«Ленинградтық өренім!» – Санкт-Петербургтан арнайы фоторепортаж

13 Ақпан 2015, 08:48

Ел.кз редакциясы Санкт-Петербург қаласындағы Ленинград қоршауы мен қорғанысы мемлекеттік мемориалдық музейімен бірлесе отырып ақпараттық-танымдық фоторепортаж әзірледі.

«Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің» – дәл осы өлең жолдарымен қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев 1941 жылы фашистердің қоршауында қалған Ленинград қаласының  тұрғындарына жолдау арнаған еді. Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толғалы отыр. Осыған орай Ел.кз редакциясы Санкт-Петербург қаласындағы Ленинград қоршауы және қорғанысы мемлекеттік мемориалдық музейімен бірлесе отырып ақпараттық-танымдық фоторепортаж әзірледі. Редакциямыздың тілшісі Санкт-Петербург қаласына арнайы барып, Ленинград қоршауы жайлы көптеген деректер жинап, онымен шектелмей, сол қоршауда жанын аямай күрескен қазақстандық жауынгерлер туралы, сондай-ақ екі ел арасындағы терең рухани байланыс жайлы эксклюзивті мәліметер ала келді.

Жамбыл атамыз Петербург халқының жадында әлі де бар. Ақынның құрметіне берілген көшенің атын ресейлік кинолардан жиі естиміз. Мәселен, «Елки» фильміндегі Иван Ургант ойнаған персонаж Санкт-Петербург қаласы, Жамбыл көшесінде тұрады.   

Санкт-Петербург пен Қазақстан арасында өте терең рухани, мәдени және тарихи байланыс бар. Мұнда қазақтың дара ғалымы Шоқан Уалихановтың шоқ жұлдызы жанып тұрды, мұнда 100 жылдан аса уақыт бұрын Абай Құнанбаевтың алғашқы кітабы баспа күйінде жарық көрді, мұнда, егер құлақ салсаңыз, питерлік алаңдардан бейуақыт мезгілде Жамбылдың дауысын естуге болады.

Мұнда, Ресей ұлттық кітапханасында, 150 жылдан астам уақыт бойы қазақ тіліндегі кітаптар жиналып, сақталып келеді. Бүгінгі күнге кітапханада қазақ тіліндегі кітап қоры 37 мың атаудан тұрады. Олардың ішінде 3,5 мыңы – араб графикасында, 6 мыңы – латын қарпінде. Кітаптардың көбі – өлеңдер, пьесалар, балалар және ислам әдебиеті, оқулықтар, этнографиялық зерттеулер. Бұл жинақтамалардың барлығы түрколог-ғалымдар, тарихшылар, қазақ қауымдастығы үшін құнды ақпарат көзі. Соғыс кезінде кітапхананың кеңсесінде госпиталь орналасты. Сол госпитальда Ленинградты қорғаймын деп ауыр жарақат  алып, емделіп жатқан қазақстандықтарға кітапханашылар  қазақ тіліндегі әдебиетті беріп отырды.

Бір қызығы, Ел.кз тілшісі Ленинград қоршауы мен қорғанысы мемлекеттік мемориалдық музейінің табалдырығынан аттағанда музей қызметкерлері «Бір ай бұрын келмегеніңіз қандай өкінішті! Бізде сол кезде Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған көрме болған еді!» деп өкініш білдірді. Жоғарыда айтылған терең байланысты ескерсек, бұған таңғалмауға да болады. Егер ХІХ ғасыр Санкт-Петербург пен Қазақстанды рухани байланыстырса, Ұлы Отан соғысы бұл байланысты қандас туыстыққа айналдырды.

Осылайша, біздің музей ішіндегі саяхатымыз басталып та кетті. Бірден айта кетейік, бұл музей – адамның батырлығына, қайсарлығына, қайратына, шынайы патриоттылыққа және ұлы батылдыққа қойылған ескерткіш іспеттес. 

Ленинград шайқасының Ұлы Отан соғысының тарихындағы рөлі өте жоғары. Жау Ленинградқа миллионнан астам сарбаз бен офицер, 17 мыңнан астам зеңбірек пен миномет, 1500-ге жуық танк және 2 мың ұшақ тастады. Ленинград 900 күн бойы қоршауда болды. Жүздеген мың адам қайтыс болды, олардың басым көпшілігі қоршаудағы алғашқы қыстың құрбаны атанды.

Қазақстандық жауынгерлер Ленинград шайқасында ерлікпен шайқасты. 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап Ленинград қаласын қорғауға Қазақстанда жасақталған 310 атқыштар дивизиясы мен 314 дивизия қатысты. Қоршаудағы қаланы елмен байланыстыруға да көптеген қазақстандық қатысты.

Ладож көлінің үстіндегі мұз арқылы салынған жолды қамтамасыз еткен 340 жауынгердің  ішінде қазақстандықтар да болды: күніне 3-4 рейс жасай білген С.Қабиев, К.Оспанов және С.Ичевский және салынған жолдағы учаскелердің біреуіне жетекшілік еткен кіші лейтенант К. Ахмедгиев және т.б.

Соғыстың ауыр күндері Ленинград қаласын қорғаймын деп парторг Сұлтан Баймағамбетов Александр Матросовтың ерлігін қайталады және сол үшін Кеңес Одағының батыры атағын иеленді. Сұлтан Біржанұлы Баймағамбетов 1943 жылғы шілдедегі Ленинградты Үлкен жермен байланыстырып тұрған қылтаны кеңейту үшін жүргізілген ұрыстарда  Ленинград майданының 67-армиясы 43-атқыштар дивизиясына қарасты 147-атқыштар полкінде пулемет бөлімшесінің командирі болды. 1943 жылы 25 шілде күні болған шайқаста жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. 

Балтық флотының теңізші-жауынгерлері де өз батылдықтарымен ерекшеленді. Балтық әскери-теңіз флотының адмиралы В.Трибуц 1943 жылы сәуір айында қазақ халқына арналған хатында «Қазақ халқының ұлдары Отанымызды қорғауда алдыңғы қатарда келеді. Барлық Балтық теңізшілерімен бірге олар Отанымыздың Балтық жағалауында адал қызмет етіп, біздің сүйікті теңіздегі астанамыз, революция бесігі Ленинградты қорғауда. Жалғыз «Киров» крейсерінің өзінде 156 қазақстандық жауынгерлік қызмет атқаруда. Олардың көпшілігі батылдығы мен ерлігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды»

Нева қаласының маңындағы қоршауды бұзуда 372 атқыштар дивизиясы 1236 атқыштар полкі 5 атқыштар ротасындағы бөлім командирі Қойбағаров ұрыс қимылдарын епті басқара білді.

Ленинград түбінде қазақстандық әскери жасақтардың үштен бірі шайқасты. Ораниенбаум плацдармасында 48 атқыштар дивизиясының мергені Дүйсенбай Шыныбеков жаумен күресті. 314-дивизияның мергендер қозғалысын Солтүстік Қазақстан облысындағы Степан Разин атындағы ауылшаруашылық артелінің бұрынғы колхошысы, қатардағы жауынгер Г.П. Зубков бастады.Ленинград үшін шайқаста артиллериялық бақылау аэростаттарының дивизион командирі С.Жылқышев те ерекше көзге түсті.

Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова соғыс жылдары дәл осындай пулеметпен жаумен күресті. Мәншүк Невель қаласын қорғау кезінде ақырғы оғы қалғанша жауды қырып, ерлікпен қаза тапты. Қасындағы жолдастарынан айырылған Мәншүк үш пулеметті қатарынан қойып, жауды 3 сағат бойы жалғыз бөгеп тұрған.

Ұлы Отан соғысында қазақ жауынгерлер әртүрлі позицияда болды: біреуі пулеметші, біреуі мерген, біреуі ұшқыш, біреуі командир, ал біреуі минометші. Артиллериялық дивизия сапында болған минометші Қарсыбай Сыпатаев ерлікпен қаза тауып, мәңгілікке Кеңес Одағының Батыры атанды. 

Қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлова қолына дәл осындай винтовка алып, мергендікпен талай жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жоя білді. Сол үшін Кеңес Одағының Батыры атанып, Ленин орденімен мәңгілікке марапатталды. 

Қазақстандықтар қатарында тыңшылар да болды. Қазақстандық тыңшы Ағзам Бейімбетов өзінің ұтқырлығы мен біліктілігінің арқасында немістің 100-ден аса сарбазын өз еркімен пленге берілуге көндіре алды. 

Соғыс жылдары адамдарға рухани, моралдық қолдау көрсету мақсатында осындай плакаттар көптеп шығарылды.

Қоршау жылдарында 850 мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапты. 1943 жылы қаңтарда 900 күнге созылған Ленинград қоршауы бұзылды, ал 1944 жылы Ленинград басқыншылардан толық азат етілді.


Дәурен Омаров

Бөлісу: