Литва – Қазақстан үшін Еуроодаққа ашылған терезе

13 Қараша 2019, 13:19 2332

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының «Орталық Азия мен Еуропалық Одақтың ынтымақтастығы: Қазақстан мен Литва мүмкіндіктері» атты халықаралық бизнес-форум өтті.


Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Қазақстандағы Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис, Паневежис қаласының мэрі Ритис Рачкаускас, Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев, екі елдің бизнес өкілдері мен елордалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Бұл Қазақстан мен Литваның іскерлік саласындағы екіжақты форумның Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер Ассоциациясының шеңберінде алғашқы рет ұйымдастырылуы. Екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Литва Еуроодақ елдерінің ішінде Қазақстан үшін ірі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Тараптар арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы 730 АҚШ долларын құрайды. Бұл бизнес-сегменттердің жоғары белсенділігін ғана емес, сондай-ақ, екі елдің экономикалық серіктестікті дамытуға мүдделілігін дәлелдейді.


Экономикалық байланысты дамытуда «Lituanica» қазақстандық литвалықтар қоғамының атқарып отырған рөлі үлкен. Осы қоғамның бастамасымен 2017 жылы Қарағанды қаласында алғашқы рет «Литовский центр» литвалық мәдениет және бизнес орталығы ашылды.

Жансейіт Қансейітұлы қазақстандық этностардан шыққан кәсіпкерлердің өз тарихи отандарымен экономикалық байланыс орнатуға мұрындық болуы арқылы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатынын айтты. Және осы мақсатта «Lituanica» литвалықтар қоғамы халықтар арасындағы байланыстырушы достық көпіріне айналды деді.


«Олар біздің елге жаңа инвестициялар тартуға елеулі үлес қосуда. Тараптар арасындағы экономикалық және іскерлік байланыс жалғаса беретініне сенімдімін. Бұл – халықтық дипломатияның жолы», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Аталмыш шара аясында екі елдің кәсіпкерлері бір-бірімен танысып қана қоймады, сондай-ақ, тәжірибе алмасып, екіжақты ынтымақтастықтың келешегін бірге талқылады. Қазақстанның табиғи байлығы мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан нарығы шағын және орта бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудыратыны рас. Әсіресе, литвалықтар ауылшаруашылығы саласына ұзақмерзімді технологиялық және қаржылай инвестиция салуға мүдделі екендіктерін білдірді. «Қазақстан үшін Литва Еуропалық Одақ нарығына ашылған терезе. Біз өзара тиімді келісімге келіп, жаңа жобаларға жан бітіретін боламыз», - деді аталмыш форумның Қазақстан мен Литва арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын кеңейту мен бірлескен жаңа жобалардың дүниеге келуінің бастамасы екендігіне сенімділік білдірген Жансейіт Түймебаев.


Өз кезегінде сөз алған Қазақстандағы Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Василюс Литва үшін Қазақстан арқылы Орталық Азия, Қытай нарығына жол ашылатынын жасырмады. «Егер біз Орталық Азия нарығын игереміз десек, бірінші кезекте бұл нарықта Қазақстанның рөлі үлкен екенін ұмытпауымыз керек», - деген Г.Васюлис Литваның Қазақстанның ауылшаруашылығының өнімділігін 4 есеге дейін арттыруға мүмкіндік беретін технологиялық инвестиция салуға дайын екендігін айтты. «Біздің технологиялық мүмкіндігіміз бен Қазақстанның табиғи ресурсының арқасында ынтымақтастық шеңберінде жаңа жемісті жобаларға қол жеткіземіз», - деді Г.Васюлис.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: