Ұлттық музыкалық аспаптардың тартылу, дыбысталуы бойынша бөлінуі

19 Қараша 2014, 07:54

Музыкалық аспаптардың әрқайсысының өзіне тән дыбыс тембрі, динамикалық мүмкіндігі (ырғағы), белгілі бір диапазоны болады.

Музыкалық аспаптардың әрқайсысының өзіне тән дыбыс тембрі, динамикалық мүмкіндігі (ырғағы), белгілі бір диапазоны болады. Музыкалық аспаптардың дыбыс шығару сапасы аспаптарды жасауда қолданылатын материалдардың түрі мен қасиетіне, пошымына, дыбыс шығару тәсіліне байланысты. Музыкалық аспаптардың алғашқы қарапайым түрлері табиғаттағы түрлі дыбыстарға, адамның, хайуанаттардың дауысына еліктеуден шыққан. Ол ‘‘халықтық’’ және ‘‘кәсіби музыкалық аспаптар’’ болып бөлінеді. Әр халықтың музыкалық аспаптарының өзіндік ерекшеліктері болады. 

Қазақтың музыкалық аспаптарын тартылу және дыбысталу ерекшеліктеріне қарай бес топқа бөлуге болады.: ішекті аспаптар, үрмелі аспаптар, соқпалы аспаптар, ырғамалы аспаптар, ілмелі аспаптар.

Қазақтың музыкалық аспаптар (домбыра, қобыз, сыбызғы,даңғара, үскірік, кепшік, шаңқобыз, жетіген т.б.) ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан мәдени мұра. 

Кәсіби музыкалық аспаптарға симфониялық (опералық), үрлеп ойнайтын және эстрадалық оркестрлер құрамына енетін аспаптар жатады. Кәсіби аспаптардың шығу тегі халықтық музыкалық аспаптарға саяды. Музыкалық аспаптардың даму жолы адамзат қоғамының, оның мәдениетінің, музыкасының, орындаушылық өнерінің жолымен тығыз байланысты. Музыка жанрларының дамуына орай кейбір музыкалық аспаптар халық арасына кең тараған, өзгермей қазіргі заманға жеткен, ал бірқатары біртіндеп жойылып, олардың орнына жаңа музыкалық аспаптар пайда болған. 

1. Ішекті аспаптар: домбыра, үш ішекті домбыра, қос ішек, шертер, жетіген, тоғызтілік, қобыз, теркеш домбыра.

2. Үрмелі аспаптар: сазсырнай, сыбызғы, қоссырнай, қуықкеп, мес, қанасырнай, қыпшақы сырнай, адырна, ұран, мүйіз сырнай, қамыс сырнай, керней, үскірік.

3. Соқпалы аспаптар: теркеш қоңырау, даңғыра, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, кепшік, шың.

4. Ырғамалы аспаптар: аспа қоңырау, асатаяқ (қоңыраулы), асатаяқ (сылдырмақты).

5. Ілмелі аспаптар: шаңқобыз (шаңғауыз).

Қана сырнай – алты айыр, бір тетікті үрмелі аспап.

Қос әліпті сырнай – екі тетікті, үрмелі тетігі біреу.

Аспа қоңырау – асып қойып қағатын қоңырау.

Асатаяқ – тікеш сияқты, екі жағындағы қалбырға құмалақ тас толтырылады.

Теркеш қоңырау – әртүрлі қоңыраулы асатаяқ.

Теркеш домбыра – қоңыраулы домбыра.

Қуықкеп – мал қуығынан жасалатын сырнай.

Тоғызтілік – тоғызішекті домбыра, беті жұқа көн, үні қоңыр қаздай қаңқылдап шығады.

 

Бөлісу: