Лотерея мен құмар ойындарына қатысқандарға қандай жаза бар

12 Ақпан, 12:19 1115

Лотерея және құмар ойындарына жасөспірімдер қатысқан жағдайда, олардың ата-аналарына және бизнес субъектілеріне қандай шара қолданылатыны туралы баспасөз брифингінде лотерея операторының өкілдері жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев: «Мұндай жағдайда кәсіпкерлік кодекстің тиісті негіздері бар. Екі бағытта жұмыс жасалады. Бұл – жоспардан тыс тексеру жүргізу және тексеруді жүргізбей профилактикалық бақылау жүргізу. Осындай тетіктермен лотерея операторына және оның агенттеріне қатысты бірлесіп жұмыс жүргізілуде», - деді.

Жасөспірімдердің лотерея ойындарына қатыспауын кім қадалағайды?

Қазіргі кезде заң бойынша 18 жастан асқандар лотереяға қатысуға құқылы. Егер осы деңгейден жасы төмен болса, ондай тұлғаларға лотереяға қатысуға тыйым салынған. Мұны лотерея операторы да, өзіміз де қадағалаймыз. Тиісті лотерея орталығы бізде орналасқан. Бізде бүкіл лотереяға қатысушылардың тізімдері мен деректері бар. Ал тиісті талапты бұзған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – дейді туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев.

Лотерея операторының өкілі Шынболат Пазыл кез келген 18 жасқа толған адам сату нүктесіне келген кезде сатушылар олардың төлқұжатын сұрайтынын тілге тиек етті.

Бұл жердегі басты мәселе «Lotomatic», «Лото кулубтарға» қатысты болып отыр. Былтырдан бері біз жас шегін өзгерттік. 21-ден асқан азаматтар ғана кіріп, ойынға қатыса алады. Ал лотоматикке алғаш келген адам міндетті түрде өзінің ЖСН-ын енгізіп, телефон арқылы тіркеуден өтеді. Оның жасы 21 жасқа толған болса ғана қатысады. Бірақ мынандай жағдайлар бар: 21 жасқа толмағандар өзінің әкесі немесе ағалары, туған-туыс, дос-жарандарының ЖСН енгізіп ойынға қатысқан. Егер ол ұтысқа жетсе, оның ұтысын төлемейміз. Себебі жасы толмаған. Бұл жағдайда ата-анасына дейін бұл хабарды жеткізіп, әрі қарай шешеміз, – дейді лотерея операторының өкілі Шынболат Пазыл.

Барлық терминалдар бір желіге қосылған және оператор оны онлайн режимінде бақылайды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: