Әлемдік озық біліммен сусындауға зор мүмкіндік

3 Шілде 2018, 06:54 2643

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әлемдегі ең үздік 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін қадап айтқан болатын.

Осы тапсырмадан кейін Ұлттық аударма бюросы құрылып, жоғары оқу орындарына арналған гуманитарлық бағыттағы жаңа оқулықтар жобасын әзірлеуге білек сыбанып, кірісіп кетті. Аударма — күрделі әрі жауапты жұмыс. Аудармаға қойылатын талап пен талғам да зор. Алғашқы оқулықтарды жазуға өз саласын жетік меңгерген 90-ға жуық маман тартылды. Олардың дені — университет оқытушылары. Елбасы атап өткендей, кітаптар негізінен тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бағытында жарық көрмек. Бұл оқулықтардың басым көпшілігі бұрын-соңды қазақ тіліне, тіпті, орысшаға аударылмаған жаңа басылымдар. Атап айтқанда, Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Джордж Ритцердің «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік психологияға кіріспе», Реми Хестің философияға арналған кітаптары, т.б. бар.

Л.Н.Толстой: «Аударма — кілемнің астарлы беті болып қала береді» деп, бекер айтқан жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Кенжехан Матыжановтың пікірінше, бағдарламаның қазақ үшін, еліміз үшін маңызы өте зор. Қазақта «бақ — ауыс, ырыс — жұғыс» дейді.

Бүгінде кез келген ұлт, халық әлемнен тыс өмір сүре алмайтын деңгейге жетті. Өйткені, болып жатқан жаңа технологиялық өзгерістер, интернет деген дүние бүкіл адамзатты бір арнаға тоғыстырып отыр. 100 оқулықты аудару мәселесі біздің рухани жаңғыруымыздың қозғаушы күші болады, соған серпін беретін және соны жүзеге асырудың тетігі болатын дүние. Жалпы, әлемдік мемлекеттердің ішінде мұндай арнайы бағдарламаны қабылдап, міндетіне алып, жүзеге асырып жатқаны сирек. Басқа өркениетті елдерде мұны ауқатты адамдар жүзеге асырады. Сол сияқты әр жоғары оқу орны, білім мекемелері өздеріне қажетін алып, аударып, шығарып жатады. Ал, біздің жағдайымызда мұндай бағдарламаны мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Елбасы рухани жаңғыру деген салада не істейміз деген мәселеге келгенде, білім мекемелеріндегі әлемнің ең озық технологиясын елге әкелу үшін мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық жасауды қолға алды. Мұны аудармаға байланысты жүріп жатқан, туындаған мәселелер дәлелдеп отыр. Биылдың өзінде Ұлттық аударма бюросының жетекшілігімен алғашқы 18 кітап аударылды.  

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітап Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен көпшілікке таныстырылды. Белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен жас ғалымдар, депутаттар мен министрлер қатысқан алқалы жиынды жүргізген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде көптеген жүйелі жұмыстар атқарылғанын, соның ішінде ең маңызды жобаның бірі — «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» аясында 18 кітаптың жарыққа шыққанын баяндады. Бұдан соң былтыр Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын кеңірек айта кетті. Жарық көрген 18 оқулықтың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон мен Патрик Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (4 томдық, І том) және «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері», Джорди Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психология», Грегори Мэнкью мен Марк П. Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Рикки В. Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтің «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтің «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» деген оқулықтары қазақ тіліне аударылған. Бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылған және 47 миллион таралыммен сатылған.

Елбасы аталған кітаптардың қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімаланғанына және мұның маңыздылығына назар аударта кетті. «Бұл аудармадан жасалған аударма емес. Адамзат санасы тудырған ең таңдаулы туындылар түпнұсқа күйінен алынып отыр. Біз өз тарихымызда бірінші рет шет тілдерден тікелей қазақ тіліне жаппай аударудамыз. Мұндай заман қашан болған?! Біз әрине, әлем тілдерінен орыс тіліне тәржімаланғандарды қазақшалап, көп нәрсеге қол жеткіздік. Оны жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ, әр тілге аударған сайын түпнұсқасынан біраз өзгешелігі бәрібір қалыптасады. Ал, осы жоба аясындағы туындылар жастарға гуманитарлық ғалымдар қазынасы арқылы бүкіл әлемнің есігін ашып береді. Бұл ғажайып білім қорын игеріп қана қоймай, іс жүзінде кәдеге жаратуымыз керек», — деген Президент оқулықтарды тиімді пайдалану мемлекеттің де, қоғамның да міндеті болуы қажеттігін нықтады.

Жастар жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан, бізде 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімі әзірленді. Ұлттық аударма бюросы құрылып, ол өз жұмысына кірісті. Алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес. Бұл — ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді», — деген Нұрсұлтан Назарбаев оларды кітап күйінде шығарумен шектелмей, электронды нұсқасын жариялау маңызды екенін және де биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі, жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатыны сөзсіз.

Демек, «Америкалық студенттер — 280 долларға, ұлыбританиялық шәкірттер 70 фунттан қымбатқа өздері сатып алатын осындай құнды туындыларды мемлекет бюджет қаржысына аудартып, жастарға тегін беріледі. Бұл кітаптар әсіресе, бизнеспен айналысқысы келетін азаматтар үшін таптырмайтын құрал. 

Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың ары қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету қажет. Қаржыландыру уақытылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндет. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығару. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар, онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау тапқаны жөн. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек», — деп түйді Мемлекет басшысы.

Кітаптар батыс философиясының тарихы, тіл білімі, семиотика, жаңа педагогика, ғаламтор психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, журналистика, өнер тарихы сынды бағыттарды қамтиды. Бұдан бөлек, экономика мен кәсіпкерлік туралы аударылатын алты оқулық еліміздегі бизнес-мектептерге МВА бағдарламасын қазақ тілінде жасап, оқытуға мүмкіндік бермек.

Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы: «Кітаптар белгілі бір іріктеуден өтті. Іріктеудің басы оқу орындарынан басталды. Біз оларға өтініш жіберіп, өздеріне қажет деген оқулықтар тізімін сұраттық. 800-ден аса оқулықтың тізімі келді. Оның ішінде оқулықтар да, жекелеген зерттеу еңбектері де болды. Бірақ, барлығы да алдыңғы қатарлы оқу орындарында гуманитарлық бағыттағы оқу бағдарламасында бар кітаптар. Сондай-ақ, Ұлттық аударма бюросының қойып отырған талабына сәйкес, әрбір оқулық әлемдегі ең мықты оқу орнында шыққан болуға тиіс. Кем дегенде, баспада үш рет басылғаны жөн. Әрі таралымы да жоғары болуы керек. Осы талаптар ескерілген жағдайда ғана оқулықты аудару процесі басталады. Бұл талаптар оқулыққа деген сұраныстың жоғары екендігін, оның мазмұн тұрғысынан өзектілігін растайды», — дейді.

Оқулықтардың дені негізінен ағылшын тілінен аударылуда. Дәлірек айтқанда, түпнұсқадан аударылған 18 оқулықтың 16 кітабы ағылшын тілінде жазылған. Бір кітап француз тілінен, тағы біреуі орыс тілінен аударылды. Жалпы, аударуға іріктеліп алынған оқулықтардың 40 пайызы орыс тіліндегі кітаптар.

«Ұлттық аударма бюросы осы 100 оқулықты қазақ тіліне тəржімалаумен ғана шектелмейді. Астанада өткен үлкен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «оқулықтар электронды форматта жəне бейнелекция түрін де жариялансын» деген нақты тапсырмалар берген болатын. Қазір сол бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада оқулықтардың PDF нұсқасы сайтта жарияланады. Сонымен қатар, бейнелекциялар түсіріліп жатыр. Ұлттық аударма бюросының kitap.kz жəне openU.kz деген екі жобасы бар екені мəлім. Айтулы қос жоба кітаптарды екі форматта жариялау үшін платформа болмақ. Сонымен қатар, Елбасы тарапынан терминологиялық жəне түсіндірме сөздіктерді жаңарту жөнінде де тапсырма берілді. Ол жұмыс та қолға алынып, қазіргі кезде жобасы əзірлене бастады. Ұлттық аударма бюросы аударылған кітаптарды редакциялау барысында терминология жағынан да көп шаруа атқаруда. Осы жұмыстардың барлығының нəтижесін алдағы уақытта жариялаймыз», — деді Н. Қожабек.

Ал, Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми сарапшылар тобының Бірыңғай республикалық күнінің «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылауға арналған кезектен тыс отырысында философия, саясаттану жəне дінтану институтының саясаттану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Мұхтарбек Шайкемелев:

«Тоқсаныншы жылдардың басында отандық білім мен ғылым саласы қиын кезеңге тап болғаны баршаға мəлім. Оның өзіндік себептері болды. Елдегі экономикалық дағдарыс, формация мен идеологияның өзгеруі жəне басқа да жайттар кері əсерін тигізбей қоймады. Бертін келе жағдай бірте-бірте түзеліп, сол олқылықтардың орнын толтыра бастадық. Сондай игі бастамалардың бірі — «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Ондағы мақсат — гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша əлемдегі ең үздік 100 оқулықты əртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау», — деді.

Елбасы алғашқы 18 оқулықтың тұсаукесер рәсімінде: «Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың əрі қарай сапалы аударылуын жəне басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы əрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі қажет. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу — маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пəндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тəжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық жəне экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын. Төртіншіден, оқулықтар кəдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар, онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының жəне солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, аударма саласында тəжірибенің, білімнің жəне кəсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек», — деп нақты тапсырмалар берген еді.

Қазақ тіліндегі оқулықтың тілі түзелген жоқ. Мұғалім өзі, ғалым өзі жазсын дедік. Ғалымның өзі тілді, терминологияны білмейді. Былайша айтқанда, 100 оқулық кешенді мәселені алып келді. Егер 100 оқулық жоғары оқу орындарының бағдарламасына енетін болса, соның негізінде терминологиялық сөздіктер шығады. Ал, оқулықтар өміршеңдігін дәлелдеген, қазіргі күні әлемнің беделді оқу орындарының педагогикалық тәжірибесінде кеңінен пайдаланылып келе жатқан, әбден сүзгіден өтіп, бірнеше мәрте баспадан шыққан болуы тиіс. Сондай-ақ, белгілі бір пәннің мазмұны мен мәнін ашатын, сол ғылымның идеялары мен тұжырымдамаларын дәл сипаттайтын мазмұнды әрі сапалы оқулықтың қажеттігі айтпаса да түсінікті.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім» жобасындағы оқулықтардың алғашқы легі 2018-2019 оқу жылында студенттердің қолына тиіп, жоғары оқу орындары осы оқулықтармен маман даярлауға кірісетін болады. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: