Ұлттық киноны қолдау орталығы ұлттық киноға қанша қаржы бере алады?

28 Шілде 2022, 02:06 3056

Биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген конкурстың қорытындысы бойынша 62 киножоба қаржыландырылады.

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде 2022 жылы мемлекеттік қаржыландыру алған киножобаларды іріктеу конкурсының нәтижелеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды EL.KZ.

Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Брифингтің негізгі спикерлері Қазақстанның халық әртісі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы (ҰКҚМО) жанындағы Сараптама кеңесінің төрағасы Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің мүшесі Ақан Абдуәлиев және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов болды.

Биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген конкурстың қорытындысы бойынша 62 киножоба қаржыландырылады. Салыстыратын болсақ, 2019 жылы 17 киножобаға, ал 2020 жылы 39 фильмге қолдау көрсетілген.

Сарапшылар атап өткендей, 18 толықметражды көркем фильм, 19 деректі,  17 қысқаметражды және 8 анимациялық фильмнен тұратын түрлі жанрдағы 60-тан астам киножобаның бір уақытта шығарылуы елімізде бұрын-соңды болмаған жағдай.

Осы жылы мемлекеттік қаржыландыру сомасы 5,6 млрд теңгеден асты. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар фильмдерге (анимацияны қоса алғанда) 4,95 млрд теңге жұмсалады. «Дебют» санатындағы фильмдерге шамамен 500 млн, кең ауқымды көрермендер аудиториясына арналған фильмдерге 129,5 млн және бірлесіп шығарылатын фильмдерге 25 млн бағытталады.

Досхан Жолжақсынов журналистер алдында сөз сөйлеп, байқау кезінде көп нәрсе өзгергенін айтты.

Сараптама кеңесінің құрамы 80% жаңартылып, ұсынылған киножобалардың сапасы жақсарды, бұрынғыдан әлдеқайда қызықтырақ. Көп қаражат сұрайтын үлкен, монументалды жобалар азайды. Биыл көп жобаларды жастар буыны ұсынған, - деп атап өтті Сараптама кеңесінің төрағасы.

Д. Жолжақсыновтың айтуынша, Кеңес мүшелері кино әлеміне жаңа қадам басқан жастарға жолдама бола алатын бюджеттік жобаларға басымдық беруге тырысқан. Қазақстандық киноның сапасы туралы айта отырып, ол жас көрерменге қажетті отандық анимацияға жеке назар аударды. Егер алдыңғы екі конкурста 5 анимациялық жоба қолдау тапса, биыл олардың саны 8-ге жетті.

Спикер конкурсты өткізу ашықтығын, яғни жобаларды қорғау процесінің түгел онлайн-трансляцияланатынынайтты.Алайда, кез-келген байқаудағыдай, жеңілгендер де бар, барлық жобалар мақұлданбайды.

Биыл ашық киножобалар қорғауына 208 өтінім жіберілді, оның ішінде 122 толықметражды және 86 қысқаметражды фильм бар. Байқау өтінімдерінің арасында әлеуметтік маңызы бар ойын фильмдері, деректі және дебюттік фильмдер өте көп.

Өз кезегінде Ақан Абдуәлиев жас кинематографистерді қолдау мәселелеріне тоқталды.

ҰКҚМО конкурстары жайлы айтар болсақ, 2020 жылғы конкурс қорытындысы бойынша 39 жоба мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға ие болған. Оның ішіндегі 5 дебюттік, 9 қысқаметражды, 5 анимациялық және 4 көркем жобаны жас режиссерлер түсірген. Осы жылы өткен конкурсқа 200-ден астам киножоба ұсынылды, олардың ішінде ондаған дебюттік жобалар бар. Сондықтан біздің жастар буыны өте белсенді. Олардың шығармашылық жоспарлары мен көркемдік көзқарасы, өмірбаяны мен білімі әртүрлі, бірақ олардың барлығы Қазақстанның жаңа киносын шығарып, ол арқылы жаңа идеяларды көпшілікке жеткізеді, - деді спикер.

Брифинг барысында өзекті кинопрокат мәселелері де қозғалды. ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкеновтің пікірінше, прокат мәселесі жақсаруы керек.

Бюджеттік тираждау және дистрибуция бағдарламасы бар, оны біз биылғы жылы жандандырамыз. Ол арқылы мемлекеттік қолдауға ие болған фильмдер дистрибьюторлармен – киноны сататындармен және кино көрсететіндермен тікелей жұмыс істей алады. Біз бұл тетіктерді пысықтаудамыз, - деді Б. Шөкенов.

Сонымен қатар, спикер 2022 жылы фильмдердің техникалық сипаттамасында оларды түсірілімге дайындау кезеңінде ілгерілету туралы міндетті бөлім болатындығын айтты.  

Яғни, мемлекет өндіріске бөлетін ақшаның бір бөлігі киноны ілгерілетуге бағытталады. Киноөндірушілер бастапқыда картиналарды прокаттауға қаржы бөледі. Бұл мәселені қатаң қадағалайтын боламыз. Және фильмдер тұрып қалмас үшін, фильм түсіріліп, көрерменге жетпей қалатын жағдайларды болдырмас үшін өз тарапымыздан бар күшімізді саламыз, - деп қорытындылады ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары.  

Айта кету керек, Киноорталық деректі және қысқаметражды фильмдерді отандық платформаларда көрсетуге мүмкіндік беретін стримингтік компаниялармен келісімшарттар жасасқан.
EL.KZ
Бөлісу: