Әлемдік бестселлер қазақ тіліне аударылды

16 Қараша 2016, 11:53

Пулитцер сыйлығының иегері Дэниэл Ергиннің кітабының қазақша нұсқасы

Бүгін елордада белгілі америкалық жазушы, Пулитцер сыйлығының иегері Дэниел Ергиннің «The Quest» кітабының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Кітап «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолдауымен жарық көрген.

2013 жылы Дэниэл Ергиннің Пулитцер сыйлығын жеңіп алған «The Prize» атты кітабы да қазақ тіліне аударылған. Ол «Қазына: Мұнай, ақша, билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» деп аталады.

Ал, бүгін оқырманға таныстырылған «The Quest» («Энергия көздерін іздестіру жолында») бестселлерін жазу үшін автор бес жыл бойы зерттеу жүргізгенін айтты. «Бұл кітап – геосаясат, технологиялық инновациялар, қауіпсіздік пен мұнай ландшафтындағы энергетикалық күштердің соңғы 20 жылдағы зерттеуі» деді Дэниэл Ергин.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Ергиннің кітабы қазақстандық оқырмандарға ресурстарды тиімді пайдаланудың алғышарттарын жақсылап түсінуіне көмектеседі. Қазақстанның мұнай өндіруші ел ретінде бір ғасырдан астам тарихы болғандықтан, оқырмандар үшін «Энергия көздерін іздестіру жолында» кітабы өте құнды дереккөз болмақ.

– Кітаптың қазақ тіліне аударылған нұсқасы алғаш рет басылып отыр. Естеріңізде ме, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларының бірінде тек әлемдік классикалық шығармаларды ғана емес, біз «бестселлер» деп атайтын заманауи туындыларды да қазақша сөйлетуді тапсырған еді. Біз Елбасының осы тапсырмасын үнемі жадымызда ұстауымыз қажет. Дэниэл Ергиннің кітабын қазақ тілінде шығару үшін бірнеше аудармашы тер төкті. Бұл жобаның коммерциялық мақсаты жоқ. Кітапты еліміздегі 30 жетекші жоғары оқу орнына таратып бердік. Ал, келесі жылы тағы бірнеше әлемдік бестселлерді оқырман назарына ұсынбақпыз, – деді Қайрат Нематұлы.

Анықтама

Дэниэл Ергин – энергетика, халықаралық саясат және экономика саласындағы танымал қайраткер. Ол – Пулитцер сыйлығының иегері, CNBC телеарнасының жаһандық энергетика жөніндегі сарапшысы. Дэниэл Ергин АҚШ-тың «энергетика саласындағы жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» сыйлығына ие болған.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу: