Астанада жасөспірімнен зардап шеккен баланың анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Әйел әліге дейін 5 жасар ұлына жасалған шабуылдан есін жия алмай отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әйел tengrinews.kz cайтына сұхбат берді. Шабуыл кезінде зардап шеккен Батыр есімді бала дүкеннен үйіне қайтып келе жатқан.
Мен оны картоп алуға дүкенге жібердім. Өзім кішкентай баламен үйде болдым. Терезеден қарап тұрдым, Батыр есікке келіп, домофонды басты. Мен оған қол бұлғадым, ол қуанып үйге қарай келе жатты. Сөйтсем, әлгі жасөспірім есіктің жанында тұр екен, басқа бір қызға тиісіп жатқан көрінеді. Батыр есікті аша бастағанда, әлгі жасөспірім де подъезге кіріп, кейін лифтке бірге мінген. Бұл видео жазбалардан анық көрініп тұр, – дейді баланың анасы.
Беті қанға боялған бала өз пәтеріне әрең жетіп, есіктің алдында құлап түскен.
Ол қансырап тұрып, 1-қабаттан 4-қабатқа дейін өзі көтерілді. Үйге кіріп: “Мен өліп барамын, мама, мені өлтірді” деді де, құлап түсті. Сол сәтте не болғанын түсінбей қалдым. Оның беті қан-қан, жан-жақтың бәрі қызыл қанға боялды. Мен есеңгіреп қалдым. Сосын көршілерге қоңырау шалып, олар дәрігерлерді шақырды. Абырой болғанда, көршіміз – хирург Жандос қан тоқтатуға көмектесті, әйтпесе ұлым одан да көп қан жоғалтатын еді. Кейін оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті, – деп есіне алады анасы.
Полиция оқиға орнына жедел жетті. Кейінірек лифт пен подъездегі бейнебақылау камераларының көмегімен оқиғаның толық көрінісі қалпына келтірілді. Белгілі болғандай, жасөспірім құрбан іздеп жүріп, Батырдың подъезге кіргенін көріп, артынан жүгірген.
Камера жазбаларынан лифтке әлгі жасөспірімнің кіргені және кейін шыққаны көрінеді. Алғашында мен оны жай ғана ұрған шығар деп ойладым. Лифт ішінде балалар бірдеңені бөлісе алмай қалған шығар дедім. Бірақ кейінірек видеоны көрдім. Ол лифт есігін ұстап тұрып, алдымен Батырыма ойыншық күрекпен назарын аударған. Кейін кенеттен пышақ шығарып, бетіне бірнеше рет сұғып алған. Содан кейін қашып кеткен, – деп көз жасына ерік береді анасы.
Анасының айтуынша, ауруханада дәрігерлер Батырдың бетін тіккен.
Ауруханада бізге артерия зақымданғанын айтты. Оған наркозбен ота жасалды. Түнде жағдайы өте ауыр болды. Біз бардық, бірақ қасына кіргізбеді. Қазір оны палатаға ауыстырды, есін жиды. Бірақ бетінің сол жақ бөлігі қозғалмайды, беті әлі ісіп тұр. Оның үстіне 1-типтегі қант диабеті бар. Қанша уақыт қажет болатынын білмеймін, – дейді Батырдың анасы.
Әйел бұл жасөспірімді бұған дейін тұрғын үй кешенінде ешқашан көрмегенін айтады. Ол баласына шабуыл жасаған адамға ең қатаң жаза тағайындалуын талап етеді.
Қазір біз үшін ең маңыздысы – Батырдың сауығып кетуі. Бірақ мен мұны жай қалдырмаймын… Біздің Батыр – қарапайым, өте ақылды бала. Ол дайындық курстарына, ағылшын тілі сабағына, күреске барып жүрді. Өзі ашық-жарқын. Оны барлық аула балалары таниды, бәрімен ойнайтын. Мұнда кішкентай балалар өте көп, жанымызда мектеп бар. Барлық бала ата-анасыз жүреді, ал ол кез келгеніне көшеде шабуыл жасауы мүмкін еді! Біз қайда қарап жүрміз? Мен оны жалғыз жібергеніме өзімді кінәлап отырмын, мұны жүз рет өкіндім. Бірақ кім ойлаған мұндай жағдай болады деп? Мұның бәрі барып тұрған қатыгездік, – деп өз-өзін кінәлайды анасы.
Белгілі болғандай, кейін пышақ тұрғын үй кешенінен 250 метр жердегі балабақша маңынан табылған.