Әлем чемпионы баспаналы болды

4 Қыркүйек 2015, 04:35

Әлем чемпионы баспаналы болды

Дзюдодан Астанада өткен Әлем чемпионатында топ жарған Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте бірінші орынға шықты. Елдос Сметов пен финалға шыққан тағы бір қазақстандық балуан Руслан Ибраевқа осы біріншіліктен кейін көп ұпай (900 ұпай) берілді. Осылайша Елдостың көрсеткіші 2162 болып отыр. Бұрын рейтингте көш бастаған кореялық Вон Жин Ким 2150 ұпаймен екінші орынға ығысты.

Ал, Руслан Ибраевға 540 ұпай беріліп, әлемдік рейтингте 7 сатыға көтерілді. Бұл көрсеткіш қазақстандық екі балуанды Рио олимпиадасының алдында басты фавориттер қылады.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев 2015 жылғы дзюдодан әлем чемпионатында алтын медальді жеңіп алған жамбылдық дзюдошы Елдос Сметовпен кездесті. Облыс әкімі спортшыны жеңісімен құттықтап, әлемдік аренада жаңа табыстарға жетуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ, жаңа пәтердің кілтін тапсырды. Спортшының алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұлов пен Қазақстанның ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Ғалымжан Жылкелдиевке К.Көкірекбаев 1,2 млн. теңге көлемінде ақшалай сертификат тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, 24-30 тамыз күндері Қазақстанның елордасында алғаш рет дзюдодан әлем чемпионаты өтті. Оған әлемнің 137 елінен 823 спортшы қатысты. Жамбылдық дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақ санатында алтын медальді жеңіп алды.

Жамбыл облысындағы Рысқұлов ауданының Луговой кентінің тумасы Елдос Сметов 9 қыркүйекте 23 жасқа толуын атап өтеді. 

Елдос спортпен ағасы Жандос Сметовтің үлгісімен 5 жасынан айналыса бастаған. Алты жасында ол 1998 жылы Алматыда өткен республикалық турнирдің жеңімпазы болып, спорттағы алғашқы жеңісіне жетті. Одан кейін ол Астана мен Алматының спорт интернаттарында оқыды. Осы жылдары Е.Сметов жастар арасындағы әлем чемпионы (2010, Марокко), әлемдік жастар чемпионатының қола жүлдегері (2011, ОАР), әлемдік Гран-при қола жүлдегері (2011, Қытай), әлем кубогының жеңімпазы (2011, Өзбекстан), Еуропа кубогының иегері (2013, Польша) болды. Сонымен бірге, ол Еуропа кубогының күміс жүлдегері (2013, Грузия), Гран-при күміс жүлдегері (2013, Түркия), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013, Таиланд), әлемдік Гран-при жеңімпазы (2013, Алматы). «TAK Astana Club» құрамында - Қазақстандағы дзюдо бойынша алғашқы халықаралық клубтық турнир жеңімпазы (Астана, 2013). Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысушы (2013).


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу: