10 Қараша 2015, 11:37
Байқаудың «Бейнелеу өнері» номинациясына мүсін өнері, сәндік-қолданбалы өнер, зергерлік өнер, гобелен тоқу бойыша бірқатар жұмыстар ұсынылған. Ұйымдастырушылар мен әділ қазылар алқасының айтуынша, 150 жұмыстың арасынан ең үздік деген аталымға лайықты 50 жұмысты іріктеу өте қиынға түскен.
Сәуле БАПАНОВА, профессор
«Шабыт» – талантты жастардың талабын ұштап, қанат бітіретін фестиваль. Ең өкініштісі, қатысушылар фестивальге дайындықсыз келеді. Өзім дизайнер болғандықтан «Бейнелеу өнері» номинациясының ішінде сәндік-қолданбалы өнер категориясы бойынша айтып тұрмын. Дәл осы категория бойынша үміткерлер байқауға селқос қарап, «қатысу керек» деген оймен өнімдерін әкеле салғандай әсерде қалдым. Біздің жастық шағымызда мұндай мүмкіндіктер болмады, конкурсқа қатысып, өнер додасында бақ сынау үлкен жетістік еді. Бүгінгі «Шабыт» фестивалінде үміткерлер үшін барлық жағдай жасалып отыр, жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Соған сәйкес қатысушылар да үлкен жауапкершілікті арқалап, жақсы дайындықпен келуге болар еді. Дегенмен де, жастардың қанатын қырықпайық деген ниетпен ең үздік деген 50-шақты жұмысты іріктеп, көрме залына қойдық.
Үздік деп танылған 50 еңбек көрме залына қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ұйымдастырушылар үміткерлердің жұмысына баға берген әділ қазылар алқасымен таныстырды.
Лидия СОКОЛОВА-СЕРБСКАЯ, суретші-модельер, тарих ғылымдарының докторы
Мен XVIII Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестиваліне арнайы шақыртумен Мәскеу Сән Индустриясы Институтынан келдім. Шыны керек, фестивальден бұрын Астананың сәулетіне таң қалғанымды айтқым келеді. Конкусрқа ұсынылған жұмыстарға тоқталар болсам, мені қатты таң қалдырған жұмыстар көп болды. Қатысушылардың аяқ алысы өте жақсы. Бір байқағаным, әрбір экспозицияда тарихи таңба, мәдени құндылықтардың элементі бар екендігі мені қатты қуантты. Қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінің бастауы тереңде жатқанын айқындап тұр. Мен қазақ халқының зергерлік өнеріне тәнті болдым. Бүгінгі фестивальге қосылған зергерлік жұмыстардың әдемілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әшекей бұйымдардың дизайны, ою-өрнегі көздің жауын алады. Осы тұрғыдан алғанда Ресей студенттерінің қазақ жастарынан үйренері көп екен. Ал, сәндік өнерге келер болсақ, студенттер тіккен шамандардың киім-үлгісі өте әдемі.
Көрме залына қойылған жұмыстардың арасында көпшіліктің назарына іліккен суретші, мүсінші, гипперреалист Айдос Әкімғалиұлы жасаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Абылай ханның мүсіні болды.
Автор аталған екі мүсінді алдымен пластелиннен жасап, кейін силиконмен қаптаған.
Айдос ЕСМАҒАНБЕТОВ:
Маған Елбасының мүсінін сомдау туралы ой АҚШ-тың Президенті Барак Обаманың балауыздан жасаған мүсінін теледидардан алғаш көргенде келді. Елбасының 70 жасқа толуына орай, ерекше сый жасауды көздеп жүрген едім. Алайда, балауыздан емес, силиконнан жасауды ұйғардым. Картиналарымды сатып, ақша жинай бастадым. Әр мүсінге кемі 10 келі силикон кетеді. Оны Германиядан алдырамын. Әрине шығыны аз емес, сонда да тоқтап қалмай, мүсінді мүмкіндігінше дәл жасап шығуға тырыстым.
Айдос Елбасының мүсінін жасауға бір жылдай уақыт жұмсаған. Ол басшының мүсінін суреттеріне қарап, ал бойы мен денесінің көлемін математикалық есеп арқылы шығарғанын айтады. Себебі, ғаламтордан өзге мемлекет президенттерінің бойы, салмағы туралы ақпарат іздесең, алуға болады екен. Ал, Елбасы туралы ондай мәліметтер интернетте жоқ. Сол себепті Айдосқа көп ізденуге тура келген. Ол Президентпен араласатын тұлғалармен жүздесіп, көбірек мәліметтерді сұрастырып білген.
Гиперреализм жанры – фотоға немесе суретке қарап отырып, адамды немесе затты айна-қатесіз бейнелеу, мүсіндеу. Аталмыш жанр Қазақстанда әлі кең тарай қоймаған. Бұл саланы меңгерген әзірге жалғыз қазақ жігіті – Айдос. Жас мүсінші Айдос Әкімғалиұлы «Шабыт» фестиваліне Арқалық қаласынан қатысып отыр.
«Бейнелеу өнері» номинациясында мүсін категориясында Павлодарлық Данияр Сарбасовтың туындысы, сәндік-қолданбалы өнерде Атыраулық Есенғазиев Алтынбектің жұмысы үздік деп танылып, Бас жүлдеге ие болды.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттердің авторы Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ