14 Қараша 2014, 02:42
Ұлттық музыкалық аспапты кез келген шебер жасай алады, бірақ олардың бірдей жақсы әуен шығармауы мүмкін. Әсем әуен мен сырлы сазды музыкалық аспапты дайындау үшін тәжірибесі мол, музыкадан хабары бар шебер болу қажет және сондай шеберлердің бірі – Нұрлан Абдрахман.
Нұрлан Абдрахманның өмірбаяны
1970-72ж. Алматы қаласының №46 кәсіптік-техникалық училищесінде саз аспаптарын жасаудың шебері мамандығы бойынша біліп алып, үздік деген бағамен бітіріп шықты.
Одан соң, 1975–1982ж. Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік Консерваториясында оқыды. 1979 жылы Консерватория қабырғасында жүріп, «Отырар сазы» ансамблінің алғашқы орындаушысы және инспекторы ретінде қызмет етіп, ары қарай оқу бітіргеннен кейін «Отырар сазы» оркестрінде саз аспаптарын ойнаушы болып жұмыс істеді. Оркестр құрамында жүріп Нұрлан Абдрахман бірқатар елдерге барып, қазақ мәдениетін әлемге таныту жұмыстарына үлес қосты.
1987-88ж. Құрманғазы атындағы Академиялық ұлт аспаптары оркестрінде орындаушы әрі саз аспаптарын жасау шебері ретінде жұмыс істеп жүріп, 1988-89ж. Мәдениет министрлігінің бұйрығы бойынша Ұлттық саз аспаптары мұражайында директордың орынбасары қызметін атқарды.
1989-92ж. «Мирас» шығармашылық кооперативінде саз аспаптарын жасау цехінің меңгерушісі қызметінде еңбек етеді.
1992ж. бастап Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Ұлт аспаптары оркестрінің саз аспаптарын жасау шеберханасының бас маманы қызметін атқарып келеді.
Сонымен қатар, 2001ж. бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының Қолданбалы сәндік өнер кафедрасында «Ағашты көркемдеп өндеу» бөлімінің ашылуына байланысты қызметке шақырылып, сол кафедрада аға оқытушы және доцент қызметін 2008 жылға дейін атқарады. Осы қызметте жүріп жаңадан ашылған мамандық бойынша оқу бағдарламаларын құрастырып, оқу шеберханаларын жабдықтауда көптеген жетістіктерге жетеді.
Н.А. Абдрахман Отырар сазы және Құрманғазы атындағы оркестрлерінің құрамында қызмет ете отырып, сазгер және дирижер Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, музыка зерттеуші этнограф Болат Сарыбаев сынды тұлғалармен бірлесе отырып, тікелей ізденістер мен зерттеулердің нәтижесінде жетіген, шертер, бас шертер, контра бас шертер, саз сырнай, сыбызғы, шаңқобыз, қылқобыз сияқты аспаптарды қайта жаңғырта отырып, қазіргі заман талаптарына сай үлгіде жасап шығады. Осы аспаптар қазіргі таңда Қазақстанның және шетелдердің түпкір-түпкіріндегі қазақ ұлттық аспаптарының ансамблдері мен оркестрлерінде кең қолданылуда.
Жинақтаған тәжірбиесі мен зерттеулерінің нәтижесі шетелдердің мәдени қайраткерлерін де қызықтырып, ол кісіге сан рет тәжірибе алмасуға да шақырады. Атап айтқанда, 1995ж. ҚХР Құлжа қаласындағы облыстық оркестріне сапар барысында шығармашылық байланыс орнатып, бірқатар аспаптарды жасап беріп қайтады.
2003ж. Калмыкия Республикасының Мәдениет министрлігінің шақыртуы бойынша астанасы Элиста қаласында ұлттық саз аспаптарын жасау шеберханасын ашып, оған шәкірттер даярлады және 30 жуық саз аспаптарын жаңғыртып жасап беру жұмысын атқарды.
2004ж. Башқұрт Республикасының Ұлт аспаптары оркестрінің сұрауы бойынша башқұрт ұлтының ұлттық аспаптарын зерттеп жасау жұмыстарымен айналысып, бірқатар аспапатарын жасап береді.
Жоғарыда аталған жұмыстар қазақ халқы мен өзге елдердің саз аспаптарының көне дизайндарын жаңғыртып, заманауи талаптарға сай түрлендіру мен жетілдіру жолында үлкен үлес қосуының нәтижесінде Н.Абдрахман Қазақстан Дизайнерлер одағына 2008 жылы мүшелікке қабылданды.
Бүгінде Нұрлан Абдрахман өзінің жекеменшік шеберханасында қызмет етеді. Ол қазір негізінен қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары: қобыз, домбыра, шертер, жетіген жасаумен айналысады және бұл жұмыстарда оған оның ұлдары Әділ Абдрахман мен Ержан Абдрахман көмектеседі. Шебер тек музыка аспаптарын жасап қана қоймай, оларға қажетті аксессуарларды да әзірлейді.
Осыдан бір ай бұрын Ел.кз жобасына арнайы берген сұхбатында Нұрлан Абдрахман «Егер арнайы кафедра, институт не мектеп ашып, тұрақты жалақысы бар штат болса, мен ұлттық музыкалық аспаптарды зерттеуге қуана-қуана кірісер едім. Тіпті кітап жазып қоймай, шәкірттер де тәрбиелеуге ниетім бар» деп айтқан болатын, әзірге бұл ой жүзеге аспай отыр.
Редакцияның атынан айтарымыз, тарихымызды, дәстүрімізді насихаттауға ниет білдірген кәсіпкерлер, ұйымдар, мекемелер осындай жанашыр азаматтарға қолдау білдірсе нұр үстіне нұр болар еді.
Дәурен Омаров
Өмірбаян мен фото материалдар zhetigen.kz сайтынан алынды