11 Ақпан 2015, 09:21
Қазақ асты қадір тұтқан. Тіпті асқа бата берген. Дәмдес болған адамның сыртынан ешқашан ғайбат айтпайтын болған. «Асын ішіп, аяғын теуіп» деген тіркес осыдан пайда болған. Көкте қалықтап жүргенді «Астан үлкен емессің» деп бір ауыз сөзбен-ақ жерге түсірген. Осының барлығы қазақ ұлтының тұрмыстағы мәдениетін көрсетеді. «Ас атасы – нан» деген де өзіміз.
2011 жылы Парижде ауыр атлетикадан қазақтың толағайы Илья Ильин Әлем чемпионы болды. Сол кезде әлемдік БАҚ диктофонын ала шауып, Илья Ильинге «Жетістігіңіздің сыры неде?» деген сұрақ қойды. Сонда Илья Ильин көп ойланбастан қазы-қарта, жал-жая жейтінін айтып берді. Бұл сөзді араға бір жыл салып еліміздегі спорт саласының мамандары да дәлелдеп берді.
Сол жылы Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов Лондонда өтетін Олимпиада ойындарына балуандарымыз бен зілтеміршілерімізге қосымша тағамдарымызды алып баратынын айтты. Ол қандай тағам? Қазы-қарта мен бекіре уылдырығы. Уызына жарыған ұлды да қызды да әлдендіріп, бойына күш бітіретін тағамдар. Қазы-қартаны білесіздер, ал уылдырық ше? Каспий теңізі мен Еділ-Жайық өзендерінде бекіренің екі түрі бар. Уылдырығының дәмі тіл үйіреді, сондай-ақ, адамға қуат береді.
«Ораза намаз тоқтықта» деген. Ауыз бекітіп, ораза тұтқанда таңнан кешке дейін аш жүру қиынның қиыны. Әлі күнге дейін Рамазан айында кез-келген мұсылманның үйінде талқан болады. Егер сәресіге талқан былғап жесеңіз, оның қуаты бойыңыздан 20 сағатқа дейін жоғалмайды.
Қарап отырсаңыз қазақтың ұлттық тағамдарының барлығы дерлік тек қарын тойдыру үшін емес, денсаулыққа да пайдасы мол. Калориясы көп, иммунитет күшейтеді.
Қазақ төрт түліктің етін ғана емес, сүйтін де пайдаланған. Жаңа сауылған, пісірілген және шикі сүттерін пайдалана отырып, қолма-қол жеп-ішуге, белгілі бір мерзімге дейін және ұзақ уақыт сақтауға болатын түрлері жасалынады. Сүт тағамдары қазақ халқының ерте кезден дайындауында өзіндік тәсілі бар, дәмді де бағалы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құнды тағамдарының бірі.
«Сүт сұрасаң айран берген» деп сүттен жасалатын тағамдарды айтамыз. Сүттен айран, қатық, қойыртпақ, қорықтық, сары май, құрт, ірімшік, сүзбе, іркіт, қымыз бәрі дайындалады. Аты аталған тағамдардың барлығы да денсаулыққа пайдасы зор. Қазіргі кезде отандық өнімге, соның ішінде ұлттық тағамдарға сұраныстың артуы осыдан.
Әзірлеген: Досжан Мейірбек.
Суреттердің авторы: Максим Рожин.