28 Тамыз 2014, 12:35
ӘЛЕУМЕТТЕНУ — жеке адамдарға қоғам мен оның құрылымдары тарапынан үнемі (жинақы, бақылаулы, шашыраңқы түрде) әсер ету процесі. Соның нәтижесінде адамдар белгілі бір білімдерді, құндылықтар мен нормаларды игеріп, нақты қоғамда, әлеум. топтар мен ұйымдарда өмір сүру тәжірибесін жинақтайды әрі тұлғаға, сол қоғамның тең құқылы мүшесіне айналады. Социология ғылымы “ұрының баласы — қашан да ұры, ал текті ата-анадан тек бейкүнә әрі тәртіпті бала туады” деген сыңаржақ тәмсілмен келісе алмайды. өйткені, адам анасынан бірден мәдениетті болып жаралмайды, тәрбиелеу, білім алу және қоғамда ғұмыр кешу процестерінде ғана қалыптасады. Әлеум.-мәдени қасиеттер мен құндылықтарды мұралау өзгеше, биол. емес әдіппен, яки ұрпақтан ұрпаққа тарау тетігі арқылы әлеум. жолмен жүзеге асады; әрбір жеке адам (индивид), әр жаңа ұрпақ өздері туып, өмір сүріп жатқан әлеум. жүйенің мәдени мұрасын игерудің өзіне тән ерекше жолынан жүріп өтеді. Осынау маңызды процесті ғылымда “жеке адамның әлеуметтенуі” деп атайды. Ә. тура мәнінде, жарық дүниеге келген, адамзат мәдениетін игеруге бағдарланған саналы биол. организмді, яки адам баласын дамытып, өзінің тұлғалық-психологиялық ерекше қасиеттерін, сондай-ақ, қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беретін әлеум. тұрпаттық, әлеум. маңызды қасиеттерді, білім мен білікті бойына жинақтаған тең құқылы жеке тұлғаға айналдыру жолы. Сондықтан, Ә. дегеніміз жеке адамның әлеум. ортамен диалектикалық (өзара) әрекеттесу процесі, оның барысында, бір жағынан — адам бойындағы табиғи, психологиялық өскін жетіліп, өркендей түседі, екінші жағынан — қоғам жеке тұлғаны тәрбиелеу, білім беру, мәдениетке ұмтылдыру арқылы оған адами тұлғаға тән әлеуметтік мәні мол қасиеттерді сіңіреді. Ә. — қысқа мерзімді, бір мәртелік емес, іс жүзінде жеке адамның бүкіл ғұмырын қамтитын ұзаққа созылатын көп қырлы құбылыс. Соның арқасында жеке адам қоғамдық өмірге араласып қана қоймайды, сондай-ақ өзінің әлеум. статусы мен рөлін иелене және өзгерте алады. өйткені, әрбір жеке тұлға тиісті құқылар мен міндеттерді иелене отырып, қоғамдағы өзіне лайықты орынды еншілейді және нақты қызмет міндеттерін атқарады, яғни әлдебір әлеуметтік статусқа ие болады. Ол жеке тұлғаның жағдайын жан-жақты, әрі жинақтай бейнелейтін сипаттамаларды: мамандығын, кәсіби білігін, атқарып жүрген жұмыстарының сипатын, лауазымын, материалдық әл-ахуалын, саяси ықпалын, партияға және кәсіподаққа мүшелілігін, іскерлік байланыстарын, туыстық тарамдарын т.б. қамтиды. Бұлардың барлығын белгілі социолог Р. Мертон (1910 ж.т.) “статустық жиым” деп атаған. Оның өзі туа бітті (немесе маңдайға жазылған), яки субъектіге тәуелсіз күйде, көбінесе жаратылысынан дамитын (мыс., жынысы, жасы, ұлты, туыстары) статустар және қол жеткен (немесе қолы жететін), яғни жеке тұлғаның өзінің күш-жігерін жұмсауы арқылы алған статустары болып бөлінеді. Кей реттерде осы аталған екеуінің қасиеттерін тоғыстыратын аралас әлеуметтік статустар да (мыс., өз еркінен тыс жұмыссыз қалғандардың, мүгедектікке ұшырағандардың, босқыншылыққа ұшырағандардың, т.б. статусы), кездеседі. Әлеум. статус пен жеке бастың статусты ажырата білу қажет. Мәселен, әлеум. статусты, яғни жеке тұлғаның бүкіл қоғам ауқымындағы не ірі әлеум. топ ішіндегі жай-жағдайын айқындар сәтте, алдымен оның қызмет істейтін саласы, лауазымы не ғыл. атақ-дәрежесі т.б. ауызға ілігеді. Былайша айтқанда, кез келген адамның әлдебір әлеум. топқа (әлеум.-топтық, әлеум.-кәсіби, әлеум.-этникалық, т.б.) жататындығы дәйектеледі. Ал жеке тұлғаның шағын (бастауыш) әлеум. топтағы (отбасындағы, бригададағы, студенттік топтағы т.б.) беделі, көбінесе, оның мәртебелік басымдығына емес, жеке бастың, даралық қасиеттеріне, оған ағайын-туыстарының, жұмыстас не курстас жора-жолдастарының, таныстарының, көршілерінің т.б. субъективті қарым-қатынастарына байланысты қалыптасады.
Әлеум. және жеке бастық статустар бір-бірімен сәйкес келмеуі де мүмкін. Жеке тұлғаға сипаттама беру үшін, сондай-ақ, әлеуметтік рөл ұғымын пайдаланудың да маңызы ерекше. Ол белгілі бір әлеум. статус иеленетін адамнан және нақты қоғамдағы осы статустар тән адамдар тобынан үміт етілетін мінез-құлықтар болып саналады. Әлеум. статус та, әлеум. рөл де ресми түрде (мыс., заңмен не басқалай құқықтық актімен) бекітілуі немесе бейресми сипат (мінез-құлықтың моральдық нормалары) иеленуі мүмкін. Әлеуметтанушылар (Р. Линтон, Дж. Мид, Т. Шибутани т.б.) әлеум. рөл проблемаларын әлеум. статус мәселелерімен байланыстыра отырып, оны әлеум. статустың қозғаушы күші ретінде түсіндіреді. Әсіресе, П. Парсонс (1902 — 1979) рөлдердің құндылықтармен ажырамас байланысын айрықша атап көрсетіп, әлеум. рөлді жалпыға бірдей құндылықтарға негізделген әрі әлеум. жүйеге қажетті құрылымдық элемент құрайтын, нормативті түрде реттелетін мінез-құлық ретінде қарастырады. Яғни, әлеум. рөл әлеум. құндылықтарды жеке тұлғаның нақты әлеум. іс-әрекеттеріне ұластырудың құралы қызметін атқарады.
Д. Думан
"Қазақстан энциклопедиясы"