ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ КІТАПХАНАСЫ

28 Тамыз 2014, 12:21

“ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ КІТАПХАНАСЫ” (“ӘӘК”) — әлем әдебиетінің үздік шығармалары енген (200 том) кітаптар сериясы. “ӘӘК”-н Мәскеудегі “Художественная литература” баспасы 1967 — 77 ж. аралығында орыс тілінде шығарған

“ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ КІТАПХАНАСЫ” (“ӘӘК”) — әлем әдебиетінің үздік шығармалары енген (200 том) кітаптар сериясы. “ӘӘК”-н Мәскеудегі “Художественная литература” баспасы 1967 — 77 ж. аралығында орыс тілінде шығарған. Басылымды дайындауға М.Горький атындағы әлем әдебиеті институты атсалысты. “ӘӘК” үш сериядан тұрады. 1-серияға: ежелгі дәуір, қайта өрлеу, орта ғасыр, ежелгі шығыс әдебиеті және 17 — 18 ғ-лар әдебиеттері (64 том) енген. 2-серия тұтас 19 ғ. әдебиетінен (63 том) тұрады. 3-серияға 20 ғ. шығармалары (73 том) топтастырылған. “ӘӘК”-ның 127 кітабы антол. томдар. Сондай-ақ, кейбір әлем әдебиетінің классик. үздік шығармалары алғаш рет орыс тіліне аударылып берілген. “Ежелгі Шығыс поэзиясы мен прозасы”, “Орта ғасыр романдары мен повестері”, Ф. Рабленің “Гаргантюа және Пантагрюэль” романы алғаш рет толық аударылып басылған. “ӘӘК-н” дайындауға әлемнің белгілі әдебиеттанушы ғалымдары жұмылдырылды. Әр кітап ғыл.-зерттеу мәндес алғы сөздер мен түсініктемелермен қамтамасыз етілген. “ӘӘК”-нда адамзат  баласының барлық дәуір, кезеңінің сөз өнері шеберлері — 3235 автордың 25800 үздік шығармасы 100-ден астам тілден аударылып жарық көрген. Әр том 50 баспа табақтан 300 мың дана тиражбен, барлығы 60 млн-нан астам дана болып тарады. “ӘӘК”-ның 3-сериясында қазақ сөз өнері зергерлерінің де таңдаулы туындылары енген. 1-сериясының “КСРО халықтарының батырлық эпосы” деп аталатын 13, 14 томдарындағы эпостардың ішіне қазақтың “Қобыланды батыр” жыры енген, ал “КСРО халықтарының 4 — 18 ғасырлардағы поэзиясы” атты 55-томына Бұхар жыраудың толғаулары кірген. 2-серияның “КСРО халықтарының 19 — 20 ғасыр басындағы поэзиясы” атты томына қазақ әдебиетінің Шөже, Сүйінбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Кемпірбай, Сара, Балуан Шолақ, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, С. Торайғыров сияқты ірі өкілдерінің өлеңдері енгізілген. “ӘӘК-ның” 3-сериясындағы “Совет поэзиясы” атты 2 томдығына қазақ ақындарынан Ж. Жабаевтың, С. Сейфуллиннің, Қ. Жансүгіровтің, Т. Жароковтың, Ә. Тәжібаевтың, Қ. Аманжоловтың шығармалары берілген. “Совет әңгімелері” атты 2 томдыққа М. Әуезовтің “Көксерек”, Ғ. Мүсіреповтың “Этнографиялық әңгімесі” кірген. “ӘӘК-на” Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясы екі кітап болып (134, 135-томдар) енуі қазақ әдебиетінің көркемдік қуатын әлемдік деңгейде танытты. “ӘӘК” басылымның ред. кеңес құрамында Ә. Нұрпейісов болды. Қазақ суретшілерінен Ә. Қастеев, Е. Сидоркин, С. Айтбаев қатынасты. “ӘӘК” сериясының ғыл. принциптерін айқындап, басылымға дайындаған шығармашылық топқа КСРО Мемл. сыйлығы берілді (1978).

Т. Шаңбаев

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу: