Әлихан Смайылов шетелдік кәсіпкерлерге Қазақстанның өнеркәсіптік артықшылықтары туралы айтып берді

4 Шілде 2022, 18:26 1098

«ИННОПРОМ» - индустрияландыру саласындағы ең ірі көрмелердің бірі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов XII «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесінің экспозициясымен танысып, ашылуында сөз сөйледі. «Өнеркәсіптік ауысу: сын-қатерлерден жаңа мүмкіндіктерге» тақырыбындағы көрме Екатеринбург қаласында 4-7 шілде аралығында өтеді, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ИННОПРОМ» - Ресейде өткізілетін индустрияландыру саласындағы ең ірі көрмелердің бірі. Биылғы іс-шараның серіктес елі — Қазақстан Республикасы. Дәстүр бойынша серіктес елдің қатысу форматына ауқымды ұлттық экспозиция, іскерлік және мәдени бағдарламалар кіреді. Осы орайда қазақстандық экспозицияның ауданы 1600 шаршы метрді құрады, онда өнеркәсіптің барлық салаларын қамтыған 200-ге жуық отандық компания өз өнімдерін ұсынады. 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов көрме павильондарының экспозициясымен танысты, сондай-ақ РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен бірге көрменің ашылу салтанатына және «Өнеркәсіптік ауысу: көшбасшылардың тәжірибесі» пленарлық сессиясына қатысты. 

ҚР Үкіметінің басшысы өз сөзінде Қазақстаннан келген делегаттар үшін осы алаңда кездесіп, өнеркәсіпті дамыту перспективаларын талқылау, сындарлы ұсыныстар мен пікір алмасу, көптеген мәселелер бойынша өзара қолайлы шешімдерге қол жеткізу игі дәстүрге айналғанын атап өтті. 

«Елдеріміз арасындағы өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын ерекше атап өткім келеді. Бұған Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыру айтарлықтай серпін берді», — деді Әлихан Смайылов.

Осылайша, жеңіл автомобильдер, электровоздар мен тракторлар өндірісін қоса алғанда, $450 млн-ға жуық сомаға 13 ірі жоба бірлесіп іске асырылды. Жалпы құны $3 млрд болатын тағы 9 ірі бірлескен жоба іске асырылу сатысында. 

«Бүгінде Қазақстан мен Ресей кәсіпорындары инновациялық өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға толық дайын. Сондықтан, өнеркәсіптің 7 саласындағы тағы 22 жоба бойынша ынтымақтастықты көздейтін бірлескен іс-қимылдың жаңа бағдарламасына қол қою маңызды екенін ерекше атап өткім келеді», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік салалардағы кооперацияға бағытталған жаңартылған технологиялық базаны құру бойынша өзара іс-қимыл жасай бастағанын еске салды. 

Үкімет басшысының айтуынша, бұл үшін Қазақстанда өнеркәсіптің өсуін ынталандыру бойынша қажетті құқықтық және институционалдық негіз, оның ішінде шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету тетігі мен ұзақ мерзімді шарттардың құралы бар. 

Бұдан басқа, Өнеркәсіпті дамыту қорының мақсаттары, міндеттері мен функциялары қайта қаралды: оның жұмысы жабдықтар мен техниканы сатып алуды лизингтік қаржыландыруға, сондай-ақ жеңілдікті мөлшерлемемен өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды кредиттеуге шоғырландырылатын болады. 

«Тұтастай алғанда, бұл шаралар жоғары технологиялық салалардың өсуіне және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ықпал етеді. Сондықтан тарихи қалыптасқан екіжақты байланыстар, қуатты ресурстық база және біздің экономикалық интеграциямыздың артықшылықтары толық көлемде пайдаланылуы тиіс», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сөз соңында ол өнеркәсіптік ынтымақтастықты ынталандыру Қазақстан мен Ресейдің игілігіне жұмыс істеп, өзара тиімді кооперация экономиканың одан әрі өсуіне тұрақты тірек болатынына сенім білдірді. 

Бөлісу: