30 Маусым 2014, 05:47
Өлім жайындағы қаралы хабарды туған-туыс пен ауыл тұрғындарына арнайы хабаршы жеткізген. Бақилық болған кісінің ең жақын адамдарына қазаны естірту жасы үлкен ақсақалдарға жүктелген. Қаралы хабарды бірден хабарламай, астарлап жеткізе білу де өнер. Қайтыс болған кісіге арнайы «қаралы үй» ретінде киіз үй тігіліп немесе бір бөлме дайындап, өлікті бөлменің оң жағына сабан төселген таза шиге жатқызған. Қайтыс болған марқұмға көп уақыт өтпей тұрып, әулеттің ірі бастылары шақырылып мәслихат жыйын өткізіп, марқұмды жерлеу рәсімін ақылдасып, жаназасын шығаратын уақытты белгілейді.
Марқұмның жақын туыстары жынысына қарай бөлініп, әдетте ер адамдар үйдің тысында, әйел адамдар үй ішінде қатарға тұрып дауыс шығарып, жоқтау айтады.
Марқұм болған кісіні бұрындары егер қабір жақын болса керегені табыт ретінде пайдаланып, соған жатқызып апарған. Ал егер шалғай жатқан жер болса киізге орап, түйеге артып апарған.
Марқұмды жер қойнына табыстамас бұрын оны арулап жуындырып, ақ кебінге ораған. Өлікті жуындыру үлкен сауапты іс болған. Бұл істі кез келген адамның атқара алмасы анық. Сосын дұға оқылып оның тірі кезінде жасаған күнәлары мен қарыздарын кешірілуін сұрайды. Жаназасын шығарған имам немесе молдаға мал немесе басқалай сый берген. Қайтыс болған кісі ұзақ жасаған қарт болса ақ матаны бөліктерге бөліп «жыртыс» таратқан. Сонымен қоса оның көзі тірісінде киген киімдері мен ұстаған бұйымдарын марқұмның жақын жандарына бөліп үлестірген. Мұны «тәбәрік» дейді. Марқұмды жерлеуге тек ер адамдар ғана барған. Әйел адамдардың бейіт басына баруына тыйым салынған. Жерлеуге барған адамдарды «сүйекшілер» дейді. Сүйекшілер марқұмды жерлеп қаралы үйге жақындағанда әйелдер жоқтау айтып, сүйекшілермен көріседі.
Бейіттің тереңдігін адамның беліне дейін, ұзындығын кісі бойындай етіп қазады. Марқұмның басын құбылаға қаратып арқасынан жатқызған. Бейіт үстін ағаш, қамыспен жауып үстіне топырақ үйеді. Басы қараған жағына марқұм болған кісінің аты-жөні ойып жазылған тасбелгі қояды. Мұны Сыр бойындағы қазақтар көктас деп айтады. Ал кейбір аймақтар құлыптас деп те айтып жүр. Сыр өңіріндегі қазақтардың тілдік қолданысында егер жақсылығы қайтпай, туған балаларынан көңілі қалып қатты ашуланған жағдайда «мен өлген соң басыма көктас қояр деймісің» деген сөз тұрмыста жиі айтылады. Жағдайына қарай бейіт үстіне түрлі күмбезді үйлер мен қоршаулар орнатқан. Бұл үрдіс соңғы жылдары артық даңғаралық пен жарыспалыққа айналып кетті. Марқұмды әдетте өз әулеті жатқан жерге жерлеген.
Ертеде жолаушылап кеткен адам сапарлап жүріп қайтыс болса, жанындағы жолаушылар қысқа намаз оқып, жол бойына жерлеген. Сонымен қоса өзіне қол салған марқұмның шариғат заңы бойынша жаназасы шығарылмаған. Мұндай марқұм болған адамдарға бұл күндері өлікті жерлеу рәсімдері толық орындалып жүр.
Н. Гродеков өз еңбегінде «Өлік шыққан үйде 5 күнге дейін ас асылмаған, асты көрші-көлемдері алып келген», - деп жазады. Логикалық жағынан бұл дұрыс. Қайғыдан қан жұтып, есеңгіреп отырған қаралы үй қалай кісі күтіп, қазан қайнатады? Бұл күндері бәрі де басқаша. Тіпті қаралы үйдің дастарханын да сынап, сөз ететіндер де табылды.
Қаралы үй қырық күнге дейін шырағын өшірмеген. Ертеде аза тұтудың белгісі ретінде қаралы үйде бір жылға дейін қара орамал байланып тұрған. Қаралы ту киіз үйдің түндігі түріліп, үй ортасынан найза шаншылып, найзаның түндіктен шығып тұрған ұшына байланған. Немесе қаралы ту ілінген найза үйге сүйеліп қойылған. Қаралы ту марқұмның жасына байланысты түсі де түрліше болған. Мәселен, пайғамбар жасынан асқан ұзақ жасаған марқұм болса ақ ту ілініп, қара жамылмаған. Кейде мұндай кісінің асын той деп жатады. Егер марқұм қыршын кетсе қызыл жалау ілінген.