Ле Годинек Інжілді неге аударды?

16 Қыркүйек 2014, 04:15

«Ғ» дыбысы әуезді, орамды француз тілінде де бар. Ал осы сұлу француз тілінің тасасында да көне тілдердің құрдымға батып жатқанын біреу білсе, біреу білмес.

Бретон тілі

Бөбегім,  сен былдырлай бастадың. Көздерің күлімдеп, бір ұлы іс тындырғандай «ғыыыыыыыыы» дейсің. Қайта-қайта айтып, мақтанасың. Ал мен таңғалып отырмын. Әр халықтың өзіне тән дыбыстары бар. «Ғ» әрпі  тарихтың өне бойында халқымызбен бірге жасасып келеді. Осы  әріпсіз туған тіліңді елестете аласың да? Жоқ! Бір әрпі жоғалса, тіл тұтастығынан, болмысынан  айрылады. Әзірге сенің өмірге деген зор құлшынысың, анаңа деген көзсіз махаббатың осы бір әріпке сыйып тұр!  

«Ғ» дыбысы  әуезді, орамды француз тілінде де бар. Ал осы сұлу француз тілінің тасасында да  көне тілдердің құрдымға батып жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Провансал, баск, каталон, корсикан, эльзас, фламанд халықтары үшін де Франция – атамекен. Эльзас жұртының тілі –  неміс тілінің диалектісі саналса, фламандықтар нидерланд тілінде сөйлейді. Ал провансал халқының ана тілі – окситан тілі. Корсикан және каталан тілі –  роман тілдер тобының бір-бір бұтағынан тарайды.  

Ұлы Француз революциясының көсемдері «Байырғы тілдердің барлығы жойылуы керек. Француз тілі – ортақ ұлттық тілге айналуы тиіс. Ол – бостандық тілі болуы керек» деген ұран тастаған. Осы ойға жұмылған француз идеологтары: «Біз мемлекет заңдарын, сауда жүйесін, тіпті, қоғамдық ой-сананы да  революцияладық, революциялық ойдың діңгегі, қаруы  - тілге де төңкеріс жасауымыз қажет. Біздің сәулеміз Францияның түкпір-түкпіріне жетпестен сөніп қалып жатыр» деп, жергілікті тілдерді қауіп көрген. Олар «Ұлы Революцияға қауіп төндіретін басты күш – осы тілдер» деп ой түйген. Франциядағы тілдерді тықсыру саясаты, міне, осы кезеңнен басталды. Ел аумағындағы байырғы тілдің бәрін бір мезетте жойып жіберу әсте қиын еді. Есесіне,  жергілікті тілдердің тұғырын құлату әлі күнге дейін жалғасып келеді. Екі жүз жыл бұрынғы тіл турасындағы революцияшыл байламдар бүгінгі француз билігі үшін де маңызын жоймаған тәрізді. Аз халықтардың тілі біртіндеп-біртіндеп құмға сіңіп барады. Бұл мәселе бүгінгі француз қоғамының биік мінберлерінде көтеріліп жатқан жоқ. Бір сөзбен айтсам, француз қоғамы бұл халықтардың тілдерінің  тағдыры хақында  ашық сөз қозғамауға тырысады.

Франция аумағындағы жойылудың аз алдында тұрған тілдің бірі – бретон тілі. Бретондықтар – кельттік тамырдан тарайтын этникалық топ.  Қазіргі Франция жеріне V ғасырдың орта шенінде бүгінгі Британиядан ауып келген. Бұл жұртты туған топырағынан англосакстар ығыстырған. Бретондықтар Францияның солтүстік-батысынан Бретань герцогствосын құрып, өз тілімен, дәстүрімен өркендеуге ұмтылғанымен, француздардың  шылауынан шыға алмады.  Ал Бретань өз алдына  автономиясынан айырылғаннан кейін, бретондықтардың өз  салт-санасын сақтауға қауқары жетпеді. XVIIІ ғасырда алыс ауылдар болмаса, қала маңы түгелдей дерлік француз тілінде сөйлейтін болды.

Бретон тілі туралы сөз қозғағанда, Жан-Франсуа Ле Годинектің есімін айтпай кетуге болмас. Ол заманауи әрі әдеби бретон тілінің негізін қалаушы.    Туған халқының тілін араға ғасыр салып,  ХІХ ғасырда дәл осы азамат тірілтті.  Лингвист 1807 жылы «Кельт-бретон грамматикасын» жарыққа шығарды. 1821 жылы «Кельт-бретон сөздігін» жариялады. Ле Годинектің халық арасында «Тіл атасы» атануы осы еңбектерінің баға жетпес құндылығынан болса керек. 

Жан-Франсуа Ле Годинектің орфографиялық реформасын, ең алдымен, баспагер, тіл жанашыры Теодор Эрсар де ла Вильмарке мақұлдап, «Барзас Брейз» балладалар жинағын жаңаша орфографиямен халық назарына ұсынды.

Ле Годинек Інжілдің  бретон тіліндегі нұсқасын жазуды арман еткен. Мұның себебін түсіну қиындық тудырмасы анық. Лингвист діни наным-сеніммен бірге тіл де мәңгі жасайды деп үміттенген. Оның пайымынша, Құдайға сыйынып, дұға оқитын әр бретон туған тіліне жақындай түспек. Інжілдің Ле Годинек аударған нұсқасының таралуына тыйым салғанымен, шіркеу лингвисттің тілдік реформасын 1840 жылы мойындады.  Бретон тілінің  ұлттық тіл ретінде сақталуына негіз болған дәл осы тарихи жайт.

 

Бүгінде 6-7 млн бретондық бар. Дегенмен, өз ана тілінде сөйлейтіндерінің саны – 700 мыңға жуық. Сөйлеушілерінің басым көпшілігі аға буын өкілдері. Бретон тілінде хабар  тарататын радио, телебағдарламалар, бай әдеби қор, бретон тілінде білім беретін мектептер желісі  болғанымен, жас ұрпақ туған тілінен қол үзуде. Бұл мектептер жекеменшік негізде жұмыс істеп тұр. Францияда Тубон заңына сәйкес француз тілінде білім беретін мектептер ғана мемлекет тарапынан қаржыландырылады.    Тубон заңы француз тілін сыртқы ықпалдан сақтап, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау үшін қабылданған. 

Бөбегім, Ле Годинек қателескен жоқ. Ол тарих өткелдерінен аман-есен өту үшін туған тіліне алтын көпір салып берді. Бірақ, ол көпір шайқалып тұр...  

Бөлісу: