ӘЛЕМДІК РЫНОК

28 Тамыз 2014, 12:24

ӘЛЕМДІК РЫНОК (World market) — жекелеген елдердің бір-бірімен сауда-экономикалық қатынастар арқылы байланысы бар ұлттық нарықтардың жиынтығы немесе халықаралық еңбек бөлінісіне қатысу

ӘЛЕМДІК РЫНОК (World market) — жекелеген елдердің бір-бірімен сауда-экономикалық қатынастар арқылы байланысы бар ұлттық нарықтардың жиынтығы немесе халықаралық еңбек бөлінісіне қатысу арқылы өзара байланысқан елдер арасындағы тұрақты тауар-ақша қатынастарының жүйесі. Ә. р-тың бірнеше түрі бар. Капиталдың Ә. р-гы — капиталдың экспорты мен импорты бойынша жүйелі де тұрақты операциялармен байланысты халықар. айырбас саласы. Ондай операциялардың объектісіне кәсіпкерлік және несиелік капитал, ал субъектілеріне жекеленген кәсіпкерлер, қаржы және банк ұйымдары, ұлтаралық компаниялар жатады. Капиталдың Ә. р-гында қор биржасы ұйымдастырушылық-экон. рөл атқарып, капиталдың елдер арасында ауысуына, өндірістердің қаржыландырылуына жағдай жасайды. Машиналар мен құрал-жабдықтардың Ә. р-гы — машина жасау өнеркәсібінің өнімін сату мен сатып алу жөніндегі жүйелі де тұрақты халықар. сауда. Ол тауар нарығының көптігімен ерекшеленеді және бәсекелестіктің, әсіресе, бағаның әрі олар туралы экон., коммерц. ақпараттың қалыптасуына әсер етеді. Ә. р. субъектілері — экспорт және импортпен айналысатын фирмалар. Ә. р-ның бұл түріне сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасы үлкен ықпал жасайды. Жұмысшы күшінің Ә. р-гы — жұмыс күшін сату және сатып алу бойынша жүйелі де тұрақты қызмет көрсететін халықар. экон. байланыс жүйесі. Бұл нарық еңбек ресурстарының ауысуын, әлемдік ауқымда олардың еңбекке деген мүмкіндіктерін арттырады. Бірақ халықар. жұмыс күшінің миграциясы көп жағдайда оларды ауыстыруға байланысты ұлттық шектеулермен, әлеум., экон., мәдени, тарихи нысандарымен қатар айқындалады. Технологиялық Ә. р. — технол. шешімдерді (лицензиялар, “ноу-хау”, жобалар мен құнды құжаттар) сату және сатып алу операцияларын жүргізетін халықар. сауда саласы. Ол қазіргі ғыл.-тех. прогрестің рөліне байланысты әлемдік айырбастың басты секторына айналып отыр. Технол. нарық ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуші, ғыл.-зерт. және инжинирингтік фирмалар қызметінің нақты ұйымдастырушылық нәтижелерімен  көрінуде, ал олардың субъектілері әр түрлі елдердің озық фирмалары, халықар. және ұлтаралық компаниялар болып табылады. Шикізат және отынның Ә. р-гы — әр түрлі тауарлар бойынша сату және сатып алу операцияларын жасайтын халықар. сауда орталықтары немесе жүйесі. Оның негізгі ұйымдастырушылық формасы — тауар биржасы. Шикізат пен отынның көп бөлігі сол арқылы сатылады. Қызмет көрсетудің Ә. р-гы — халықар. тауар айырбасының ерекше жүйесі. Ол орнықты да жүйелі түрде өндірістік және тұтыну тауарларын сату және сатып алу операцияларын жүргізумен сипатталады. Бүгінде дүн. жүз. сауда үлесінде қызмет көрсету айырбасы 44% көлемінде. Олардың негізгі объектілеріне ақпараттық және бағдарламалық жұмыстар, инжиниринг, консалтинг сияқты қызмет көрсету ұйымдары жатады.

К. Қажымұрат

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу: