28 Тамыз 2014, 06:34
Империализмнің сан ғасырлық езгісінде болып келген халық ең алдымен осы езгіден азаттық алуды ойлайды. Қазақтардан неліктен өзін-өзі билеуге ұмтылатыны, Кеңес үкіметінің қазақтардың нені тілейтіні əзірше бізге айқын емес жəне күннен күнге барған сайын бұлыңғыр болып барады.
Ревком құрған кезде біздің əрқайсысымыз, ревком туралы ереже əзірлеуге қатысқан қазақтардың əрқайсысы, Қазақ өлкесін басқару жөнінде құрылып отырған ерекше орган автономияның табалдырығы екеніне сенгенбіз. Ревкомның бар екенін ғана білетін, бірақ ондағы істің жайымен таныс емес адамдардың бəрі осы кезге дейін солай деп ойлайды. Ревкомда жұмыс істеген біздің бəріміз ойлап, оның неге қажет екендігіне көз жеткізе алмадық. Өздерін коммунистер деп атайтындардың бəрі коммунистер емес бұқара халыққа түсініксіз жарғыларын тықпалап жатыр, ал Қазақ ревком мүшелері Крыловтың «Аққу, шортан һəм шаян» деген мысалының керін келтіруде.
Кеңес үкіметінің басында тұрған адамдардың сан миллиондық ұлттың тағдырын мазақ етіп, оны ойынға айналдыруды ойламайтынын; патшалық саясаттың ұлтшылдық пен империа листік саясат ұстанғанын; бұратаналар деп аталған басқа халықтар жөнінде орыстарға ойына келгенді істеуге мүмкіндік берілгенін; бұратаналарға ешқандай құқ берілмегенін; қылмыс жасады деп айыпталған бұратаналардың жеткіліксіз негізсіз қатаң жазаланғанын даусыз факт (дəлел) деп мойындайтыны- на біз кəміл сенеміз. Мұны мойындаған соң, орыс халқының ғасырлар бойы осы рухта, яғни бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тəрбиеленгені де даусыз факт ретінде мойындалуға тиіс деп ойлаймын.
...Қазіргі уақытта кез келген адам өзін коммунист деп атайды. Оларға үңіліп қарамайынша, кереметтің күшімен бəрі коммунистерге айналған екен деп ойлайсың. Бірақ, керемет тек ертегілерде болады, ал шын дүниеде ондай болмайды. Сондықтан, көптеген адамдардың ойында коммунизм идеясы жарнамадан əрі аспайды. Демек, Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, оның үстіне олар шет аймақтарда аз немесе мүлде жоқ болып шығады.
Соған байланысты мыналар қажет тəрізді:
1) Қазақ өлкесін басқаруға аты ғана коммунист емес, нағыз идеялық коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялыларынан шыққан, сыннан өткен идеялық қызметкерлер қойылсын. Нағыз коммунистер мен қазақтардан шыққан идеялық қызметкерлер, соңғылары коммунистер болмаса да, бір-бірімен түсініседі жəне іске көзқарасы ортақ болғандықтан, қазақтардан шыққан шалағай коммунистерге қарағанда, тезірек тіл табыса алады;
2) Халқы аралас аудандарда үкімет органдарының бəрінде езілген ұлттардың өкілдері кемінде 2/3 бөлігі болуға тиіс;
3) Қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін басқару түрлі шаруашылық саласы бойынша басқа губернияларға немесе облыстарға ешқандай да бөлінбей жəне бағындырылмай қазақтардың қолында болуға тиіс;
4) Қазақ коммунистері мен революцияшыл зиялылардың бүкіл саяси-мəдени жұмысы кеңестік социалистік шаруашылық саясатына негізделуге тиіс;
5)Қазақстанды біріктіретін, Орынбор қаласынан басқа- рылатын əскери округ құрылсын;
6)Қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болсын;
7) Қазақ өлкесінің шекарасы жөнінде төменде аталғандары- нан басқа ешқандай да өзгерістерге жол берілмеуі тиіс...
Қазақ əскери-революциялық Комитеті мен БОАҚ мүшесі А. Байтұрсынов.
1920 жылғы 7 мамыр,
Мəскеу қаласы.