Лиссабонда Қазақстанда өтетін парламент сайлауы талқыланды

27 Қаңтар 2023, 18:30 1622

Бұл туралы СІМ мәлім етті

Португалияның Республика Ассамблеясында Қазақстан Елшісі Даулет Батырашевтың «Португалия-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Руи Паулу Соузамен, оның орынбасары Франсишку Пименталь және Парламент депутаты, Жерорта теңізі парламенттік ассамблеясының президенті Педру Рокпен кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Достық атмосферада өткен сұхбат барысында қазақстандық дипломат еліміздің қоғамдық өмірінің барлық салаларындағы реформалардың басты мақсаттарын, «күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» формуласын іске асыру жөніндегі пәрменді қадамдарды және адам құқықтарын қорғауға және азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға бағытталған демократиялық негіздерді нығайту процестері жөнінде әңгімелеп берді. Елші Қазақстан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басып, ауқымды қайта құруларды қарқынды жүргізіп келе жатқанын атап өтіп, Еуропалық одақтағы сенімді әріптесі ретінде Португалиямен ынтымақтастықты дамытудың жоғары маңыздылығына назар аударды.

Португалия заң шығарушы билігі мүшелерінің қызығушылығын ү.ж. 19 наурызда Қазақстанда мемлекеттік институттарды қайта жүктеудің шешуші кезеңі болатын алдағы парламенттік сайлауы өзіне тартты. Елдің түрлі саяси партияларынан өкілдік ететін депутаттар Қазақстан Парламентінің төменгі палатасын және жергілікті өкілді органдарды қалыптастырудың жаңа моделіне шынайы қызығушылық білдірді, бұл сайлаушылардың мүдделерін жалпыұлттық және өңірлік деңгейде қорғауға мүмкіндік береді әрі саяси көзқарастардың кең палитрасын қамтамасыз ете алады.

Кездесуде Қазақстан мен Португалия арасындағы парламентаралық ықпалдастықты дамыту келешегі егжей-тегжейлі талқыланды. Педру Рок Қазақстанның экономикалық өсуінің оң қарқынын жоғары бағалап, саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжоспарлы әріптестікті одан әрі тереңдету қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Руи Паулу Соуза Мәжіліске сайлау Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға қосымша серпін беретінін және екі елдің парламентшілері деңгейінде екіжақты байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық әріптестерін биыл Португалияға сапармен келуге шақырды.

EL.KZ
Бөлісу: