24 Наурыз 2015, 09:22
Сингапурдың ең алғашқы Премьер-Министрі Ли Куан Ю өкпе қабынуы ауруына шалдығып, емханаға жатып қалды. Премьер-Министр кеңсесінің айтуынша, Ли мырза Сингапурдың бас емханасына ақпанның 5-күні жатқызылған. Оның қазіргі жағдайы тұрақты және ол медициналық вентиляция жабдығына қосылған. Ол есіне ұйқылы-ояу жағдайда, есін біледі. Бұл жаңалық көптеген сингапурлықтардың көңілін түсірді. Ли мырза бүгінде 91 жаста.
«Әлем туралы бір адамның пікірі» атты өзінің соңғы кітабында Ли Куан Ю өзінің «күш қуаты мен белсенділігі төмен» екендігін айтады. Ол сондай-ақ дәрігерлермен арнайы келісім жасап, есінен танып, шалдыққан ауруынан жазыла алмайтын жағдайға түсетін жағдай туса, дәрігерлер «оның жылдам қайтуына» көмектесетін болды.
Ли Куан Ю – Сингапурдағы кез келген ұрпақ өкіліне үлгі тұтар тұлға.
Ол қатал көшбасшы, парасатты, терең ойлай алатын адам ретінде танымал болды. Алайда Премьер-Министр болған жылдары оның мінезі біршама жұмсарды. Ол сонымен қатар, әлемдегі ең ұзақ қызмет еткен Премьер-Министр, бұл қызметті ол 1959 жылдан 1990 жылға дейін атқарды.
Ел.кз редакциясы атақты көшбасшының сауығып кетуін тілей отырып, оның әр кездері айтқан дана сөздерімен бөлісуді жөн көрді.
«Мен малайзиялық бірігуге және осы екі территорияның біртұтастығына сендім. Білсеңіз, олар географиялық, экономикалық және туысқандық тұрғысынан өте жақын. Біз бір сәтке тоқтай тұрсақ қарсы болмайсыз ба...»
«Ақыр соңында, шешімді бәрібір ересектер қабылдайды, жастар емес. Алайда сол жастар ертеңгі күні ересекке айналып, оларға да шешім шығаратын күн туады да, олар әлгі шешімдерге назар аударады. Міне сол кезде олар алдыңғы ересек ұрпақты дұрыс шешім қабылдағаны үшін мақтан тұтатындай болуы тиіс»
«Менің ойымша, біз өзге қарапайым адамдар секілді шешім қабылдап, өзге мансапты таңдағанымызда, бізді ешкім айыптамас еді, өйткені бізде ешнәрсе болмады... Біздегі бар нәрсе жеңілуге жол бермеуге деген ниет еді және егер біз жеңілсек, оның өтемі сұмдық болатындай еді»
«Сыпайы болудан сіз ешнәрседен ұтылмайсыз. «Жоқ» деп айтуға мәжбүр болатын жағдай болады, бірақ оны мәдениетті түрде, шынайы себептерін түсіндіре отырып жеткізіңізші... Не себепті «Жоқ» екенін маған түсіндіріңізші. «Жоқтың» орнына «Иә» деп айтпай-ақ та қойыңыз... Егер «Жоқ» деп айтуға шынайы себептер болса, жауабыңыз «Жоқ» болып қала берсін, бірақ оны сыпайы жеткізіңіз»
– Виктория театрында азаматтық қызметкерлерге айтқан сөзі, 30 қыркүйек, 1965 жыл
«Мен бір көргеннен ғашық болуға сенбеймін. Менің ойымша, бұл – үлкен қателік. Сіз тек физикалық сипаттамаларға көңіл бөлсеңіз, сол үшін қатты өкінесіз»
– «Сингапурдың даму жолын сақтауға қажетті қатал шындық» (Hard Truths to Keep Singapore Going) кітабынан...
«Сингапурды кімде-кім басқармасын, оның бойында қайсарлық болуы қажет. Егер қайсарлық жоқ болса, онда ол жол беруі тиіс. Бұл карта ойыны емес. Бұл сіз бен біздің өміріміз. Мен осыны қалыптастыру үшін бүкіл өмірімді жұмсадым және бойымда қуатымның барында, өзге біреудің мұны бұзуына жол бермеймін»
«Егер сіз шайнамай ойлана алмайтын болсаңыз, бананнан көріңіз»
– Сингапурдағы сағыз шайнауға салынға тиым жайлы BBC мақаласынан, (2000)
«Сіздер сингапурлық жайлы білесіз. Ол еңбекқор, өз-өзіне сенімді, әрі жауапты. Олай болмаса біз жетістікке жетпес едік. Алайда, оның бажылдаудан чемпион екенін де біле жүріңіз» (1977)
«Күш салуды мейлінше жалғастырыңыз, сонда сіз өзіңізді қоршаған ортаны соның жемісі ретінде бағалай аласыз. Егер күш салуды тоқтатқаныңыз, бұлай ойлай алмай қаласыз»
«Халқыңызды бақытты еткіңіз келсе, екі нәрсенің біреуін жасауыңыз тиіс. Оларды қанағаттандыратын нәрсені беріңіз: үздік тағам, үздік киім, үздік тұрғын-үй. Егер бұған мүмкіндік болмаса, осы жағдайда жетуге болатын жолды көрсетіңіз.
– Австралия Менеджмент институты ұйымдастырған таңғы аста айтқан сөзінен. Сидней, Австралия, 22 наурыз, 1965
«Мен біреудің қуыршағы емеспін. Мен мұнда біреудің ойынын ойнау үшін келген жоқпын. Менің жауапкершілігімде бірнеше миллион халықтың өмірі бар»
– Сити Холлдағы баспасөз мәслихатынан, 26 тамыз, 1965
«Ол қазір қиын уақытта жұмыс істеп жатыр, бірақ оның меншігінде бар ресурстар, мен бастаған кезде болмаған»
– Том Плэйтпен сұхбат кезінде айтқан сөзі
«Менің бар ғұмырымда мені көп нәрсе үшін айыптады, алайда мені өз ойын ашық айтуға қорықты деп ешкім айыптай алмайды» (1955)
«Мен әрдайым сауатты қадам жасауға тырыстым, саяси сауаттылықты айтып тұрған жоқпын» (2000)
«Мен өзімді атеист деп атамас едім. Мен Құдайдың бар екенін жоққа да шығармаймын, бар деп те айтпаймын»
«Кез келген нәрсенің ақыры бар және менікі барынша жылдам және ауырсынусыз болғанын қалаймын. Соңғы күндерімнің ешнәрсеге қабілетсіз, ессіз жатып, танауыма түтікше жалғанып өткенін қаламаймын»
– «Әлем туралы бір адамның пікірі» еңбегінен
«Даңққа бөлену дейсіз бе? Бұлай жасау менің қолымнан келсе жақсы. Жоқ, адам тек өлгеннен кейін ғана демалады»
– Ли Куан Юдің «Тапқырлық және даналық» кітабынан»
«Мен өз әйелімді келесі өмірде кездестіргім келеді, бірақ кездестіремін деп ойламаймын. Мен жәй ғана тіршілігімді тоқтатамын, дәл әйелім секілді – басқаша болған жағдайда арғы өмірде адам саны тым көбейіп кетер еді»
– «Әлем туралы бір адамның пікірі» еңбегінен
«Төсек тартып жатсам да, тіпті мені табытқа салуға тырыссаңыз да, егер мен бірнәрсенің дұрыс еместігін байқасам, мен орнымнан тұрамын»
– 1988 жылғы жолдауынан
Дархан Өмірбек
Мақалаға арқау болған сілтеме