14 Маусым 2016, 09:24
Жалпы біз, бүгінгі орта буын, кенже буын соғысты қалай қабылдаймыз? Осы уақытқа дейін оқыған шығармалар, экраннан көрген бейнелер шын қауіптің қандай деңгейде болғанын сездіре алды ма? ХХ ғасырдың ең сұрапыл майданында қисапсыз ажал, телегей қан төгілгенін білдік – бірақ салмағын сезіну күрделі мәселе. Соғыс деген ауылдан аттанған бетте майданға кіріп, жауды жеңіп, даңққа бөленіп қайтар аламан емес екенін түсіндік. Оны түсінуге ең алдымен соғысқа қатысқан ақын, жазушылардың окопта, ұрыс даласында туған шығармалары көмектесті. Деректерге қарағанда Ұлы Отан соғысына 50-ден астам қазақ қаламгерлері қатысып, қаламын қаруға айырбастаған екен. Сол қаламгерлердің бірқатарының шығармаларын жастайымыздан оқып өскендіктен бе ержете келе ауылдағы санаулы ардагердің шолақ қолына, балдақты аяғына, түсініксіздеу мінез-құлқына құрметпен қарайтынбыз. Олар соғыс жайлы көп естелік айтпайтын. Мүмкін көкіректің түпкіріне тығып тастаған өлімнің үрейлі бейнесін сыртқа шығарғылары келмейтін шығар. Әйтпесе, сол ардагердің әрқайсысы соғыс жайлы бір-бір хикаятқа кейіпкер бола алар еді.
Біздің ауылда соғыс ардагерлері көп болды. Ұстазымыз, марқұм Мәкен аға (М.Төрегелдин) «Қарсақбай комиссариатынан 16 мыңнан астам адам аттанды» дейтін. Қазір ауданның халқы 13-ақ мың. ХХ ғасырдың ең сұрапыл майданында қисапсыз ажал, телегей қан төгілгенін білдік – бірақ салмағын сезіну күрделі мәселе. Мәкен аға өле-өлгенше «стрептоцид» деген ұнтақты медицина ойлап тапқан ең керемет жетістік деп бағалап кетті. Болмашы жарақаттанып қалсаң осы ұнтақты себетін. «Неге?» дейміз. «Жараланып, қансырап жатқан жауынгерлерді іріп-шіруден сақтап қалған осы дәрі» дейтін ағамыз. Міне, соғыстың біз түсінбейтін сабағы. Тағы бір штрих. «1942 жыл. Сталинградтың түбінде бекініп жатқанымызға бірнеше күн. 42 градус, аяз бет қаратпайды. Окоптан басың қылтиса жау қағып түсіреді. Бар қажетімізді окопта өтейміз. Ротада нәсілі таулық бозбала болды. Өзі қызу қанды. Әлгі жігіт түзге шығам деп болмады. Ақыры атып шығып, 50 қадамдай жерге барып шаруасын орындап орнына тұра бергенде снайпер оғы «зың» ете қалды. Шалқасынан құлады да бір аунап түсіп, атып тұрды. «Жүрек қай жақта болады?» деп бар даусымен айғай салды. Окоптан бір жауынгер «Сол жақта» дегенде жанұшыра бері жүгірді. «Қозғалма» дегенге қараған жоқ. Окоптың ернеуне жетіп құлады, қансырап көз жұмды. Оқ жүрекке тимей кеудені тесіп өтіпті. Жанұшыра жүгірмегенде аман қалатын еді.» (М.Төрегелдиннің әңгімесінен). Міне соғыстың біз сезе алмайтын өкініші. Соғысты дәл ардагердей қабылдай алу мүмкін емес. Майдангер ақын, жазушылардың окопта, ұрыс даласында жазған шығармаларын оқып өскен біздің буын бір шындықты түсінді. Ол – соғыс деген экрандағыдай ауылдан аттанған бетте майданға кіріп, жауды жайратып, даңқа бөленіп оралар аламан емес екен. Деректерге сүйенсек екінші жаһан соғысына 50-ден астам қазақ қаламгерлері қатысып, қаламын қаруға айырбастаған екен. Шалдардың шолақ қолына, балдақты аяғына, «қызып алатын» әдетіне, түсініксіздеу мінез-құлқына сол қаламгерлердің шығармалары арқасында түсіністікпен, тіпті құрметпен қарадық. Олар соғыс жайлы көп естелік айтпайтын. Мүмкін көкіректің түпкіріне тығып тастаған өлімнің үрейлі бейнесін сыртқа шығарғылары келмейтін шығар.
Соғыс шындығы мен тарихы жайлы ең сүбелі туынды жазар қаламгер, қазақ әдебиеті тым ерте жоғалтқан тұлға – Баубек Бұлқышев еді. «Амал бар ма, біз, қазақ әдебиеті, екі-үш дарыннан тым ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген» – дейді Ғ.Мүсірепов. Екі тілде жазатын Баубектің майдан жазбаларын алғаш аударғандардың бірі Ғ.Мүсірепов еді. Б.Бұлқышев қазақ қоғамы үшін заманның аласапыран шағында, 1916 жылы Ұлытаудың баурайында, Алтыншоқы мен Ханордасының сақшысындай болып тұрған Қосшоқының етегінде дүниеге келген. Баубектің зеректігі мен алғырлығын аңғарып, білім алуға құштарлығын оятқан ауыл мұғалімі Сейтжан Смайлов (К.Смайловтың әкесі) болатын. Кейін Баубек майданнан ұстазына жиі хат жазып, Ұлытаудағы елдің амандығын біліп тұрған. Жастайынан батырлық дастандар мен шығыс шайырларының тамаша жауһарларын көп оқыды. Әке-шешеден ерте айырылған Баубек 1932 жылы Қарсақбайда ашылған фабрика-зауыт шәкірттігі мектебіне оқуға түседі. Бұл мектеп сол кездегі Ұлытау, Жезқазған өңіріндегі бірден-бір кәсіпке баулу оқу орны еді. Мұнда техникалық, политехникалық мамандықтармен қатар шаруашылық салаларына қажетті кәсіптер де үйретілді. Баубек есепшілер даярлайтын бөлімде оқыды. Шәкірттер тәжірибелерін негізінен Қарсақбай зауыты, Жезқазған кеніштері, Байқоңыр көмір шахталарында өткізді. Жезді марганец кенішінің алғашқы қазақ директоры болған Ә.Тоқтыбаев осы мектепте оқытушы еді (Өзі де ФЗО-ны бітірген). «Сабақ беріп жүргенде контрощиктер группасында оқитын ұлытаулық балаға назарым түсті. Баубек өте пысық, жанып тұрған от еді...» деп кейіннен еске алады Әбдрахман аға.
Бір күні Қарсақбайға Мәскеуден күміс қанаты күнмен шағылысқан шағын самолет келіп қонды. Баубек қатарлы мектеп шәкірттері самолетті қаумалай қоршап, қанатты көліктің маңынан кетпей қойғанын байқаған Ә.Тоқтыбаев мәскеулік ұшқышқа орындалуы екіталай өтініш білдіреді. «Жолдас ұшқыш, байқайсыз ба, сіз біздің балаларға қаншалықты бақыт сыйладыңыз. Егер оларды мына қанатқа отырғызып құс ұшар биіктікке көтерсеңіз естен кетпес ғажайып болар еді.» Балалардың бақытты сәтіне куә болып тұрған ұшқыш ұстаздың өтінішін жерге тастай алмады. «Үш адамнан сапқа тұрыңдар! Алғашқы үштік, бұйрықты тыңда! Аспанға!» Ұшқыштың қысқа бұйрығы ауыл балаларына қанат бітіріп, тұңғыш рет қара жерден көтеріліп, Қумоланың ирелендеген сағасын, алып зауыттың аумағын, Жосалының керуен жолын көз ұшынан көру мүмкіндігін сыйлады (М.С.Ученик. Баубек. дер. пов.). Осы сәт Б.Бұлқышевтің есінде мәңгі сақталған болар, оның майдан публицистикасында жер басып жүрген пенде түсіне алмайтын құштарлық, аңсар байқалады. «Мен өмір сүргім келеді» деген сөз Баубектің кеудесінен басқаша үнмен, мұң мен үрейді тұншықтыратындай жаңғырып естіледі. Қазір оқып отырсақ да сол қуатты үнді сезер едік.
Фабрика-зауыт шәкірттік мектебін бітірген Б.Бұлқышев аз уақыт туған аулында, «Ұлытау» совхозында кіші қызметтерде істейді. 1935 жылы талапкер жас білім қуып Алматыға келеді. Ә.Тоқтыбаев өзінің естеліктерінде Баубектің Алматыға ала кетуге өтініш білдіргенін, сол кезеңдегі астанаға жетудін барлық қиындығына төзіп, үлкен ортада білім алуға аса құштар болғанын айтады. Бірақ институтқа тапсырарлық білімі болмағандықтан жолдастарының ақылымен есеп-кредит техникумының даярлық бөліміне түседі. Есепші мамандығын оқығанмен Алматының әдеби ортасы, кітапханалар ауылдан сусап келген жасты иіріміне тартып әкетті. Бұл кезде Баубек көркем әдебиетпен, әсіресе шетел әдебиетімен кеңірек танысуға ерекше ден қояды. Оның шығармашылығында шешуші рөл атқарған осы кезең, оның ішінде «КазОГИЗ» баспасында қызмет еткен аз ғана уақыт. «Каз ОГИЗ»-дің директоры Әбу Сәрсенбаев ерекше мейірбан жан еді. Ол Баубектің орыс және батыс әдебиетімен терең айналысып, өз бетінше аудармалар жасайтын әдетін байқап, болашағынан үміт күтеді. Жазушылар Одағының жанындағы әдебиетшілер дайындайтын екі айлық курстан өтіп, қаламы төселеді. Ол сірә бір күнін еңбексіз, жазусыз өткізбегендер санатынан болар. «Б.Бұлқышевтің «Алматы – менің қалам» туындысы – Алматы туралы тұңғыш роман» деп бағалайды К.Смайлов. Біз Баубектің әскери публицистикасын ғана білеміз. Бірақ соның өзіне терең бойламай, патриоттық цитатаға айналдырып жібергенміз. Оның майданнан жазылған хаттарының өзінде (көпшілігі М.Иманжановқа) елге сүйіспеншілік, адами бауырмалдық, адамзат алдындағы жауапкершілік секілді сезімдер атойлап тұрады. 1942 жылы 24 шілдеде Батыс майданнан Мұқан досына жазған хатында «Менің туысым, летчик-капитан, орденді Серікбай қайтыс болыпты. Республика Жоғарғы Советі председателінің орынбасары Ермағанбетоваға хат жаздым» дейді. Баубек қазақтан шыққан тұңғыш авиатор, ерлікпен қаза тапқан ұшқыш С.Асатов жайлы айтып отыр. Қаза тапқан батырдың әйелі Ирина мен қызы Ританы Қазақстанға (Алматыға) алдырып, жағдай жасау керек екенін, оларға жаттық таныту қазақтың сүйегіне таңба екенін жазады Баубек. Жау қолында қалған батыс шекарада алдынғы шепте жүрген жауынгер артта қалған елдің абырой, намысын ойлайды. Сол С.Асатовтың есімі мен ерлігі жерлестеріне тәуелсіздік алғаннан кейін ғана белгілі боларын қайран Баубек қайдан білсін...
1940 жылы әскер қатарына шақырылған Б.Бұлқышев жауынгерлік міндетін Москваның атақты пролетарлақ дивизиясы құрамында бастады. Дивизияның атақты болатын себебі бар. Өйткені онда дүниенің түпкір-түпкірінен жиналған саяси эмигранттардың балалары міндетін өтейтін. Осы дивизия құрамында 1941 жылдың шілдесінде Березина өзенінің бойында алғашқы ұрысқа кірді. Осылайша Ұлытаудан ұшқан қайсар ұлдың өте қысқа да, жалындай лаулаған жорық жолы басталды. Ол майданда қару мен қаламды қатар ұстаған ерекше тұлға. Оның шығармашылық қуаты от пен оқтың астында шыңдалған қайсар рухпен астасып, жау жайратар қорғасынға айналды. Шығыс ұлының майданнан жазған хаттары мен жалынды публицистикасы окоптан-окопқа тарап, қиын сәтте жауынгерлердің сүйенішіне айналды. «Өмір мен өлім туралы» жолжазбасы (көсемсөздің үлгісі) ең алғаш рет 1942 жылы «Комсомольская правданың» 1-мамыр санында жарияланды. Б.Бұлқышевтың кез-келген әскери бұйрықтан қуатты, жалынды туындысы майдан газеттері мен корреспонденттердің назарын аударды. «Мен міне 300 күннен артығырақ соғыста жүрмін... Өлімді тіпті көп көрдім... Осы ғажап қырғын, сұрапыл алыс үстінде жаныңа сүйеу болатын нәрсе: біздің жігіттер ерлерше өліп жатыр деген берік сенім! Олардың өлімінде де өмір бар». Әр жолынан оқ-дәрінің иісі мен майдан даласының лебі есіп тұрғандай әсер беретін шағын шығарманы бүгінгі «білімді оқырман» жай ғана пафос деп қабылдауы мүмкін. Алайда таза жүректен шыққан асқақ та, албырт жастық сезім соншалықты шынайы, кідіріссіз төгіледі. Мұнда бәрі бар – балаң жігіттің соғысты қабылдауы, кез-келген сәтте ажал құшуы мүмкін екенін түсінуі, өзін сол өлімге даярлауы, ең ақыры адам ұрпағынан өмірді ешкімнің тартып алуға хақысы жоқ екенін түйсініп жауына кектенуі. Осы жолда өліп кетсе Баубектің арманы жоқ.Сондықтан да ажал құшқан қаруластары жайлы «Олардың өлімінде де өмір бар» деп дәріптеп, аспанға көтереді. Ұлы Отан соғысы жылдары қазақтың үнімен майдан даласын тебіренткен Жамбыл атамыз, сосын Баубек болар деп ойлаймыз.
Б.Бұлқышев екі тілде еркін жазды. Оның майдан жазбалары «Комсомольская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің беттерінде үзбей жарияланып тұрды. «Мен өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Ескі карта туралы ойлар» - осының барлығы майданнан алыста жатқан халықты да рухтандырды. Майданнан, тылдан, Кеңес Одағының бар қиырынан оған хаттар тасқыны толастамады. Олар Баубекке «Сен біздің жүрегіміздегі сөзімізді айттың» деп сүйсінді. Кейбір жазбаларына 200-ден астам хат келгенін кейін өзі бір хатында айтып өтеді. «Әсіресе украин мен беларустың қыздары көп жазады. Мен кішкентай статьямен жастардың жүрегіне қобыз ойнатсам керек», - дейді Баубек Бұлқышев. Ол осылайша соғысқа өмір лебін әкелді. «Біз осы арпалыста жүргенде қайғыра да, жылай да, қуана да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болғаны» деп толғайды Шығыс ұлы. Ол Шығыс ұлын былайша таныстырады. «Қарағандының забойшигі Бейсенәліні білесің ғой! Сонша ірі денесімен керіліп тұрып немісті найзаға түйреп алып, басынан асыра кейін лақтырады. Жау онымен қарсыласуға беттемей жалт береді. Жаңа оны командир шақырып алып, арқасынан қағып, алғыс айтты. Жауынгерлер оған «Шығысұлы» деп ат қойып алды.» («Шығыс ұлына хат». 1943 ж.)
Жауынгер жазушының зерделеп оқып, ой түйер тағы бір кесек дүниесі – «Жауыздық пен махаббат». «Ұрыста жаныңда жолдас болса, қандай қиын уақытта да көңілге жеңіл. Сондықтан ба, әлде адамның адамға деген махаббатты зорлығының әсері ме, әлде өлсем көрім бір болсын дегенге сүйенесің бе, әйтеуір от астында окопты бір-біріңе жақын қазуға тырысасың» – дейді жазушы. Егер мұны Баубек соғыстан кейін жазса мүлдем басқаша, сәбеттік идеологияның жейдесін кигізгендей жасанды шығар еді. Ал мына жазғанында жұмыр басты кенденің бәрінде бар беймәлім қорқыныш (үрей емес) соншалықты дәл, солдаттың жәй-күйі шынайы бейнеленген. Мұндай сезім-күйді ұлы қырғынның ортасында болған барлық жауынгердің бастан өткергені сөзсіз. Оның майдан хаттарында жас жүректің шарықтауы, қол-көсір эмоция, сенім мен мұң – бәрі астасып жатыр. Өзі айтқандай «сөз салмақтауға уақыты жоқ». Сондықтан кестелі сөз, зерделі ой айтсам деп тыраштанбайды. Сонысымен шынайы, қуатты.
Баубектің қарамағындағы саперлер взводының мина алқабын тазалауға шыққан соңғы сапарын журналист М.С.Ученик «Баубек» повесінде былайша әңгімелейді. «Жапалақтай жауған қар таңға таяу сап тиылды. Аспан шайдай ашық. Бұлқышев өз еркімен соңынан ергендерге қарсылық танытпады. Қатардағы жауынгер Каплецкий мен сержант Каратанов үшеуі мина алқабына беттеді. Қарсы жақтың жауып тұрған оғының астында 300 минаны тұншықтырды. Мергендердің қарауылынан аман өтіп келеді. Алқапты айналып кері бұрыла бергендері сол еді... Аяқтарының астынан бұрқ еткен от аспанға көтерілді. Олар құлақ тұндырған жарылысты естіген де жоқ...»
Б.Бұлқышевтың майдан даласынан жазған ең соңғы хатын досы Мұқан Иманжанов 1944 жылдың басында алады. Дәлірек айтсақ, тілдей қағазға жазылған ашық хат(открытка). Орыс тілінде жазылған. «...Пули пока минуют меня. Возможно, моя судьба так и сложится, что останусь живым...» – деп жазады Баубек соңғы хатында. Бірақ 1944 жылы наурызда Кривой Рогқа таяу Ново-Юльевка селосында қазақ халқы жалынды ұлынан, қазақ әдебиеті болашақ қуатты қаламгерінен айырылды. Егер тірі болса Ұлы Отан соғысы тақырыбында Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов сынды кесек дүниелер қалдыратын нағыз батыр біздің жерлесіміз Баубек Бұлқышев еді. Шығыс ұлының өмірі мен мұрасы жайлы кейін журналист С.Асқаров, ф.ғ.к. Р.Ыдырысовтар зерттеу жүргізіп, еңбектерін жарыққа шығарды. Биылғы жылы Б.Бұлқышевтың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында даңқты жерлесіміздің шығармаларын мектептерде, кітапханаларда жаппай оқуды қолға алсақ орынды болар еді. Жерлесіміз атындағы көше, оның шағын ескерткіші, Б.Бұлқышев атындағы түрлі жүлделер өткізу өз алдына. Идеологияның ең төресі – Баубектің жан сарайына үңілу, ажал табалдырығында тұрып өмірді асқақтатқан Баубекті тану, өзіңді іздеу, ата-бабаң меңзеген өлімнен кейінгі мәңгі өмірге дайындалу.
Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі
тарихы мұражайы қорының материалдары бойынша
әзірлеген З. Қазанбаева.