LRT ісі: Іздеуде жүргендердің ісі сотқа жолданды

13 Тамыз 2022, 06:22 999

Жалпы елордадағы LRT проблемасы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС Басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі сотқа жолдаған, деп хабарлайды  El.kz.

«Сұлтанбеков пен Ардан шетелде жасырынып жүруіне байланысты прокуратура ҚПК-нің 304-бабының 2-бөлігіне сәйкес оларға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды», - делінген прокуратураның хабарламасында.

Бұған дейін белгілі болғандай, прокуратураның жедел тергеу тобы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қ.Т. Сұлтанбековке, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы болған Т.Н. Арданға және басқа да тұлғаларға қатысты «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі» LRT, BRT/ITS жобасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.

Жалпы елордадағы LRT проблемасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Қаңтар айында өткен Мәжіліс отырысында Президент ЛРТ құрылысы сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба деген болатын.

«Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба», - деді Қ. Тоқаев.



Бөлісу: