Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Ғазиза

24 Қыркүйек 2021, 11:27 11191

Ғазиза Тілеубай – жас кәсіпкер, ол кез келген адамның қолынан келе бермейтін құйма құю ісімен айналысады. Бұдан бөлек ұлттық киімдер тігетін шағын тігін цехы мен шеберханасы бар. Ғазиза суретшілердің отбасында дүниеге келді. Күнұзақ ата-анасының шеберханада шығармашылық жұмыспен айналысып, бір-біріне қолдау көрсетіп, қайталанбас өнер туындыларын жасайтынына куә болып өсті. Мектеп бітірген соң, шеберханаға керек құйма құятын, металл қыздыратын пешті өзі жасау мақсатында техникалық колледжге оқуға түсті.

 

– Бала кезден қолөнерге, ұлттық дүниелер жасауға қызығушылығым болды. Тек бар назарымды салып, кіріскен кезім мектептен кейін еді. Қыздар көп түсе бермейтін мамандыққа тапсырып, кілең ұлдардың арасында оқыдым. Бұл мамандық өзімнің құйма пештерімді жасап шығаруға көмектесті. Әкем Бауыржан Тілеубаев 1989 жылы шағын цехпен бірге, жарнама агенттігін ашқан. Ал 2002 жылы құйма өнерін қолға алды. Бізде құйма пештері жоқ болған соң қола дәуіріне жататын жәдігерлердің көшірмесін құйып шығару үшін Ресейдегі цехтарға тапсырыс беру керек. Ол уақытта шегенің көлеміндей кішкентай затты құйып беру 200 доллардан жоғары бағаланатын. Біз үшін қымбат көрінді. Сол үшін әкем өзі ізденіп, үйреніп, Андронов тайпасының тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан сыр шертетін жәдігерлерді өзі құйып шықты. Қаншама жылын сарп етті. Үлкен көрмелерге қатысты. Ал бұл мамандықты меңгергеннен кейін құйма құю не себепті қымбат болуының себебін түсінесің. Өйткені қалыпты шешу керек, моделін дайындау керек, тағы басқа жұмыстары көп. Миллиондаған теңге тұратын құйма қыздыратын пешті өзім құрастыру үшін де мамандықты соған сай таңдадым. Біздің отбасында еркіндік бар. Диплом үшін ғана емес, қажетті мамандықты игеруге тырысамыз. Бұл көп жастың назарында жүрсе деймін. Аты ғана сәнді естілетін, көп талапкер тапсыратын мамандықтың соңынан жүгірмей, ең бастысы өзіңе ұнайтын, қажетті маман иесі болуға тырысу керек. Сонда әр ісіңнің берекесі болады, – дейді Ғазиза.


Осылайша құйма құю ісін меңгерген ару кез келген бұйымның қалыбын құрастырып, құйып бере алады. Ол кәсіпті ары қарай дамыту мақсатында бес жыл бұрын облыстық инновациялық жобалар байқауына қатысып, грант алуға ұсынып көрген. Бірақ қол жеткізе алмады.


– Жеңімпаз атансаң үш миллион теңге беретінін естіп, оның үстіне инновациялық жобалар байқауы дегенді көріп қатысқан едім. Бірақ сол жолы құрылысқа қажетті шлакоблок шығаратын кәсіпкер жеңіп алды. Шлакоблок құюды мен инновациялық жоба деп қабылдамаймын. Қаланың сыртына шықсаңыз, онымен айналысатын шағын цехтар өте көп. Ал құйма өнері Қазақстан бойынша дамымаған. Ренішім болды. Одан кейін мемлекеттік қолдау алуға тапсырған жоқпын. Өз тапқанымызды кәсіпті дамытуға салдық. Өндірістік деңгейге жеткізуіміз керек болды. Әлі мақсатымыз толықтай орындалған жоқ. Бірақ біз аз тиражды заттардан көп тиражды заттар шығаратын өндіріске өзгеріп, дамып келе жатырмыз. Қазіргі таңда зергерлік бұйымдар мен басқа заттардың моделін жасаудан бастап, қалыптау, құю, тазалау жұмыстары бәрі өзіміздің шеберханамызда, өз қолымызбен жасалынады. Шикізаттың бәрін өзімізден аламыз. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында қалайы өндіретін зауыт ашылып, кен орны игеріліп жатыр. Бұл бізге үлкен көмек болды. Яғни, біздің өнімдерді 100 пайыз қазақстандық өнім деп айтуға болады. Шағын шеберхана-дүкенімізде ежелгі дәуірдегі қару-жарақтың 20-ға жуық түрі бар. Қыз-келіншектерге арналған сырға, алқа, жүзіктің де түрі көп. Ал шетелден келушілер көбіне күн және бұқа бейнесін, қоладан құйылған аттылы күймелерді сатып алады. Сондай-ақ, қыздардың әшекей бұйымдарына сұраныс көп. Жақында зергерлік бұйымдар бойынша өзге қалалардан серіктес болып, бірге жұмыс істейтін адамдар іздеймін. Жыл соңына дейін топтаманы дайындап үлгеру үшін тынбай еңбектеніп жатырмыз, – дейді Ғазиза.

   

Бұдан бөлек Ғазиза Тілеубайдың есімі ұлттық нақыштағы ерекше киімдермен де танылып келеді. Он жыл бұрын ол қазақ қыздары мен әйелдерінің бас киімі қасабаны тіге бастағанда көпшілігі түсінбеді. Сондықтан қасабаны көбіне төре, сұлтан қыздары киетін бас киім болғанын, Жәңгір ханның әйелі Фатима ханымның суретінен көруге болатынын дәлел ретінде келтіріп, насихаттап жүрді.


– Бас киімдерді тігіп, бөлісе бастағанымда көп адам қызығушылық танытқанымен, бұл қазақтың бас киімі емес, түрік, өзбек немесе басқа халықтардікі деп сеніңкіремейтін. Шеберханамызға ат басын бұрған әр адамға түсіндіріп, дәлелдеу керек болды. Бізде бас киімнің түрі өте көп болған. Жасқа байланысты ер адамдар да, әйелдер де тақия, топы, тымақ, бөрік, сәукеле, тағы басқа бас киімдердің түр-түрін киген. Бас киіміне қарап, оның дәрежесін ажырататын болған. Бір жыл бұрын Алматыдан Шымкентке қайта көшіп келгеннен кейін бас киімдерге үйлестіріп костюмдер тіге бастадым. Оған түрткі болған «Қазақ хандығы» киносы еді. Сол киноға түскеннен кейін қолға алу керектігін түсіндім. Бүгінде киім тігетін жеке шеберханам бар. Өзімнің тігін тігуге шыдамымның жетпейтінін түсініп, талғаммен тігетін, өз ісін сүйетін тігінші қыздарға жұмысты тапсырдым. Өзім дизайнын жасап, матасын таңдап беремін. Біздің киімдердің барлығы тарихи деректерге сүйеніп тігіледі. Түпнұсқадан алыстамаймыз. Бас киімдер мен киімдерде өсімдік тектес бейнелер көп бейнеленгендіктен, оған біздің көзіміз үйренбегендіктен басында адамдардың тосырқай қарағаны рас. Бірақ қазір Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе тағы басқа қалаларда біздің серіктестеріміз бар. Фотосессия жасайтын кезде, кино, бейнебаян түсірілімдеріне, тағы басқа іс-шараларға жалға алып жатады. Жеке тапсырыспен тіктіріп, сатып алатындар да кездеседі. Басқа қаладан ашқысы келетін ниет білдірушілер де бар. Біз серіктес болуға кез келген адамды емес, өнерді түсінетін, қазақтың мәдениетін сүйетін адамдарды іріктеп алуға тырысамыз, – дейді Ғазиза.


Біз Ғазизадан ерекше, есте қалған оқиғасын сұрадық. Ол бірде Франциядан әлеуметтік желі арқылы бір тапсырыс түскенін айтты. Көз майын тауысып, бірнеше аптада бас киім тігіп бітеді. Және ол бас киімді Францияға салып жібереді. Біраз уақыттан кейін тапсырыс беруші бейнеқоңырау арқылы хабарласып, ата-бабасы қиын-қыстау заманда шет ел асып, бірнеше елде тұрып, соңында Францияда тұрақтағанын, бұл бас киім жақын туысынан келген қымбат бұйым боп сезіліп тұрғанын айтып, көзіне жас алып, қайта-қайта алғысын жаудырған. Ғазизаның қолынан шыққан ұлттық дүниелерге тек еліміздің әр өңірінен ғана емес, шетелден, оның ішінде Еуропа елдерінен қызығушылық танытып, тапсырыс беретіндер көп.

Нұр-Сұлтаннан Шымкентке жұмыс бабымен келген Керім Аянқызы да Ғазизаның шеберханасына арнайы барып, Түркістандағы тарихи нысандарда фотосессия жасату үшін ұлттық киімдерді жалға алған.

 

– Шымкентте небір қолөнер түрімен жанын беріп айналысатын адамдарды көріп сүйсіндім. Соның бірі Ғазиза еді. Шеберханасындағы дүниелерді өз көзіммен көрген сәттен-ақ әдеміліктен басым айналды. Әрбір бұйымды шын сүйіспеншілікпен жасағаны көрініп тұр. Өзім ұнатып, екі алқаны сатып алдым. Сосын қазақтың алқаларын тағынып, киімдерін киіп суретке түскім келді. Жалға алып, Түркістанға барып, көптен ойымда жүрген фотосессияны жасаттым. Қазақтікі деген үшін ғана емес, шынымен сапалығы үшін, шын жақсы көріп, істеп жатқандығы үшін қолдау көрсетіп үйренуіміз керек. Өнерге деген махаббаты мен еңбегі үшін қолдағым келеді, – дейді Керім.

Ғазиза үшін әрбір минут маңызды, қымбат. Ол әр сәтті бағалап, әр істі жоспармен істейді. Таңғы 6.30-да ұйқыдан оянған соң, 9.00-ге дейін уақытын кітап оқуға, спортпен айналысуға арнайды. 9.00-ден 19.00-ге дейін шеберханада, сүйікті ісі – эскиз сызумен немесе құйма ісімен айналысады. Ал 19.00-ден кейін отбасына көңіл бөледі.


– Менің уақытыммен санаспайтын, уақытын үнемдемейтін және өз уақытын сыйламайтын адамдар жанымда жүрмейді. Уақыт қайтып келмейтін бағалы ресурс. Сондықтан әрбір минутты, сағатты бос өткізгім келмейді. Баланы жастайынан уақытта бағалай білуге үйрету керек сияқты. Сосын өзімнің басқа да сүйікті істерімді іздеп көруім керек деп ізденісте жүрген кездерім болды. Сондай оймен елімізде бірнеше кино мен сериалға түстім. Өзіме ұнамайтын іспен ешқашан айналыспаймын. Өзіме ұнамайтын адаммен араласпаймын. Ата-анама Шымкентте тұрған ұнайды. Менің әкем – Петропавлдың жігіті. Осында қыдырып келіп, ауа райының жылылығы, адамдардың кішіпейілдігі мен еңбекқорлығы ұнап, қалып қойды. Менде шектеу жоқ. Қай қалада болсын жұмыс істей аламын. Бірақ бәрібір Шымкентте көп нәрсеге мүмкіндік бар. Өмір сүру арзан. Бәсеке бар. Қозғалыс бар. Мен көп зерттеген шетелдік бір кәсіпкер бар. Ол цехында тіс шеткасынан бастап, кіші тракторларға дейін 3500 түрлі зат шығарады екен. Ол да осы құйма өнеркәсібі арқылы жетті. Бізде сондай дәрежеге жеткіміз келеді. Және оны алдағы 10 жыл ішінде іске асыруды көздейміз. Мәдениетіміздің бай мұрасын, ұлттық болмысымыз бен қолөнерімізді сүйіспеншілікпен дамыта береміз, – дейді Ғазиза.

Фотосуреттер Ғазизаның жеке мұрағатынан алынды. 

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: