Әлемді тербеткен мейірім

23 Қараша 2021, 11:52 6729

Есімі тарихта қалған қазақ әйелдері

 

Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш инженер, оқу министрі, ақын, есімі елге тараған әншілерді естуіңіз бар ма? Олардың ішінде бар-жоғы 22 жасында өмірден озған дарынды ақын Шолпан Иманбаева, «АЛЖИР» тұтқыны болып, өмірдің ауыр сындарынан өткен Зағипа Тіналина, «Қараторғай» әнін алғаш рет таспаға жаздырған Шолпан Жанболатқызы бар. «Қазақ халқының тарихи тұлғалары» негізінде, есімі тарихта қалған қазақ қыздарының өмірі туралы баяндаймыз.


 

Зағипа Тіналина (туған-өлген жылы белгісіз)

 

«Халық жауы» Абат Әлібаевтың әйелі, «АЛЖИР» тұтқыны болып, тағдыр тауқыметін тартқан әйел. З.Тіналинаның өмір жолы туралы әңгімені оның атына жазылған төмендегі хат пен оған жазылған жауап хаттан бастаған жөн. «Құрметті Зинаида Садуақасовқызы! Маған 1937- 38(41) жылдары Ақмола түбіндегі «Алжир» атты тұтқындар лагерінде болған Аня Власова «сол лагерьде (26-нүктеде) сіз де болған» дегендей жайтты хабарлап еді. Қазір деректі кітап жазу үстіндемін. Осы жан түршігерлік қапастың құлақкесті құлдары болған кісілер турасында кітап жазу үстінде небір жазықсыз жандардың жапа шеккендігінің куәсі болдым. Ендеше, Сіз жайында да кеңірек білгім келеді. Сондықтан қиынсынбасаңыз, маған бастан кешкен жайларыңызды, қысқаша болса да, жазып жібермес пе екенсіз. Алдын ала рақмет айтушы, сәлеммен, Н. Журин. (1951-56 жылдарда Ақмола обкомының бірінш і хатшысының міндетін атқарушы), Мәскеу». «Қадірлі Николай Иванович! Сіздің хатыңызға жауап беремін. Ол кезде біз Алматы қаласында тұратынбыз. 1937 жылдың апрель айында менің күйеуім Абат Әлібаевты кенет тұтқындады. Сол кезде ол Қазгосиздаттың (Қазақтың мемлекеттік баспасы) жауапты қызметкерітұғын. Бір жыл өте, яғни, 1938 жылдың 10 сәуірінде мені де тұтқынға алды. Сол екі арада өзімнің КазЦИК (Қазақстан Орталық Атқару Комитеті) аппаратында қызмет істеп жүрген жерімнен халық жауының әйелі ретінде қуылдым және партия қатарынан шығып қалдым. Басқа түскен тауқымет болғасын, қайтейік, көнеміз де... Алматы абақтысынан бізді Қарағанды лагерінің Ақмола бөлімшесіне («АЛЖИР»-ге) айдады. Бірақ ол жерге де діңкелеп жете алмай, Новосибирск мен Челябі түрмелерінің тұтқындарды жан-жаққа бөлетін сасық қапасында біздерді айлап-жылдап ұстаумен болды. Ондағы тартқан азап пен қорлықты айтып жеткізу қиын. Саяси тұтқындар ғана емес, небір баскесер ұры-қары,жезөкшелермен жан төзгісіз жағдайда, тығыз камераларда жаттық. Жалғыз жазықсыз әйелдер болсақ бір сәрі-ау, тым құрыса, жанымызды түсінісіп, бір мүдде жолында шыдау керек болғандықтан, бір-бірімізге қамқор, сүйеніш болып, шыдап бағар едік. Ел алдында да, Отан алдында да кіршіксіз таза арымызды ардақтап, соның өзін дәтке қуат деп, түбі ақталатынымызды, жар-жолдас ерлеріміз де ақталады деген сеніммен жүрудің өзі қандай еді! Әділдіктің қалайда жеңетінін ту қып, осынау қорлықтар мен жан азабының қиямет-қайымында да морт сынып кетпей, алға үмітпен карап, еңсемізді көтеріп жүрудің өзі ерлік екен де! Ал шын қарабет қылмыскерлермен, кесімді жазасын тартқан айыпкерлермен қатар қамалып, қоса азап шегу одан аскан қортану, сұмдық жапа шегу жоқ шығар... «Не жазығымыз бар еді, о, Құдай!» дегенде жалғыз жанымыз үзіліп кетердей-тін. Төзе алмай ақыл-есінен айырылғандар қаншама! Мен де солардың кебін киер ме едім... Егер Челябі түрмесінде еркінен еріксіз айырылып, күйеулері шеккен азап пен қорлықты қоса тартып, екі көздері төрт бола, бір үміт пен бір үкiмнiң хабарын күтумен отырған небір мықты әйелдерді кездестірмегенде! Бізді ақыры Ақмола тұтқын лагеріне жіберетін күн туды. Әлсіз үміт, қалайда елге жақын деген болымсыз қуанышпен алданған боламыз. «Мың күн пейіштен бір күн жарық» дей ме. Кіндік қаны тамған жерге, туған-туыстың маңайына келіп, көзің телмеңдеп, тікенек коршаудың ар жағына бір адым шығуға зар болып, ит ішетін жуындыдай баланда дейтін тамақ ішіп, күніге белің бүтіліп құлдарша қара жұмыс істеу... тағы, тағы жан төзгісіз жәбір-жапа шегу, «әй, бұдан да өліп кеткен мың артық-ау!» дейтін күпірлік ойға талай талай барғыздырған, дүниеңдегі ең асылың – жарық сәулеңді жоқ ете салуға талпындырған небір қиямет сәттерді бастан өткіздік-ау! Лагерьге айдаудың алдында біздерге кімге қанша жыл кесілді - үкім бойынша естірткен-ді. Әйелдердің көбі бес жылдан сегіз жылға кесіліпті. Тек үш әйелге үш жылдан бас бостандығынан айырылу үкімі шыққан. Солардың бірі – мен. Сотсыз, тергеусіз, адвокат сайланбай соттай салу дегенді естіп-көргеніңіз болса – міне! Көп кешікпей тұтқындарды бөліп-бөліп басқа жақтарға аударады деген сыбыс тарады. Дегендей-ақ, 1940 жылдың ортасынан біздерді лагерь-лагерьлерге ауыстыра бастады. Мені «Майлыөзек» лагеріне жіберді. Бұл - Карлагтың тағы бір нүктесі. «Мойынты-Шу» темір жолының өн бойы сол кезде жыпырлап тікенек сымдармен қоршалған НКВД тұтқын лагерьлеріне толып кеткен екен. Сонымен, тұп-тура үш жыл толған соң, 1941 жылдың сәуір айында тұтқыннан босадым. Қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес, бірақ далада қалғанымды, отбасымның шаңырағы ортасына түскенін, не бала, не бай жоқ дегендей, сопайып жалғыз қалғанымды енді білдім... Ой, дүние-ай, бұдан өткен адамға қандай жамандық болсын. Ақмолаға, туған ағайым мен шешемнің қолына келдім. 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталды, бауырым Қабыкен Тіналин қан майданнан жараланып аман қайтып оралады, ал екі немере бауырларым – Құсайын мен Ерден Тіналиндер ерлікпен қаза тапты. XX партия съезінен кейін күйеуім Абат Әлібаевты ақтап, адал азаматтық құқығын құрметті атын қайтарды. Бірақ өзі мұны білмей кетті, сүйегі қайда – белгісіз... Мен де ақталдым, 1967 жылдан республикалық дербес зейнеткермін. Күні бүгінге шейін қоғамдық істер атқарамын, жастар арасында тәрбиелік жұмыс жүргізу – мен үшін аса абыройлы міндет. Алдыма келгеннен ақыл- кеңесімді, көмегімді аямаймын. Ал, құрметті Николай Иванович, сау-саламат болыңыз. Өзіңізге деген зор құрметпен, Тіналина Зағын Садуақасқызы». Жан азабы мен ар азабын қоса тартқан 3. Тіналинаның өмірінің өзі ерлікке тән екенін осы екі хаттан-ақ көруге болады.

 

Шолпан Иманбаева (1904–1926)

 

Қазақ ақыны. Ақмoла oблысы Қopғалжын аyданы Майбалық аyылында дүниеге келiп, Ақмoла қаласында қайтыс бoлған. 1923 жылы Ақмoла қаласында саyат ашy кypсында oқыған. Oны бiтipген сoң қаладағы балалаp кoммyнасында тәpбиешi бoлып қызмет iстейдi. Oсы кезден бастап шығаpмашылыққа ден қoйып, өлкелiк әйелдеp кypсында өз өлең-жыpлpын жиi oқып жүpедi. «Жoлаyшы мен жұмыскеp» деген алғашқы өлеңi 1923 жылы «Еңбекшi қазақ» (қазipгi «Егемен Қазақстан») газетiнде жаpияланды. Кейiн «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдiгi» жypналдаpы мен «Жас қайpат» газетiнде саяси-әлеyметтiк тақыpыптағы өлеңдеpi жаpық көpдi. Шығаpмалаpы 1927 жылы «Таңдамалы өлеңдеp» деген атпен Қызылopда қаласында басылып шықты. Иманбаева өз тұсындағы қазақ әйелдеpiнiң мұң-мұқтажын, аpман-тiлегiн жыpлады («Қoңыp қаз», «Қазақ әйелiне», «Жoлдасыма», «Апайға», т.б.), жастаp мен ғылым-бiлiм тақыpыбына өлеңдеp аpнады («Жеттiк мiне», «Бiздiң Сәyле», «Жас iнiме», «Жас қайpатқа» және «Жастаpға», т.б.), кoғамдағы ұнамсыз құбылыстаpды өткip сынға алды («Бұлбұлмен қаpға», «Зейнепке», «Жәкең жаман сасады»). Иманбаева өлеңдеpi мазмұнының өткipлiгiмен, тiлiнiң көpкемдiгiмен еpекшеленедi. Жypналист Латифа Мұpатбекoва Ш.Иманбаеваның өмipi тypалы былайша сыp шеpтедi.

 

«Өткен ғасыpдың 20 жылдаpында өзiнiң талантты жыpлаpымен oқыpман жүpегiн баypаған қазақтың қаламгеp қыздаpының бipi Шoлпан Иманбаева – өз ғұмырында азап пен қорлықтың зардабын көп тартқан, тағдыр тауқыметін кеп көтерген жан. Шолпан – қазақ әдебиетінің іргетасы қалана бастаған кезде дәуір дүбірінен оянып, заман тынысын ерте сезінген, өзінің өршіл, отты өлеңдері мен көзге түскен ақын.

 

Аралға қонды суы жоқ,

Мезгілсіз ұшқан қоңыр қаз.

Бауырын төсеп жатуға,

Жапырағы жоқ, жері саз.

Ұясына, өскен жеріне

Қайтайын десе қаңқылдап,

Болар ма екен оған жаз, – деп өксіген Шолпан әйел бостандығын өз шығармашылығына ту етіп көтереді. Шолпан кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Жоқшылық байлаған әкесі Иманбай 1918 жылы Шолпанды Алдоңғардың Бекейі дегенге тоқалдыққа береді. Жас қызға бұл ауыр тиеді, жанын жабырқатып, көңілін басады. Шолпан 1921 жылы Қорғалжын өлкесіне жұмыс бабымен келген өкілдерге шағым айтып, өлеңмен мұң шағады.

 

Далба-жұлба, шоқпыт-шоқпыт киімім,

Ауыр тұрмыс көрдім талай қиынын.

Өмір өтіп зарлау-жылау кайғыда,

Жеңе алмадым көңілдің жас түйінін, – деп, өзінің аянышты өмірін өткір тілмен жеткізеді. Ол осындай өршіл, жасқанбас жалынды өлеңдерімен зорлық-зомбылыққа қарсы шығады. Бас бостандығына, ақыры тілегіне ол 1921 жылы қолы жетеді. Осыдан көп өтпей-ақ Шолпан Ақмола қаласындағы сауат ашу мектебінде 6 ай оқиды да, жетім балалар тәрбиелейтін Коммунаға тәрбиеші болып қызметке орналасады. Коммунаның қабырға газеті Шолпан үшін алғашқы әдеби мектеп болды. Ауыл сахнасында өз өлеңдерін оқып, өлең өріне ұмтылуға көп мүмкіндік туады. Шолпан өлеңдері ауыздан-ауызға тарап, Ақмола жұртшылығына ақын қыз әбден белгілі болды. Шолпанның тұңғыш өлеңі 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне басылады. Сол уақыттан бастап талантты қыздың тартымды өлеңдеріне кең жол ашылады. Шолпанды өнер өрiне тартып, өз қамқорлығына алып, сүйеніш болған Назипа Құлжанова еді. Ол 1923 жылы Шолпанды өзіне серік етіп, Ақмола уезінің оқу бөлімінің нұсқаушысы қызметіне орналастырады. Өлеңдерін ауылдағы апа-сіңлілеріне оқудан әрі аса алмай жүрген Шолпанға Нәзипа Құлжанова «Еңбекші қазаққа» өлең жолдауға кеңес береді. Шолпанның тұңғыш өлеңі осылай жарық көреді. Ол «Жолаушы мен жұмыскер» деген өлеңі еді. Шолпанның кеше алақандай ауылдан аспай жүрген өлеңі енді бүкіл қазақ даласына тарайды. Шолпанның көкейін кескен оқу арманы оны алға жетеледі. Бір сәт тыным таппады. 1924 жылы 4 қыркүйекте Шолпан Орынборға келеді. Қаланы аралап, әйелдер курсының оқу үйі мен жатақханасын әрең іздеп табады. Білімнің бұлағынан сусындауға шөлдеген Шолпан таңды-таңға, күнді-күнге ұрады. Арман алысқа жетеледі. Орынборға келген Шолпан ол кезде «Қызыл Қазақстан» журналында жұмыс істеп жүрген Нәзипа Құлжановаға жетуге құмартты. Жазған өлеңдерін жинастырып, Рабиға Темірбаева екеуі журнал редакциясына келді. Нәзипадай қамқоршы тәтесімен дидарласқан Шолпан бір жасап қалды. Нәзипа аман-саулықтан соң Шолпанның өлеңін сұрайдЫ. Дайындап апарған өлеңдерімен танысқан соң әзірше жалғыз ақын қыз Шолпанның өзі екенін ескертіп, үлкен жолға бағыт-бағдар сілтеді. Шолпанның бұл өлеңдері көп кешікпей «Қызыл Қазақстан» журналында басылып шығады. 1924 жыты желтоқсан айында Орынборға келген соң, оқыған ортаға түсу Шолпанға даңғыл жол ашады. Шолпанның ақындық дарыны бірге оқып жүрген құрбыларына танылып қана қоймайды, курс ауласынан шығып, өлкелік газет-журналдар арқылы кең таралып, еңбекші елдің жаршысына айналады.

 

Үлгілі сөз,

Бола ма кез

Оқып, білім жазбаса?

Алтын мен жез

Алынбас кез

Еңбектеніп қазбаса, – деген өлең өзімен бірге оқыған шәкірттерді білім шыңына шығарып, шабыт бергендігі сонша, ел аузынан түспес жырға айналды. Орынборда бір жарым жыл оқу Шолпанға үлкен жол ашып, оң мен солын түсініп, әлеуметтік-қоғамдық өмірге етене араласа бастады. Оның үстіне әдебиетші деген сенімін орнықтырып, үмітін ұзаққа жетеледі. Көкірегі ояу, көңілі зерек Шолпан оқуды тиянақты оқыды. Қазақ қыздарына үлгілі-өнегелі болды. Ол сол кездегі «Әйел теңдігі» журналына үзбей қатысып, журналдың шығуына араласып тұрды. Шолпанның «Әйел теңдігі» журналы бетіндегі өлеңдері қазақ әйелдеріне серпіліс туғызды. Қараңғылық пердесіне сәуле түсіргендей әсер етті. Шолпан өлеңдерінің көпшілігі сол Қазан революциясы жеңісі мен жаңа заман жемісіне арналды. Қалың малдың құруына, әртүрлі саяси тақырыптарға арнап жазған өлеңдері «Әйел теңдігі» журналына үздіксіз жарияланып отырады. «Жамал Жолдасқа» деген өлеңі:

 

Замандас, көп қажыма қиял ойлап,

Ой түбі – бір терең сай кетсең бойлап.

 

Ақындық тұғырға көтеріліп, қаламы төселіп, қадамы қарыштаған шақта Шолпан ауыр дертке душар болды. Окуын бітірісімен еліне жүріп кетті. Алайда, алған білімі мен жазған рухани жемісін апа-сіңлілеріне, құрбы-құрдастарына жеткізе алмай, төсек тартып жатып қалды. Ауыр дерт өршіл Шолпанды жасыта алмады.

 

Өзі сырқаттанып жатса да келешекке зор үміт, сергек сеніммен караған Шолпан қағаз-қаламын бір сәт те колынан тастамай, өлеңдер жазып, Қызылордадағы редакциялар мен жолдастарына жолдап жатты. Ақын Иманбаева Шолпан 1926 жылдың 18 қыркүйегінде дүние салды. Оның «Октябрь мейрамына» деген соңғы өлеңі «Әйел теңдігі» журналына шықты. Қыршынынан қиылған Шолпанның қажырлы өлеңдері жастардың келешек жолына арналды. Шолпанның көзі тірісінде кітабы жарық көрмеген. 1927 жылы «Шолпанның таңдамалы өлендері» атты жинағы жарық көрді. 1950 жылы ақын М.Хакімжанованың құрастыруымен ол қайта басылып шықты. Алғы сөзін Қ.Жармағамбетов жазған жинаққа 1927 жылы жарияланған 27 өлеңі мен 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылып шыққан «Қазақ әйелдері» атты мақаласы енгізілген. Жинақта ақын шығармалары хронологиялық тәртіппен, жазылу мерзіміне қарай орналастырылған. Онымен қоса Шолпанның өмір жолы мен шығармашылық қызметін айқындай түсетін Нәзипа Құлжанованың «Ақын Шолпан», Арықова Нағиманың «Шолпанмен бірге өткізген күндер» атты мақалалары басылған. Шолпан Иманбаева «Әйел теңдігі» журналының есігін:

 

Еңбегімнің бәрі кетіп далаға,

Шерлі жүрек толған қайғы-санаға,

Ас орнына ішіп сарсу жуынды,

Итше бірге сүйек аңдып қорада, – деген өлеңімен қаққан еді. Қазан революциясына дейінгі отбасы, ошақ қасынан аттап шыға алмай, мал бергеннің жетегінде кете барған күллі қазақ әйелдерінің аузындағы зарын-мұңын қолындағы қаламымен кестелі өлең етіп «Әйел теңдігі» журналына жазған болатын. Қазақ қыздарының көңіл шерін жырлауға аласұрып, «Арманым жалғандағы – өнер, ғылым», «Оқу аз, білім саяз, талабым көп» деп ізденіп шарқ ұрған ақын Шолпанның өмірі тым қысқа болды. Нәзипа Құлжанова 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналының 8-санында басылған «Ақын Шолпан» атты мақаласында: «Шолпанның көзге түспей қоймайтын бір басқалығы бар еді. Үйреншікті қалыпқа сыймай, шып-шып шығып тұрған екпін көрінетін... Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлайды, ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Еңбекші азамат, Шолпан сияқты еңбекші елдің игілігіне туған асылдарымызды ерте бастан ардақтап, көзіміздің қырынан кетірмей, қызығын да, шыжығын да бағалайық дегім келеді. Қош, бауырым, Шолпан! Орынбасар сіңлілерің тез келіп, артыңда қалған жаңа шыққан жас тілектің белгісі өлең кітабың соларға ақындық «Шолпаны» болуына тілектеспіз» деген еді. Шолпанның сіңлісі атанып, поэзия жанрына айтулы үлес қосқан Мәриям Хакімжанова «Қазақ әдебиеті» газетіне 1974 жылғы 17 мамырдағы санында жазған «Шолпанымыз» атты мақаласында «8 наурыз мейрамына», «Жастық арман», «Мен қызы едім жалшының», т.б. өлендерін газетке жариялады. Шолпан туралы Н.Құтжанованың естелігінен үзінді: «Шолпанды мен ең алғаш көруім — Ақмолада, 1921 жылдың күзінде Қорғалжын еліне берген жерінен уезден барған бір инструктордың жәрдемі мен күйеуінен шығып, Ақмоладан 30 шакырым жердегі апасына келген кезі. Үстінде көнетоз барқыт бешпетті бар, басында кызыл шұбар орамалы, қара шұбар. дөңгелек бет, орта бойлы жас әйел. Жылаған жоқ, сықтаған жоқ, еркін отырып аз сөзбен хат жайын айтты». Шолпанның аз ғұмыры күреспен өткен. Ол зорлықпен, содыр күштермен күрескен қабырғасы қатып, бұғанасы бекiмей жатып-ақ асқан өжеттікпен, қайсарлықпен кіріскен. Енді Нағима Арықованың естелігіне үңілейік: «Ол қарапайым қазақтың қызы болғанмен, оқып көз тартып, көңіл аударған ерекше бір қасиеті бар-ды. Шолпан өзін еркін ұстайтын, қымсынуды, қорғануды білмейтін. Егер өзін көрсең, оны күңдіктен кеше босаған әйел деп білмес едің. Ол берік, орнықты сөйлейтін, ақылдылығымен қатар тілге де шешен, тапқыр келетін. Мейлінше турашыл, бетке айтатын. Өтірік, өсек дегенді жек көретін. Өзінің жүріс-тұрысы еркек бала сияқты еді» дейді. Камал Ярлыкашованың естелігінде: «1924 жылы тамыз айының орта кезінде Семейден Орынборға баратын пойызға міндік. Ол кезде темір жол көрген қазақ әйелі аз еді ғой. Менің де темір жолмен бірінші рет сапарға шығуым еді. Бізді алып келе жаткан пойыз Қызылжар қаласына келіп тоқтады. Жұрт сапырылысып, түсіп, мініп жатыр. Біз отырған вагонға үш адам мінді. Оның бірі – бойшаң, жауырынды, бетінде аздап шешек дағы бар жас әйел. Әлгі әйелдің орны менімен көршілес болып шықты. Тосыннан кездескен кісі қандай жат болып көрінеді. Сол сияқты біз де бір-бірімізбен алғашында шүйіркелесе қоймадық. Күн кешке айналды. Байқаймын, әлгі әйел онша ынжық, момын көрінбейді. Манағы өзімен бірге мінген жолдастарымен әзілдесіп отырды. Кешкі тамақты солардың купесіне барып ішті. Ол түн сонымен өтті. Келесі күні ертемен мен тұрсам, әлгі әйел де тұрып, киініп алған екен. Орнымызды жинап, екеуміз жуынуға бардық. Оның киімі қалаша: үстінде кофта, юбкасы бар. Шашын желкесіне түсіре түйген. Маңдай шашын кейін қайырып, тарақпен түйреп қояды. Бізден бұрын жуынуға барып тұрғандар бар екен, соларды күтіп, біз де барып тұрдық. Сол жерде мен аз да болса үлкендігімді пайдаланып, әлгі әйелден жөн сұрадым. Сұраса келсек, ол да әйелдер курсына келе жатыр екен. Содан былай қарай екеуміз сөйлесіп, сырласа бастадық». Қай естелікті алсақ та, ескілік бұғауын бұзып, теңдікке ұмтылған, жаңа өмірдің жаршысы болуға білім іздеген ізгі ниетті Шолпанға риза боламыз. Оның ақындығы мен алғырлығы қазақ қыздарының мақтанышына айналған.

 

Балжан Бөлтірікова (1921–1998)

 

Мемлекет қайраткері. Жамбыл облысы Қордау ауданында туған. Алматы мұғалімдер институтын (1941), Қазақ педагогикалық институтын (1943) бітірген. 1941 -49 жылдары Алматы облысы Бөрлітөбе ауданы Лепсі орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы №12 орта мектептің мұғалімі, директоры, 1949-55 жылдары Қазақстан бастауыш және орта мектеп қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрайымы, 1955-66 жылдары ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, сыртқы істер министрі болды. 1971-80 жылдары Қазақ КСР оқу министрі, кәсіптік- техникалық білім беру жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Бостандық ауданында орналасқан кошеге Балжан Бөлтірікованың есімі берілген.

 

Мәдина Бегалиева (1899–1974)

 

Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер, қоғам қайраткері. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келіп, Алматы қаласында қайтыс болған. Хан ордасындағы (қазіргі Орда ауылы) үш жылдық педагогикалық курсты (1916), Ордадағы БК(б)П мектебін (1922), Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясын (1935) бітірген. 1916–20 жылдары мұғалім болды. 1922–35 жылдары Бөкей, Орал губерниялық және Сырдария округтік БК(б)П комитеттерінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі, БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің нұсқаушысы, өлкелік өнеркәсіп одағы төрағасының орынбасары, 1935-43 жылдары Балқаш мыс қорыту зауытында инженер болды. 1943–48 жылдары Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы) БК(б)П комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі, Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы, республикалық бақылау органында бақылаушы болып істеді. 1949 жылы зейнет демалысына шыққан.

 

Зияш Қалауова (1921–1952)

 

Aқын. Оңтүстік Қазақстан облысы Ащысай да қайтыс болған. Абай атындағы ҚазПИ-дің (қазіргі ҚазҰПУ) филология факультетін бітірген. Алматы облысының мектептерінде көп жыл бойы мұғалім болды. Өлеңді 1930 жылдардан жаза бастады. Ақын шығармашылығына халық өмірі, елдің соғыс жылдарындағы ерлігі мен соғыстан кейінгі бейбіт еңбегі арқау болған.

 

«Кавказ шыңында», «Қазақ жастары» атты поэмалары қазақ жауынгерлерінің майдандағы батырлығын паш етеді. Зияш Қалауованың «Шолпан» (1941), «Кавказ шыңында» (1946), «Бейбітшілік сүйеміз» (1951) атты өлең кітаптары жарық көрген.

 

Шолпан Жанболатқызы «Қараторғай» (1880/89–1923)

 

Əнін граммофонға жаздырған тұңғыш қазақ әншісі. Қызылорда облысының Шиелі ауданы Телікөл ауылында дүниеге келіп, Шымкентте қайтыс болған. Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «Әйгілі Жамал әнші» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 2.2.2002), кезінде Жамал Омарова орындаған «Қараторғай» әнін шығарған осы Шолпан Жанболатқызы екенін жан-жақты дәлелдеп жазады. Ш.Жанболатқызы туралы ресми деректің тым тапшы болуына байланысты, оқырманды осы мақаланың мәтінімен жете таныстыруды жөн көрдік. «Жамал Омарованың әншілік өміріндегі айрықша құнды, халық қазынасын сақтаудағы аса бағалы әні «Қараторғай». Бұл әнді өнерсүйгіш қауым «Сырдың Қараторғайы» деп те ерекшелейді. Өйтіп ерекшелеудің өзіндік себебі де болса керек. Ақан серінің «Қараторғайы» да қазақтың жалпақ даласына кең жайылған, Үкілі Ыбырайдың да «Қараторғай» атты әні болған деушілер бар, солармен шатастырмас үшін, ел бұл әнді «Сырдың Қараторғайы» деп әрі айрықшалаған, әрі мақтанышпен дəрежелеген», - деп жазады Б.Нұржекеұлы. Одан әрі мақала авторы Шолпан Жанболатқызының өмірі мен өнеріне былайша тоқталады. «Бірер сөздің бөлектеу айтылып жүргендігі болмаса, әннің өлеңі айтулы өзгерістерге күні бүгінге дейін ұшырай қоймаған деуге болады. Затаевич «Қараторғайдың» тоғыз түрлі нұсқасын жазып алыпты, оның ішінде Ақан мен Ыбырайдың «Қараторғайына» ұқсайтыны бар ма, жоқ па – білмеймін, өйткені нотадан хабарым жоқ. Алайда Затаевич Ақмола мен Семей жақтың «Қараторғайында» өз алдына жеке ән дерлік дербестік бар екенін де ескертеді. Ол жағының қыры мен сырын ашуға қазір қолдары тимей жатқанмен, түбінде бір нота оқитын зерттеуші айта жатар деп сенем. Менің жорамалдауымша, «Сырдың Қараторғайының» өмірге келгеніне жүз жылдың сорабы болып қалды. Ұзақ жасап келе жатқан әннің белгілі иесі, яғни авторы бар екенін бүгінге дейін беріктеп айта алмай келе жатқанымыз, сөз жоқ, үлкен ғылыми кемшілік. «Қазақ халқының 1000 әні» жинағын А.Затаевич алғаш 1925 жылы Мәскеуден басып шығарды, ал ән жинауды 1920 жылдан бастаған. Өзі көзбен көрмеген соң, Затаевич әннің авторлығын кесіп айтпайды, бірақ күдік те келтірмейді, қайта құптауға мейлінше бейім. Алайда әннің әдемі әуезділігіне, ондай әнді шығарған адамның өз қатарынан аса озық, атақты әнші екендігіне сүйсіне көңіл аударады. 1970 жылы 20 наурызда «Лениншіл жас» газетінде әрі ақын, әрі прозашы Айтбай Хангелдиннің «Қараторғай» атты мақаласы шықты. Ондағы мәліметтер бойынша, «Сырдың қараторғайын» шығарушы әкесі сыртқы пошым-бітіміне қарап «Қараторғай» атап кеткен Шолпан Жанболатқызы деген әнші әйел екен. «ІШолпан – бұрынғы Ақмешіт уезіне Торғай уезінен ауысқан «Қызыл жыңғыл» болысына қарасты көшпелі шаруа, қарабала найман Жанболаттың қызы. Шолпанның шешесі Жанқыз – қыпшақ Шегірбек деген кісінің жалғыз қызы», - дейді А.Хангелдин. Әлгі Затаевич айтып отырған атақты әнші әйеліміз, сөйтіп, Шолпан болып шығады. 1982 жылы жазушы Естай Мырзахметовтің әндерді орындаудағы жаңсақтықтар жайындағы мақаласы «Қазақ әдебиетінде» жарық көріп, оған біраз адам үн қосты. Жазушы Тұрсын Жұртбаев «Сырдың Қараторғайы» -Шолпанның әні. Ол кісімен жас кезінде Құрманбек Жандарбеков кездескен. Ән үйренген. Ол туралы сақталған деректер де, Құрман атаның естелігінде де бар. Ендеше Шолпанның «Караторғайы» деп неге айтпасқа? Соңғы кезде бұл ән де басқаларға телініп жүр», - деп өкіне жазды. Рас, оған бір замандасымыз: «Ондай адамды біз естігеміз жоқ», – деп, жауап қайтарды. «Жұлдыз» журналының 1984 жылғы 3-санында «Караторғай» әні Шолпандікі екенін, оны кезінде Дәне деген ақын аса шебер орындағанын куәлендіретін Бекнияз Шертаевтың мақаласы шықты. Сол жылғы 10-нөмірінде өнер зерттеуші Зейнұр Қоспақовтың да мақаласы жарық көрді. Онда ол: «А.Затаевичтің айтып отырған әншісі дәл осы Шолпан туралы болса керек, Қазақ ССР халық артисі Жамал Омарова жиі орындайтын «Қараторғай» әні жайындағы кейбір материалдар осылар.

 

Осыларға сүйенсек, әнді шығарған Шолпан Жанболатқызы көрінеді», – деп тұжырымдайды. Тоқтамаймын деген кісі, әрине, бұған да тоқтамауы мүмкін. Бірақ қазақ музыкасының ауы мен бауын бүкіл ғұмыр бойы жинақтап өткен академик Ахмет Жұбановқа тоқтамаған адам, сірә, кезіге қоймас. Өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабының кіріспесінде Ахаң былай депті: «1914 жылы Сыр бойында аты шыққан, кейін өзінің кішкенелігі, қара торылығы, әнші құстай сайраған өткірлігі арқасында «Қараторғай» атанып кеткен келіншек пластинкаға «Сырдың Қараторғайы» мен «Ахау, Семей» әндерін берген. Ол келіншекті Құрманбек Жандарбеков көрген, ән орындауын есіткен. «Қараторғай» жөнінде А.Затаевич те жазып кетті». Осыдан кейін де «Қараторғайдың» Шолпандікі екеніне күмәндануға бола ма? Және осындай ғажап әнді казақ өнерінің кең өрісіне алып шыққан Жамат Омароваға қалайша риза болмассың?! А.Жұбановтың жаңағы «Ахау, Семейі» тағы бір тың ойға жетектейді. Бұл әннің де әлі ашылмағанқыр-сыры баршылық. А.Хангелдин «Қараторғай» атты деректі повесінде: «...Шолпан шабыттанған үстіне шабыттана түсті. «Қараторғайға» жалғастыра өзінің «Айгөю», «Ахау, Семей», «Ах, дариға», «Маусымжан» әндерін шығарып, ән қазынасын толықтыра берді», - дейді. Бір әнді алып бере алмай жүрген Шолпанға Айтеҝең бір топ әнді бере салады. Мұнысы шындыққа жанаса ма, жоқ па? Сегіз серінің өзін сан саққа жүгіртіп, толық мойындай алмай келе жатқан халықпыз. Сонда да болса бір қисынға жүгініп көрейік. Біріншіден, «Қараторғай» мен «Ахау, Семейдің» ойнақы жүрдектігі ұқсас, бір үйдің балаларындай. Екіншіден, Ташкент қаласында Романовтардың тақка отыруының 300 жылдығына орай өткізілген сейілде Шолпан бас бәйгеге ие болады. Оны ұйымдастырушылардың бірі әйгілі Әбубәкір Диваев екен. Шолпанның әнін граммофон табағына жазу, міне, осы сейілден соң барып жүзеге асқан. Ахаң екі ән жазылған десе, Хангелдин: «Қараторғай», «Айгөк», «Ах, дариға», «Ахау, Семей» және басқа әндерін жаздырады», - дейді. Әйткенмен, «Ахау, Семейдің» жазылғандығын ол да жоққа шығармайды. Осы шындықтардың қисынына илансақ, онда Шолпан өзгенің әнін емес, тек өз әндерін ғана жаздыруы керек қой деген ой басқа ойлардан басым тұрады, сондықтан «Ахау, Семей» де Шолпанның әні дегенге сенуге болады. Шолпан Ақмешіт Түркістан, Ташкент жақта өмір сүріп, 1923 жылы Шымкент қаласында қайтыс болған адам. Семейде болмаған да, ол жаққа бармаған да. Ендеше оның «Ахау, Семей» деп ән шығаруы қалай? Осының өзі-ақ бұл әннің оныкі еместігіне дәлел болмай ма? Бір қарағанда, солай екені солай сияқты. Бірақ саз мәніне, кейбір жорамалға жол берсек, басқа ойдың да қисыны қылтияды. «Алайда Шолпанның пластинкаға ән жаздыруы кейін өзіне қырсық болып тиеді», – дейді А.Хангелдин аталмыш мақаласында. Діндар атасы ақыры баласына Шолпанды талақ қылдырады. Бұған қарағанда, Шолпанның «Қараторғайы» сияқты «Ахау, Семейі» де негізінен халық арасына граммофондағы дауыс арқылы тараған. Ал граммофондағы үн үнемі анық, айқын естіле бермесі хақ. Бертіндегі патефон табақтары да ондай ақаудан ада емес-тін. Үнді, сөзді анық ажырата алмаған жұрт Шолпанның «Ах! Ау! демей» немесе «Ахау! — демей» дегенін «Ахау, Семей» деп қағыс естіп, қате жайып жіберген болу керек. Тіпті, бәлкім, әзілмен де сөйтуі мүмкін. Әйтпесе, бұл өлең:

 

Ах! Ау! – демей,

Тіл мен көмей,

Басылмас жанған жүрек,

Сәулем келмей, - болып айтылуы қисынды сияқты. Оны хабарлы сөйлемге айналдырсақ. «Сәулем келіп, «Ах! Ау!» демей (дегізбей), жанған жүрек басылмайды», – деген түп-түсінікті сөйлем болып шықпай ма? Сонан соң Шолпан шығарған әндердің аттарында одағай сөздердің жиі кездесуі де белгілі бір мінездік, психологиялық заңдылық тәрізді: «Айгөк», «Ах, дариға», «Ах! Ау! – демей». Шолпан әндерін Жамал Омарованың үйреніп айтуында да жер ыңғайына орайлылық бар, ол 1912 жылы 8 наурызда Өзбекстанның Ташкент облысындағы Қауыншы деген қазақ ауылында туған. Шолпан әні Ташкентте граммофонға жазылып, сол төңіректе айтылса, ол әндерді сол төңіректе туған Жамал әнші айтпағанда, кім айтады?! Шолпанның: «Ақ үйден бір қыз шықты қасын керген, Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», - деп басталатын «Айгөгін» де шырқайтын. «Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі», — деп, «Ах, дариғаны» да Жамал әнші орындайтын. Оның репертуарына қарап отырып-ақ, Ұлбике, Сара сияқты Шолпанның да қазақтың ғажап өнерлі қызы болғанына бас иесің. Сол сүйсінудің бір себепкері әнші Жамал екені де есте тұрады», - дейді Бексұлтан Нұржекеұлы «Әйгілі Жамал әнші» мақаласында. Әнші Шолпан Жанболатқызының өмірбаяны мен шығармашылық жолы туралы деректер ресми әдебиеттерде көп кездеспейді. Ал ол туралы айтылған некен-саяқ пікірлер Б.Нұржекеұлының жоғарыдагы мақаласында толық келтірілген.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: