8 Мамыр 2016, 11:56
Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен өткен кездесудің Батырлар Аллеясында ұйымдастырылудың тағылымдық мәні зор. Қан майданда от кешкен ардагерлерімізге тағзым ету, олардың ұрпақтарымен кездесу мақсатында өтті. В.Андреев, Н.Королев, Г.Мясоедов, Н.Оноприенко, В.Синчук, М.Фурсов сынды ардагерлер егер көздері тірі болғанда жасы жүзден асатын еді. «Отан үшін от кешкен» атты кездесуге университет және колледж студенттері, 6655 әскери бөлім сарбаздары қатысты.
Батырлар Аллеясына майдангер аталарымызға құрмет көрсету үшін батырлардың ұрпақтары, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесі, облыстық, қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, ішкі саясат басқармасы, ауған соғысына қатысушы жауынгер-интернационалистер қоғамдық бірлестігі өкілдері жиналды.
Шара барысында Ұлы Отан соғысы тарихы туралы айтылып, ел қорғаған батырларды еске алып бір минут үнсіздік жарияланады. Мерейтойлары аталып отырған ақтөбелік батырлардың ерлік жолдары туралы әңгімеленді. Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Низамутдинов, Ә.Молдағұлованың туысы - Баян Молдағұлова, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары Ә.Құлтаев, қалалық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің кадр бөлімінің басшысы А.Аймұханов, ақтөбелік батырлар ұрпақтары В.Прохорова, М.Жазықова сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Кешті Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Ж.Бекбосынов, «Сымбат» мектебі 3-сынып оқушыларынан құралған «Батыс-2» тұрғын қалашығының аула клубының «Қызғалдақ» би ансамблі, №27 мектептің 2-сынып оқушылары ән-бимен әрледі. Шақырылған батырлар ұрпақтары мен тың ардагерлеріне сый-сияпат көрсетілді.
Кездесу соңында ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді.
Әзірлеген Тұмар АСЫЛ