Ұлт денсаулығы үшін күрес – әрбір қазақстандықтың парызы

17 Шілде 2020, 17:38 4023

Ақтөбе облыстық ҚХА мүшелері қайырымдылық шараларын ұйымдастырды

Әлемді әбігерге салған COVID-19 пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантин жарияланғалы бері қазақ халқы қиындықты бір жұдырық болып еңсеріп келеді. Жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың ұлт денсаулығына қатер төнген уақытта қайырымдылық іс жасауы – адамгершілік айнасы.


Осы орайда жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да тұрғындарға барынша қолдан келген көмектерін көрсетуде. Ақтөбелік этнос өкілдері, Ассамблея жанынан құрылған Кеңес мүшелері мен ҚХА еріктілері көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, зейнет жасындағы қарияларға, жалғызбасты аналар мен ауруханада ем алып жатқан науқастарға азық-түлік, дәрі-дәрмектер жеткізіп, қаржылай және материалдық жәрдем беріп, қолдау көрсетуде.

Атап айтсақ, ағымдағы жылдың шілде айының өзінде облыстық Ассамблея тарапынан да бірқатар қайырымдылық жұмыстары жүргізілді. Әркез игі істің басында жүретін «Динар-Электромаш» ЖШС басқарушысының іс басқарушысы, ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Вишняк Сергей Ақтөбе қаласындағы №12 мөлтек ауданында орналасқан №3 емханаға 400 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Кәсіпкер ұсынған бұл қаражатқа еріктілер ауруханаларға ыстық тамақ пен гигиеналық заттар апарып берді. Сонымен қатар, Сергей мырза облыстық мәслихат депутаты Ильясов Хайдармен бірігіп көршілес Ресейден 600 мың теңгеге дәрі-дәрмектер алдыртып, қалалық емханаларға тегін таратты. Жаны жомарт, жүрегі кең Сергей Вишняк 1 млн.700 мың теңге көлемінде көмек көрсетті.

Мұндай қайырымды істі облыстық ҚХА жанынан құрылған «Бірлік» волонтерлық орталығы жалғастырды. «Ақтөбе-Лайв» ақпараттық порталының ұйымдастыруымен ҚХА «Бірлік» волонтерлық орталығының белсенділері қала тұрғындарының жинаған қаражаттарының есебінде дәрі-дәрмектерді тегін тарату жұмыстарына қатысты. «Ақтөбе-ЛАЙВ» ақпараттық порталының мәлімдемесі бойынша, 28-30 маусым күндері аралығында жиналған қаржы – 961,526 тг. Жұмсалғаны – 778,920 тг. Ақтөбе облысы әкімдігі мен Облыстық Денсаулық Сақтау басқармалары дәрі-дәрмектер қажетті 8 емханалар тізімін берді.


Сондай-ақ, «Жадыра-донер» және «Ақтөбе-Роллс» асханалар желілерінің демеушілігімен, облысымызға белгілі сынықшы Лепесова Бағдагүл ханымның көмегімен ҚХА «Бірлік» волонтерлық орталығының ұйымдастыруымен «Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс» акциясы жалғасын тауып, пандемия кезіндегі қызметте жүрген дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге 50-ге жуық түскі және кешкі ас ұйымдастырды.

Ақтөбе облысында карантин уақытындағы мұқтаж отбасыларға көмек көрсету «Жақыныңа жанашыр бол» акциясы аясында жалғасып келеді. 15 шілде күні ҚХА «Бірлік» волонтерлары 24 отбасыға азық-түлік пакеттерін тегін таратты.

Татулық пен бірлікті ұран еткен ақтөбелік энтос өкілдері де жақсы істен құр қалмай, карантин кезінде қайырлы істер жасады.

Ақтөбелік «Урарту» армян этномәдени бірлестігі қаладағы елшілік жанынан медициналық бөлімше ашып, қызметкерлер мен жақын маңда орналасқан тұрғындарға көмек көрсетіп, тегін тексерістен өткізіп, олардың ауруханаларға орналасуына жағдай жасады. Ал, өзбек этномәдени бірлестігі Қазақстан темір жолымен бірлесіп «Мәскеу-Ташкент» бағытындағы барлық жолаушыларға 16 вагонға тиелген азық-түлік таратып, көмек көрсетті.

Елдегі жағдайға елең еткен Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Ойыл аудандық Аналар Кеңесінің мүшелері «Матадан жасалған бетпердені қолдану тәсілі» тақырыбында тұрғындарға нұсқаулық таратты.

Карантин кезінде жасалып жатқан мұндай қайырымды шаралар Ақтөбе жерінде мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қиындықты бірге жеңуге атсалысып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Біз бұл індетті бірлесіп жеңеміз. Тек сақтық шараларын қатаң сақтап, жақынымызға жанашыр болайық!

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: