыруда, мәдени құндылықтарды бойына сіңіру жолында ана тілі арқылы жемісті іске асады деп тұжырымдама жасаған. Өйткені, адамның тілі арқылы ұлттық менталитеті, психологиясы, ойлау қабілеті, өмірлік қағидалары тағы да басқа құндылықтары арқылы өзге ұлттармен ерекшеленеді. Осы заңдылықты елді басқару ісінде В. И. Ленин баса назар аударған. Кеңес Үкіметін құрамындағы барлық ұлт тілдерінің еркіндігін, тең құқықтығын пайдалана отырып, ана тілін еркін сөйлеуге және сол тілде кеңестік идеологияны жүргізуді құптады.

Қазақ радиосының аудиториясы қарапайым халық болғандықтан, қазақ тіліне деген қойылатын талап өте жоғары болды. Мәтіндегі әрбір сөздің дәлдігіне, айқындылығына, мазмұнына, серпінділігіне назар аударды.

Алғашқы жылдары радиолардағы тіл мәселелелеріне байланысты кемшіліктерді профессор Д. Э. Розенталь: «Айқындықтың, баяндау қисынының бұзылуы, сөзді дұрыс таңдамау, лексикалық ұштастыру нормасын бұзу, мәтіндер жаттанды сөздерден, кеңсе сөздерінен құр алақан емес, сөйлемдердің сауатсыз құрылуына қарапайым салақтық та әсер етеді, соның нәтижесінде: сөйлем құрылымының ережесі бұзылады, сөйлем мүшелерін үйлестірудегі қателіктер бар, мәтіннің дұрыс естілуіне әрдайым көңіл бөліне бермейді. Бұл сөйлеу тілі үшін өте маңызды», - деп сыни пікір қалдырады. Ғалымның бұл пікірі радиолардың бір емес, бірнеше хабарларын тыңдай отырып жасаған тұжырымы. Шынында, радионың алғашқы жылдары мұндай кемшіліктер болды және ол заңды құбылыс. Себебі, ол кезде қалыптасқан дикторлар, арнайы мамандар тапшы, техникалық мүмкіндіктері де шектеулі болатын.

Жылдар өте келе Қазақ радиосындағы хабарлар әдеби сөйлеу тілінің қалыптасуына, қолданысқа енуіне себепші болды. Сондай-ақ, қазақ журналистикасы да дамыды.

Қазақ радиосындағы көптеген хабарлар арқылы тыңдаушы қазақ тілінің шұрайлы екеніне көз жеткізіп, әдеби нормаларын күнделікті өмірдегі қолданыста пайдаланып қана қоймай, сол арқылы ұлттық болмысын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін танып білді. Ұлттық рухы шыңдалды.

Өз тілінде сөйлесіп, өз тілінде жазған жұрт ұлт ретінде жойылмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – оның тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», - деп алаш қайраткері Ахмет Байтурсынұлы айтып кеткендей, тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Қазақ тілінің маңыздылығын арттырып, қолданыс аясын кеңейту сонау Алаш зиялыларынан бастап, бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді. Сол аманатты арқалаған Қазақ радиосының шаңырағы биік болатанына сенеміз. Күнделікті жедел ақпарат таратып, ел құлағын мазмұнды жаңалықтармен, ой қозғар хабарларымен, әуезді әндерімен, қос ішектен төгілген күйлерімен тербетіп отырған радионың бүгінгі таңдағы жетістіктері – еселі еңбектің игі нәтижесі. Ел ішінде «радиодан хабарлады», «радиодан айтты» деген сөз күні бүгінге дейін айтылып келеді. Жан жылуын сыйлар, нұр шуағын шашар сөздерден тәбәрік сыйлайтын дикторлардың қоңыр үнді дауыстары бірнеше буын ұрпақтың құлақтарына сіңісті болды. Әнуарбек Байжанбаев, Омархан Қалмырзаев, Мәмбет Сержанов, Жәнел Асқарова, Сауық Жақанова, Зияда Бекетова, Аманжан Еңсебаев, Бүркіт Бекмағанбетов сынды радио тарландарының дауыстары тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. Қазақ радиосы – тәрбие мектебі. Оны күнделікті тыңдап отырған адам – ұлттың жанашыры, елі мен Отанын шексіз сүйетін тұлғаға айналып шыға келеді. Таң қылаң беріп атқаннан бастап жұмысына кірісетін радио елдің тамырын ұстай отырып, жүрегінің лүпілін терең сезінетін жақсылықтың жаршысына айналды.

Қазақ радиосында сөзді дұрыс қолданылу арқылы тыңдаушыға ықпал ету маңызды. Айтылған ой ұлттың болмысы пен рухыни құндылықтарын дәріптесе, тыңдаушы сол арқылы өмірлік ұстанымы мен мақсаты айқындалады. Елге, жерге деген құрметі артып, болашақ ұрпағын сол бағытта тәрбиелесе мақсаттың орындалғаны.


Радиодағы ерекшелік – көркемсөз

Радио – өнер, радио – ақпаратты жылдам жеткізетін жаңалықтыңжаршысы, радио – кәсіп көзі, радио білім нәрімен сусындатқан мектеп, радио – өмір заңдылықтары мен құбылыстары туралы сыр шертетін сенімді дос, радио – өмірдің қиын сұрақтарына жауап беретін кеңісші. Осы және тағы да басқа мүмкіндіктерге ие ақпарат құралдарының бұл саласы дауыс құдіретімен де ерекшеленеді. Радиохабарларды есту арқылы қабылдайтын болғандықтан, сценарийде айтылатын мәтін мазмұны мен оның маңыздылығы және ең бастысы айтар ойды аудиторияға жеткізе білу.

Радио саласында ең маңыздысы – жағымды дауыс, нақты, сауатты жазылған мәтін. Осы арқылы редактор-жүргізушіаудиторияның назарын өзіне аудара алады. Дауыс адам жүрегінің үні. Берілетін ақпаратты журналист сезіне білсе, көңіл сүзгісінен өткізе алса, тыңдап отырған аудитория оған сенеді, жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді. Бұл жағдайда адам жанының тазалығы, шынайылығы мен ішкі мәдениеті үлкен рөл атқарады. Өйткені, микрофон алдында миллиондаған тыңдаушыға сезіледі. Тікелей эфир қарусыз майдан, онда тек өзіңе ғана сенім артасың, кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Тіпті қарсы пікір айтуы да ғажап емес. Ондайда, білімділік пен парасаттылық, жан-жақтылық қана көмектесе алады. Ал, бағдарлама жүргізушісі жалған дауыс жасап, шынайылықтан ада, ішкі дүниесі бос болса, өзіне деген сенімсіздігі тыңдарманға бірден байқалып қалады.

Микрофон алдында айтар ойды жүйелі, әсерлі етіп жеткізе білу кез келген журналистің қолынан келе бермейді. Радио жүргізушіден терең білімді, тақпырлықты, шешендікті, мәдениеттілікті, шынайылықты талап етеді. Бұған қоса, айтылған сөздің күші мен дыбыстың әуезділігіне де аса мән беріледі. Мәтіндегі әр сөзге дұрыс көңіл бөлмеу, екпіннің дұрыс қойылмауы, айтайын деген ойдың дұрыс жетпеуі тыңдаушыны тез жалықтырады. Ал радионың негізгі бейнелеуші құралы сөз болғандықтан, оған аса назар аудару қажет. Әуе толқынында дұрыс сөйлейтін жүргізуші беретін ақпараттың 40% интонация арқылы жеткізе алады.

Соңғы кезде радио тыңдаушыларды зерттеу барысында аудиторияның назарын қарату мақсатында мынадай тәсілдер қолданылады:

Біріншісі– бағдарлама басталған соң сәл үнсіздіктен кейін естілген жүргізуші үні. Сол сияқты сөйлемдегі сөз арасында жасалған тосын кідіріс. Мұндай техника арқылы 10-20 секунд тыңдаушы назарын аударуға болады. Мысалы, журналист Нұртілеу Иманғалиұлының кідірісі аудиторияға үлкен ой тастайды.

Дауысты бірқалыпты емес, бірде әлсін-әлсін баяу, бірде жоғарлату арқылы да назар аудартуға болады. Бұл оқу техникасында – дауыс ырғағы деп аталады. Әрі әуе толқынында оқылатын cөйлемнің ажырамас бөлігі болып саналады. Сөйлемде синтаксистік мағына беріп, эмоциялық экспрессистік рең беруші құралдардың бірі. Дауыс ырғағын күрделі құбылысқа жатқызуға болады. Өйткені, іркіліс, темп, тембр, екпін, сөзді айтуға кететін уақыт, қарқыны, күш, әуені тағы басқа көптеген компоненттер дауыс ырғағының физикалық құбылысына кіреді. Ол радиода берілетін хабардың мазмұнына қарай әртүрлі болып келеді. Мысалы: сұрату, түсіндіру, хабарлау, бұйыру, шақыру, қуану, т.б.

Екіншісі – тыңдаушы аудиториясының тура сол сәтте қажет деген, білгісі келетін ақпаратты беру. Радионың жылдамдығы мен қолжетімділігін пай-даланып, тыңдаушы күткен тақырыпты қозғау, шынайы ақпаратты жариялау. Сол арқылы ықпал ету.

Үшіншісі – хабардың тұрақты тыңдаушылары болса, хабар мазмұнына қарай өзі назар аударуға тырысады. Бірақ, мұндай тәсілдермен аудиторияны санаулы уақыт қана ұстауға болады. Ең дұрысы, бағдарлама басталғаннан бастап мазмұнының өзектілігіне мән берген маңызды. Қай кезде болсын тыңдаушыға қажет ақпараты ұсынған радионың ғұмыры ұзақ. Қазақ радиосының да көп жылдық тарихы осының айғағы болса керек.

Радиодан берілетін ақпарат тыңдау арқылы қабылданатындықтан, мәтіннің дұрыс оқылуы аса маңызды. Егер микрофон алдындағы бағдарлама жүргізушісі тыңдаушы назарына ұсынатын маңызды ақпаратты дұрыс оқымаса, берілетін материалдың құны жойылады. Сол үшін, диктор болатын маман мынадай маңызды міндеттерді естен шығармағаны абзал:

Бірінші міндет – диктордың тыңдаушыға жеткізетін хабардың мазмұнына терең үңіліп, өзі түсініп, бейнелеп, суреттей білу қажет. Ол айтатын ақпаратын өзіне емес, өзгеге екенін ұғынып, баршаға ұғынықты етіп жеткізуге міндетті.

Екінші міндет – сөздің өқу мақамын дұрыс анықтай білу. Мәтіндегі сөздерді анық, әрі мағынасын жоғалтпай жеткізу. Ол үшін эфирге дайындық барысында сөйлемдегі әр бір сөзге, дыбысқа мән беріп, бірнеше мәрте оқу қажет. Сол арқылы жүргізуші шыңдалады, микрофон алдында өзін сенімді ұстайды.

Оқылған сөз әсерлі болу үшін дауыс күшіне салу үлкен қателік. Өйткені, мұндай жағдайда қажетті көңіл-күй тумайды. Аудиторияға жағымсыз әсер береді, жалығады. Сөздің әсерлі, бейнелі шығуы үшін жүргізуші-редактор оқу мақамының (интонация) жоғары немесе төмен болуын анық-тап, сөйлемдегі екпіндердің дұрыс қойылуына, тыныс алудың реттілігіне мән беру қажет.

Енді интонацияға толығырақ тоқталып өтсек. Сөйлеу тілін жазба тілден ерекше етіп тұратын – интонация. Ол қағазға жазылған сөздің мағына-сын кеңейтіп жеткізеді. К. Станиславский өзінің «Работа актера над собой» деп аталатын еңбегінде «Сөйлеу дегеніміз-көңіл көзімен суретті образ жасау», - деген екен. Сол себепті, радиожүргізушінің сөйлеген әрбір сөзі анық айтылып, сөз бен дыбыстың естілуінде кедергі болмағаны жөн. Сөз қадірін түсінетін радиожурналист мәтіндегі әр сөзді мағынасын келтіріп, асықпай, шынайы, табиғи қалпында жеткізуге тырысады. Көмейден шыққан сөздің анықтығы – ойдың шынайылығы. Ал шынайлық, тыңдаушының жан дүниесіне әсер етеді. Жүрегін жаулап, ақыл-ойын тұсаулайды. Әуе толқынды басқа арнаға ауыстырмай, жіпсіз байлайды. Мұндайда радиожүргізушінің мақсатының орындалғаны, еңбегінің жемісі. Бағдарлама басталып, қажет деген тақырып таныстырылғанан кейін, микрофон алдындағы жүргізушінің шығармашылық ізденісі мен мүмкінді үлкен рөл атқарады.

Дикция. Көп жағдайда мұны дауыс ырғағымен шатастырып жатады. Ол дұрыс емес. Дикция – дегеніміз дыбыстың анық айтылуы. Бұл көп жағдайда дұрыс артикуляцияға байланысты. Анығырақ тоқталсақ, дауыстың шығу мүшелері: тіл, ерін, жақ сүйектеріне тікелей қатысы бар.

 Егер мәтінді оқыған кезде дыбыстардың айтылу кезінде кемшіліктер байқалса, арнайы жаттығулар арқылы ретке келтіруге болады. Ол үшін әр адам жеке қасиеттері бойынша өзіне қажет деген жаттығуларды жасауға мүмкіндігі бар. Ең бірінші, әрбір дыбыспен жеке-жеке дайындалу қажет. Сосын, анық айтылатын дыбыстардан құралған сөзге ғана емес, сол сөздің мағынасына мән беру керек. Яғни, сөйлемде айтылан ойдың нақтылығы мен мазмұны ерекше рөл атқарады. Ол үшін жүргізуші-редактор орфоэпиялық және логикалық сауатты болу қажет.

Сөйлеммен дикциялық жаттығу кезінде бір-бірімен қиылысқан сөздерді анық айтуға көңіл бөлінеді. Мысалы, ол бара алмайды, ол кеше бара алмады. Бұл сөздер айтылған кезде бірігіп, ол «баралмайды», ол кеше «баралмады» деп, кейбір дыбыстар түсіп қалады. Ал өлең-жыр, тақпақтарды оқыған кезде мағынасын түсіну қажет.

Қазақ тілі – өте көркем тіл. Оны дұрыс пайдалану, өзгелерге үлгі ету бағдарлама жүргізушілерінің басты міндеті. Қазақ тілі өзге дамыған елдердің тілдерімен терезесі тең. Себебі, қырланып, екшеленген, тұрақты ережелері мен заңдылықтары қалыптасқан. Сол заңдылықтардың ішінде сөздің дұрыс қолда-нысына байланысты қағидалар мынадай:

Біріншіден, лексикалық, грамматикалық заңдылықтар. Сөйлемнің құрылымына, сөздердің бір-бірімен дұрыс байланын қарастырады. Мысалы, сөз таптарының ерекшеліктеріне мән беріледі. Түбірге жалғанған жалғаулар мен жұрнқтардың дұрыс жалғануына назар аударылу, т.с.с.

Екіншіден, орфоэпиялық заңдылықтарға мән берген абзал. Сөйлемдегі сөздерді дұрыс дыбысталып, айтылуына назар аудару, табиғи әуенмен жеткізе білу, қажетті дауыс екпінін дұрыс пайдалану аса маңызды. Яғни, орфоэпиялық ережелерге бағыну керек.

Қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтарын, дұрыс сөйлеу тәртібі эфирде орындалса, көркем сөйлеу арқылы қазақ тілінің байлығын дәріптеген болар едік.

Дыбыстың қуат – күші дұрыс тыныс алуға байланысты. Жүргізуші-редактор дауысының еркін, ашық, нақты болуы оның қалай дем алғанына тікелей тәуелді. Кез келген адам саналы түрде ыңғайына қарай еркімен пайдалануға болады. Дұрыс тыныс алудың заңдылықтарын ұстанған жағдайда ағза дұрыс жұмыс істейді.   

Тыныс алу физиологиялық және фонациялық болып екіге бөлінеді. Адам сөйлемей, үнсіз тұрған кезде тыныс алу жолдары арқылы сырттағы оттегіні ішке тартып, дем алады. Өкпеге барған дем сыртқа шығар кезде көмір қыш-қылға алмасады. Дем алудың бұл түрін физиологиялық деп айталады. Ал, үнсіз дем алу кезінде дауыс қосылса, тыныс алудың мұндай түрін фоноционды деп атаймыз. Белгілі профессор, академик Дариға Тұранқұлова «Сахна тілі» деп аталатын төрт томдық оқу құралында көркемсөз оқу шеберлігі жөнінде көптеген зерттеулер жүргізген. Ғалым оқу құралының бірінші томында дұрыс тыныс алу туралы жаттығуларды ұсынады. Дұрыс тыныс алмаған адам денсаулығына да кері әсер ететінін зерттеуші Орал қаласындағы Островский консерваториясының оқытушы ұстазы Э.М.Чарелидің пайымдауын мысалға келтіреді. Дауысын дұрыс жолға қойғысы келген жас маман дербес жаттығулар жасауға міндетті. Мұндай жағдайда тиісті заңдылықтарды естен шығармаған жөн. Тыныс жолдарын-дағы бұлшық еттері көмей, жұтқыншақ, бұлшық еттері және ауыз қуысы өзара байланыста, анығырақ айтқанда бір-бірімен тәуелді жағдайда жұмыс істеуі керек. Егер көрсетілген нұсқаулықтан біреуі дұрыс іске аспаса, кері әсерін тигізеді. Мысалы, тыныс алу қызметін ғана алып қарастырсақ болады. Бұл жағдайда дауыс аппаратының қызметі нашарлайды. Яғни, өз мүмкіншілігінен артық тыныс алғанда, желбезекке артық күш түседі, дауыстың өзіне тән ырғақ – нақышын бұзады. Тыңдаушыға жағымсыз әсерін береді. Ал керісінше демді аз алған жағдайда, дауыс екпіні әлсіреп, оның еркіншығуына, әуенді естілуіне әсерін тигізеді. Білікті ларинголог-дәрігер Л.Д.Работновтың айтуы бойынша, көркемсөз оқығанда шамадан тыс дем жұту денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Өкпені артық ауамен керу кеңірдекті ұлғайтып, өкпедегі қан айналу процесін бұзады.

Сондықтан да, дұрыс дем алу, оны әдетке айналдыру өте маңызды. Тыныс алу, демді дұрыс пайдалана білу, дикцияны жақсарту үшін әңгіме, повесть, роман, өлең-жырлардан үзінді оқып жаттыққан пайдалы. Тыныс алуды, демді, дикцияны жаттықтыру үшін құрмалас сөйлемдерді оқудың әсері мол. Өйткені онда айтылатын ой, кездесетін тыныс белгілері жаттығуға жақсы әсерін береді. Жаттығу жасағанда бір орында қозғалмай отырып жасау шарт емес, жүгіріп те, билеп те жүріп тыныс алуға болады.

Дем алудың үш түрі бар. Олар: кеудемен тыныс алу, ішпен дем алу, аралас – диафрагмалық, яғни толық тыныс алу.

Дем алудың алғашқы түрі – кеудемен тыныс алу. Адам кеудемен тыныс алғанда екі иығы көтеріліп, кеуде тартылады. Кеуде мен иық бұлшық еттері жиырылады. Мұндай жағдайда ауаны артық жұтылып, дауыс әлсірейді. Жоғарыда айтып өткендей денсаулыққа зиян келтіреді.

Ішпен тыныс алу. Тыныс алудың бұл түрінде кеудеден төмен тұсқа өтеді. Демді ішке алған кезде бауыр еті төмен түсіп, сыртқа шығарған кезде жоғары көтеріледі. Ішпен тыныс алғанда жеңіл жүзеге асады.

Дем алудың алғашқы екеуімен сөйлеу сазын дамыту тиімсіз болады. Жақсы диктор, көркемсөз шебері болам деген маман дем алудың үшінші түрі – аралас диафрагмалық, яғни толық тыныс алып үйренгені абзал. Мұндай тыныс алудың артықшылығы өте көп және өкпесі таза, жақсы жұмыс істейтін адам-дарда ғана кездесіді. Енді өзгешеліне тоқталар болсақ, кеуде бұлшық еттері мен ішқатпары бір мезетте іске қосылады. Дем алғанда кеуде тұсы кеңіп, дыбыс жолдары ашылады. Бұл сөйлеу сазын дұрыс жолға қоюдың ең тиімді тыныс үлгісі.

Кез келген адамның жүріс-тұрысы, отырысы мен денесін ұстауы, дұрыс дем алудың қалыптасуына әсерін тигізеді. Мәселен, басын тік ұстап, кеуде тұсын көтеріп, екі иығын еркін қимылдататындай бос ұстап, ішті тартып жүру өзін-өзі сергек ұстап, деп алу үрдісінің жүйеленуіне пайдасы зор болмақ. Сонымен қатар, жауырын, желке, мойын, қарын, кеуде, жота, маңдай, жақ, бұлшық еттерін шынықтырып отыру үшін тұрақты түрде арнайы жаттығулар жасап отыру керек.

Дыбыс мүшелерінің қызметін ретке келтіру үшін оның құрылысына аса мән беген маңызды. Дыбыс мүшелері жұтқыншақ және сыртқы артикуляция болып екіге бөлінеді. Жұтқыншаққа – кішкентай тілшік, тамақ, тіл тамырларын жатқызсақ, сыртқы артикуляцияға – жақ,ерін, тілді айтуға болады.

«Дыбыстың анық айтылуы үшін: ерін, тіс, иек, тіл, кішкене тіл, көмеймен жаттығулар жасалуы керек», - дейді зерттеуші ғалым Дариға Тұранқұлова. Дикцияның дұрыс болмауы, дыбыс мүшелерінің дұрыс қызмет атқармауына тікелей байланысты. Егер сөйлеу кезінде дикцияда кемшілік табылса, оны органикалық бұзылулар деуге болады. Ол тілдің басқа ауыз қуыс мүшелерімен қалай орналасқанымен тікелей байланысты. Мәселен, тілдің қалыпты жағдадан үлкен немесе кішкентай болуы, ұзын немесе қысаң болуы өз әсерін тигізеді. Ал тілдің астыңғы бөлігіндегі байланысқан жері қысқа болса, кейбір дыбыстар дұрыс шықпауы мүмкін. Бұдан бөлек, екі жақ пен тілдің арасындағы байланысты кемшіліктері де дыбыстың кедергісіз шығуына өз әсерін тигізеді. Тістерлің дұрыс орналасуы,олардың арасы ашық болмағаны аса маңызды. Олардың арасында жылғалардың болмағаны дұрыс.

Адам ағзасындағы тіл мүшесі маңызды рөл атқарады. Жүйке жүйесінің талшықтары мен қан тамырлары жақсы жұмыс жасайды. Ол етті болғандықтан, еркін қимыдайды. Сондай-ақ, тіл – түрлі дәмді сезіп, сөйлеу кезінде өз үлесін қосады. Сөйлеу кезінде оның жоғары, төмен түсуі, ілгері немесе кейін шегінуі, жиырылуы тағы басқа қимыл әрекеті әртүрлі дыбыстардың шығуына әсер етеді. Тіл құрылымына қарай үш бөліктен тұрады. Олар: тіл түбі, тіл арасы, тіл ұшы деп қарастырылады.    

Егер радиода редактор-жүргізуші болғысы келген маманның ауыз қуысында осындай кемшіліктер байқалып, сөйлеген сөзі анық дыбысталмаса, арнайы жаттығулар арқылы реттеуге әрекет жасап көру қажет. Ең алдымен қазақ тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың санына, айтылуына зер салу маңызды.

Үшінші міндет – редактор-жүргізушінің логикалық және экспрессивті акценттерді, екпіндерді дұрыс табу қажет.

Әр адам дауысының өзіндік қасиеттері бар. Мысалы, кейбір радиожурналистердің дауысы жоғары болып келеді. Бұл көп жағдайда өзіне сенімді, ойын ашық жеткізе алатын мамандар. Ал келесі бір жүргізушілер дем алмай, бірнеше сөйлемді бір деммен оқуға мүмкіндігі бар. Мұндай қасиеттің оң және кері тұстары да бар. Мәселен, сөйлеу техникасын меңгеріп, заңдылықтарға бағынса, аудиторияны жалықтырмайды. Ал, керісінше бір деммен судыратып, тыныс белгілері мен мән-мағынасына үңілмесе, тыңдаушыны шаршатады. Дауыстың өзіндік бояуы (тембрі) қанық болса, онда тыңдаушы жадында бағдарлама жүргізушісінің дауысы жатталып қалады. Осы қасиетті радиода құбылтып пайдалану шеберлігіне, көркемдік танымына, өнерпаздық дарынына, көңіл-күйіне, табиғи, рухани болмысына байланысты. Дауыстың тағы бір қасиеті – оның күшінде. Дауыс күші дегеніміз – көмейден шыққан үннің ашықтығы, тазалығы, оны игере білу, яғни ақырын да, орташа да, қатты да сөйлеп, қатты сөйлеуден ақырынға, керісінше, ақырыннан қатты сөйлеуге көше білу. Жалпы оқу заңдылығы бойынша әңгіме айту, дауыстап оқу орташа қоңыржай дауыспен орындалады. Мәтіннің мазмұнына байланысты дауысты бірде көтеріп, бірде төмендетіп отырады. Кәсіби маман дауысты сапалық тұрғыдан бірден ажыратады. Ол диапазонмен өлшенеді. Дауыс мөлшері сөйлеу барысында айқындалады. Дауыстың биіктігі желбезектің ұзындығы мен қалыңдығына, бір секунттағы тербеліс санына байланысты.

Диктордың дауысы басты құралы болып есептеледі. Көркемсөз оқу шеберлігінде дауыстың алар орны ерекше. Ал сол дауыстың қасиетін, өзіне тән бояуын бұзып алмау үшін мынадай ережелерді есте сақтаған жөн:

Біріншіден, әр адам табиғи, Алланың жаратқан дауысымен сөйлеу қажет. Бірақ, бұл көмейден жығатын үннің жақсы, жағымды болу үшін еңбектенбеу деген сөз емес. Егер адамың о баста дауысы жіңішкелеу болса оны «жуандау болсын» деп жасандылыққа бармаған абзал. Өйткені, жаратылысынандауысы жіңішке болғандықтан оны өзгертемін деп, сөйлеу аппаратын бұзып алуы мүмкін.

Екіншіден, тамақ кеберсіп, жыбырлағанда жөтелмей, аздап су ішіп жіберген дұрыс. Қатты жөтел кезінде тамаққа салмақ түседі.

Үшіншіден, дауысқа күтім керек. Ұзақ сөйлеп немесе ұзақ өлең оқып дауысты шаршатпаған жөн.

Төртіншіден, тамаққа суық тиюдің алдын алған жөн. Дене қызып немесе терлеп тұрғанда суық су ішпеген дұрыс. Сәйкесінше мұндай кезде ағза суық нәрсені қалайды. Балмұздақтан да бас тартқан абзал. Аязды күні далада терең дем алмай, аз сөйлеу қажет. Егер тамақ жұтқыншағы сөйлеген кезде кедергі жасап, ауырған жағдайда, сөйлемеген пайдалалы.

Бесіншіден, мұрын жолының ауруынан сақтану керек. Дауыс пен тыныс аппараттарының аз даболса ауырсынғаны байқалса, дәрігердің тексеруінен өту керек.

Жүргізуші мәтінмен жұмыс жасар алдында мәтінді бірнеше рет оқып, танысып алғаны дұрыс. Өйткені микрофон алдында дауыстап оқыған сәтте сөздердің анық, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларына сай, ережелерді сақтаған жөн. Сөйлеу барысында дыбыстар бір-біріне ықпал етеді. Әсіресе біріккен сөздер (бірігіп жазылады) мен қос сөздер (дефис арқылы жазылатын) оқылғанда байқалады. Өйткені, мұндай сөздер айтылу кезінде бір ырғақпен айтылады. Мысалы, шек ара, алма кезек, қара күйе осы сияқты тағы да басқа сөздер бөлек айтылмай, «шегара, алмагезек, қаракүө» болып бір ғана деммен айтылады. Егер жүргізуші-редактор мұндай заңдылықтарды ескермесе, тыңдаушы құлағына жағымсыз естіледі.   

Психологтардың зерттеулері бойынша эфирден берілетін ақпараттың дұрыс қабылдануы аудиторияның түйсігіне, сезімталдығына, хабардың берілу формасына, ойнақылығына тікелей байланысты екен. Сол себепті, радиодан берілетін хабардың жанрына байланысты ақпараттың эмоцияналды болуы да маңызды болып есептелінеді.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: