LRT-ны салып жатқан қытайлық компанияның неге репутациясы төмен?

2 Тамыз 2023, 15:20 7349

Сонау 2005-2006 жылдары елорданың бет-бейнесін өзгелерден ерекшелейтін ерекше жобалардың бірі ретінде саналған Астана LRT бүгінде ел арасында «Жемқорлыққа қойылған ескерткіш» аталып кетті.  Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалай десек те, LRT аяқталып, іске қосылады деп отыр. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі құрылысты аяқтауға тиіс компанияның жұмысын зерттеп көрді.

Осы күні «Астана LRT» деген аты халықты мезі қылған, сенімділігін жоғалтқан компания атауын – City transportation systems (CTS) деп өзгертіп алды. Ат алмастыру сәнге айналған заманда компанияның атауын өзгерту қиын болмаған шығар? Бірақ, заты өзгерді ме?

LRT құрылысын құзырлы органдар қандай мердігердің көмегімен салдырып жатыр? Біз City transportation systems туралы білгенімізбен LRT-ны салып жатқан қай компания екені туралы мәлімет аз.  

LRT құрлысын салып жатқан – қытайлық «China Railway Asia Europe Co., Ltd» компаниясы (中铁亚欧).

Chaina Railway Азия-Европа компаниясы 2015 жылы 29 сәуірде құрылған. Алғашқы капиталы 100 милион юань қытай ақшасын құраған. 2017 жылы компания инвесторлар тартып капитал көлемін 300 миллион юанға жеткізген. Компания «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасынан пайдалану арқылы базар ауқымын меңгеріп, шетел базарларын ашуды көздейді.

Компанияның жеке сайытында көрсетілген қызмет көрсету аумағы мыналарды қамтиды: Ірі-шағын нысандарға инвестиция салу, механикалық жабдықтарды, электрондық өнімдер, компьютер, жұмсақ және қатты бөлшектер және оның қосалқы асбаптары, метал өнімдері, құрылыс материялдары, хабарласу жабдықтары, автоколік және оның бөлшектері, түрлі техникаларды ашу, техникалық қызмет өтеу, товарды импорт-эекспорттау.

2017 жылы инвесторлар саны артып, арада инвестиция жөнінде дау-дамайлар туындайды. Команияға 15 инвестор атынан 29 рет заңды арыз-шағым түскен. Сондай-ақ 36 рет сот сараптамасы жасалып, 5 рет сотқа шақырылып, архив тұрғызып істерін қарауға алған.

Компания құрушысы Чжоу Хайвэйдің (周海威)үстінен финанс несиесі, халық арасынан неисе алуға байланысты келісім-шартты бұзу қатарлы айыптар тағылады. Кәсіпорын несиесі туралы дау-шар Хэйлунцзян өлкелік жоғары сот мекемесі, Пекин қаласы жоғары соты және екінші орта дәрежелі халық сот мекемесі жағынан қаралып, тергеу жүргізіледі. Chaina Railway Азия-Европа компаниясының барлық капиталы бұғатталып, келісімді бұзу ісі бойынша айыппұл салынады. Айыпталушының 5616500 юань депозиты бұғатталып, қазына-мүлкі тексеріліп мүсәдіраланған.

Қытай Халық Республикасындағы негізгі капиталы бұғатталған кәсіпорындар. Chaina Railway Азия-Европа компаниясы екінші қатарда.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысы жөнінде: «Мен қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ нақты нәтиже жоқ» деген еді. Президенттің қаңтарда берген тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Жарты жылдан көп уақытта істеген іс, жеткен нәтиже қандай?

ҚХР сайттары жазған осы ақпарат қаншалықты рас? Еліміздегі ірі кешенді жобаны мұндай компанияға салдыру сенімді ақтай ма? China Railway Азия-Еуропа компаниясы бұрын-соңды осындай ауқымды жобаларды салып көрмеген екен. Президент тапсырма берген қаңтар айынан бері компания жүргізіп жатқан қарқынды құрылысты көріп отырған жоқпыз. Жұмысты уәделі уақытта, сапасына толық кепілдік беріп аяқтай ала ма?

Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлына хат жолдадық.

Біздің сауалға Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев жауап берді.

Басқарма басшысы LRT құрылысы ірі инвестициялық жоба екенін, оны іске асыру туралы шешім биліктің жоғарғы деңгейінде жүзеге асырылатынын еске салып өтті.

Бас мердігер ретінде «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. Ltd», «Beijing State – Owned Assets Management Co., LTD», «China Railway No.2 Engineering Group Co., LTD» ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 19 ақпандағы №93 қаулысына сәйкес анықталды, консорциумның көшбасшысы «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. Ltd». Қытайлық компанияның мәліметінше, елеулі сот процестері жоқ. Сондай-ақ бұл шарттың орындалуына әсер етпейді, - дейді ЖансұлтанСапарбаевтың жауабында.

Ол қытайлық компаниямен шарт халықаралық келісімшарт нормалары бойынша жасалған және толық заңды күшіне ие деп отыр.

Осыған байланысты шарттық міндеттемелер бар. Оларды бұзу шығындармен ұзақ талқылауға әкелуі мүмкін. Қорытындылай келе, бұл жоба Қытай Халық Республикасының бастамасымен құрылған және мемлекетаралық қатынастарды нығайтуға және дамытуға арналған Қазақстан Республикасының қолдауымен «Бір белдеу – бір жол» мемлекетаралық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр, - делінген жауапта.

Ол ЛРТ дайындық жұмыстарының едәуір көлемін және кейіннен кезең-кезеңімен орындауды талап ететін күрделі технологиялық жоба екенін де еске салып өткен.

Капиталды көп қажет ететін негізгі материалдар бетон жұмыстарын жүргізуге арналған металл, цемент және инертті материалдар. Ауа-райы мен температуралық жағдайлардың талаптарын ескере отырып, қыс-көктем кезеңінде құрылыс базаларында материалдар дайындалды. Қазіргі уақытта Есіл өзені арқылы М3 көпірі бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде, сонымен қатар Қалдаяқов көшесінде станциялар салу жұмыстары жүргізілуде. Жекелеген учаскелерде жер деңгейінде орналасқан буронабивтік қадалар мен іргетастарды орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл орындалатын жұмыстарды визуалды бағалауды қиындатады. Қалдаяқов көшелерінде (Тәуелсіздік даңғылы мен М-3 көпірлері арасындағы кесіндіде), сондай-ақ «Пекин сарайы» қонақ үйінің ауданындағы Сығанақ көшесінде дайындық жұмыстары басталды. Ағымдағы жылдың қазан айында осы учаскелердегі жұмыстарды аяқтау міндеті қойылды. Кепілдік мәселесі бойынша Тапсырыс берушімен қатар жұмыстардың өндірісіне авторлық және техникалық қадағалау тарапынан бақылау жүргізілетінін, сапа сертификаттарының болуын, сондай-ақ жобалық шешімнің сәйкестігін қоса алғанда, пайдаланылатын материалға тұрақты негізде бақылау жүргізілетінін атап өтеміз. Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес уәкілетті органның жауабына қанағаттанбаған жағдайда, әкімшілік рәсімге қатысушы жоғары тұрған лауазымды адамға не тікелей сотқа шағымдануға құқылысыз, - делінген Сапарбаевтың жауабында.

Бізге қайтарған әкімдіктің жауабы осы.  Әкімдік айтып отырғандай бұл жобаны әу баста қытайлық үш компания бірлесіп салатын болғаны анық.

«China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. Ltd» – LRT құрылысы жобасын алу үшін құрылған жекеменшік компания. Қытай банкіне кепіл болып ақша алу үшін үкіметтің компаниясы болуы керек. Сондықтан құрамына «Beijing State – Owned Assets Management Co., LTD» кампаниясын тартады. Ал бұндай ауқымды жобаны атқару үшін сенде рұқсат етілген лицензия болуы керек. Жаңа құрылған, ондай құрылыстың маңына жуып көрмеген Chaina Railway Азия-Европа компаниясыда қайдан лицензия болсын. (Егер бар болса көрсетіңіздер) Сонымен лицензиясы бар «China Railway No.2 Engineering Group Co., LTD» компаниясын құрамына қосады. Бас мердігер осы үш компания. Тағы басқа ұсақ компаниялар да құрамында жоқ емес.

Құрылыс басталады. Ең үлкен үлесті ұстап тұрған «Beijing State – Owned Assets Management Co., LTD» кампаниясы билік жүргізе бастайды. Басқалары май шелпегінен қағылып ойлағаны іске аспай жатады. Енді өз ең үлкен үлесті ұстау үшін талас басталады. «Beijing State – Owned Assets Management Co., LTD» кампаниясын жобадан шығару үшін біздің үкіметке хат жазады. (Әрине, ықпалды адамдардың көмегімен).

Біздің үкімет «Beijing State – Owned Assets Management Co., LTD» кампаниясы жобадан шегініп шықсын деп, Асқар Мамин қол қойып Қазақстанның Пекиндегі консулдығы арқылы Пекин қалалық үкіметіне хат жолдайды.  

«Beijing State – Owned Assets Management Co., LTD» кампаниясы бүгінге дейін 350 миллион доллардың жұмысы істелді. Соны қайтарсаңдар жобадан бас тартамыз дейді. ҚР Қаржы министрлігі аталған соманы қытай компаниясына қайтаратын болып хат береді. Содан кейін «Beijing State – Owned Assets Management Co., LTD» кампаниясы бұл жобадан шегініп шығады. Қазіргі жүріп жатқан құрылысқа ешқандай қатысы жоқ.

Қытай компаниясына берешек болған 350 миллион долларды қайтрау үшін «Халық банкі» 500 миллион доллар, «Бәйтерек» холдингі 100 миллион доллар бөледі. 350 миллион доллары компанияға қайтарылады. Қалған ақшаның заңды есебін кімнен сұрарымызды білмейміз.  

Қазір бұл жобаның құрамында «China Railway No.2 Engineering Group Co., LTD» компаниясы құжат жүзінде бар. Бірақ олар қазір LRT құрылысында жұмыс істеп жатқан жоқ. Шыны керек, репутациясы нашар «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. Ltd» секілді компаниямен ешкімнің бірге жұмыс істеп ертең одан туындаған жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді.

Қытайдың Цисинбао (启信宝) ғаламтор желісіне сүйенсек «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. Ltd» компаниясының қазіргі құрамын, жай-күйін көре аласыз.

  1. Пекин Азия Еуропа Дихенг ғылми-сауда шекті жарна серіктігі. Акциялық үлесі – 49.6667%
  2. Жон Лян Хен Тонг халықаралық (Пейкин) шекті жарна серіктігі. Акциялық үлесі – 24%
  3. Zoomlion шекті жарна серіктігі: Акциялық үлесі – 15%.
  4. Қытай теміржол ұжымдық шекті серіктігі (China Railway No.2 Engineering Group Co., LTD): Акциялық үлесі – 11.3333%.

Көріп отырғанымыздай, «China Railway No.2 Engineering Group Co., LTD» небәрі 11.3333 пайыздық акциялық үлесті ұстайды. Бұл компанияның репутациясы төмен екенінің көрсетеді. Қалған компанияның барлығы «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. Ltd» құрамына кіретін бөлімшелері.

Астанада халық саны артқан сайын жол қозғалысы қиындап келеді. LRT құрылысының керек екені күн сайын сезілуде. Мемлекет бірнеше рет қаржы қарастырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта-қайта тапсырма бергенімен жобаның аяқталар түрі көрінбейді. «Биылғы жылы жоба құрылысына 52,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта бөлінген қаражаттың 24,8 миллард теңгесі игерілді», деп отыр елорда әкімдігі.

Әкімдіктің бізге берген жауабында атқарып жатыр деп көрсеткен жұмысы осы игерілген қаржыға тұра ма?

Мемлекет болып осы жобаның соңына шыға алмауымыздың ең үлкен себебі – ұйымдасқан жемқорлық. Бүгінге дейін бөлінген ақшаға бір емес бірнеше LRT құрылысын салатындай-ақ болды. Халықтың ақшасын сорып отырғандар әлі де жей түссек дейді. Оларға бұл май шелпектің осылай тұрғаны, бітпегені ұнайды.

Халықтың LRT-мен жүру арманына бөгеу болып келе жатқан – «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. Ltd» компаниясы. Сөз басында айтқанымыздай олар бұдан бұрын ешқандай ауқымды жобаларды істеп көрмеген. Бұл саладағы тәжирибесі жоққа тән. Ертеңгі күні LRT құрлысы аяқталса оның сапасында кім жауап береді? Біліксіз мердігер ма? Құрлысты кімге салдырып жатқанынан толық хабары жоқ үкімет па? Жоқ әлде CTS компаниясының соңына түсіп, және біреулер бой тасалап жүрмек пе?

Осы сұрақтарға әлі де нақты жауаптар күтеміз.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: