Ұлттық музей басшылығына қатысты істі тергеп-тексеру жалғасып жатыр – Антикор

16 Шілде 2022, 09:55 1319

Агенттік 1,2 млрд теңге жымқырылғанын мәлім етті

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Бұл туралы аталған агенттіктен мәлім етті, – деп хабарлайды El.kz.
Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Күдіктілерге 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D моделін құру» жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.

– Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төлеген.Бұл ретте жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстардың нақты құны 83,4 млн теңгені құрағанын анықтады.Осылайша, жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілді.Тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды, –    делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

Еске салайық, биылғы мамыр айында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталып, оған қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылғаны мәлім етілді.
Ол уақытта Антикор қызметі ҚР Ұлттық музейінің лауазымды қызметкерлеріне және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатының 146 млн теңге сомасын жымқырды деген айып тағылғаны туралы айтылған еді. Бұл қаражат «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында қолды болғаны мәлім етілді.

Бөлісу: