Әлемдік БАҚ Илья Ильин туралы не дейді?!

17 Қараша 2014, 14:35

Алматыда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында Илья Ильин тек зілтемірді емес, күллі қазақ рухын аспандатты.

Алматыда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында Илья Ильин тек зілтемірді емес, күллі қазақ рухын аспандатты. Рекорд жаңартып қана қоймай, төртінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Бұған дейін 85 келі, 94 келі салмақ дәрежесінде әлемді бағындырған еді. Енді 105 келі салмақ дәрежесінде де озық шығып отыр. Тіпті, Илья Ильин Алматыда өткен Әлем чемпионатының ең үздік зілтеміршісі атанды. Енді толағай батырымыз туралы әлемдік БАҚ не депті? Соны бір шолып шығайық:

Италиялық Olimpiazzurra.com төртінші мәрте Әлем чемпионы атанған Илья Ильин жайлы былай деп жазыпты: Алматыда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының 105 кг-ның алтын медалі жарыс иесі Илья Ильинға бұйырды. Қазақ атлеті жанкүйерлерінің берген демеуінен спорт кешенінің қабырғасы дірілдеп кетті. Илья Ильин жұлқа көтеру бойынша 242 кг салмақты қиналмай көтергеннен жанкүйерлер сәл болмағанда «жарылып» кетердей кейіпте болды. Осы салмақта қоссайыс бойынша 2-3 орындарды 432 келі көтерген өзбек атлеты Руслан Нурудинов (жұлқа көтеруден 1-ші болған) пен 427 келі көтерген Ресейлік Давид Беджанян иеленді.  

Нидерландтық Frontpage.fok.nl  порталы Ильинге арнаған толық мақаласында былай деп жазыпты: Ауыр атлет Илья Ильин осыған дейін де Қазақстан мен әлемдік ауыр атлетиканың көзі тірі аңызы болса да, осы сенбі күні ол өз жанкүйерлерін «мәңгілікке» бақытты етті. 26 жасар қазақ Алматы қаласында әсерлі жарыста 105 келі салмақта қарсыластарынан шынында да жоғары болды.

Бұл чемионат Ильин үшін екінші ең ауыр салмақтағы алғаш ірі жарыс болатын. Ол 94 келіде біраз жылдар бойы өнер көрсетіп, 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиаданың алтын медальдарын жеңіп алған болатын. Оған қоса, Илья үш дүркін Әлем чемпионы және Халықаралық жарыстардың бірде-бірінде жеңілмек түгілі алтын медальден басқа медаль алып көрмеген. Сондықтан Алматыдағы жарыс алдында жанкүйерлерді алаңдатқан жалғыз сұрақ – Ильин жаңа салмақта қалай өнер көрсетер екен. Ол тапсырманы орындады.

Түркияның Haber3.com сайты: Алматыда ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатының сегізінші күні ерлер арасында 105 келі салмақта қазақстандық Илья Ильин өзінің 238 келілік әлем рекордының үстіне тағы 4 келі қосып, оны қайта жаңартты.

Американдық Ibnlive.in.com сайтында былай жазылыпты: Ауыр атлет (Илья Ильин) Халықаралық жарыстарда бір жарыста да жеңілмеген және осыған дейін 7 бірдей әлем рекордын жаңартқан.

Алматыдағы жарыс кезінде Ильинде артқа қайтар жол болмады. Өзбекстандық Руслан Нурудинов қоссайыста 432 келі көтергенде, жарысты жеңу үшін Ильяға рекорд жаңартуға тура келді.

Әлемдік «Eurosport» интернет-басылымы Ильяның триумфына байланысты оны дүниежүзіндегі әлі бірде-бір рет жеңілмеген спортшылардың тізіміне қосыпты. Бұл спортшылардың қатарына мыналар кіреді: Илья Ильин (зілтемірші), Бехдад Салими (зілтемірші), Джон Джонс (ережесіз жекпе-жек), Флойд кіші Мейвезер (кәсіпқой боксшы), Рокки Марчиано (кәсіпқой боксшы), Майкл Джонсон (желаяқ), Усэйн Болт (желаяқ), АҚШ-тың баскетболдан құрама командасы.

Илья Ильиннің толық жетістіктерімен танысқыңыз келсе мына сілтемені басыңыз.

Суреттердің дереккөзі: Eurosport.com 


Әзірлеген: Нұрғазы Абжанов

Бөлісу: