Латынға көшу қазақ мәдениетін әлемге танытады

18 Сәуір 2017, 16:15 10239

Түркиядағы қазақ ғалымы Әбдіуақап Қараның пікірі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның латынға көшуі жайлы жоспарына тоқталып, нақты тапсырмалар берді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында қамтылған таңбадағы реформаның заман талабынан туған шешім екеніне тоқталған Елбасы: «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен шығара бастауға тиіспіз» деді. Қазақ елінің латынға көшуі шеттегі 5 миллионға жуық қазақтың атажұртпен байланысын, басқа-басқа елде бытырай қоныстанған сол қазақтың өзара қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, Қазақстанның Түркі дүниесімен рухани ынтымақтастығын арттырып, сол арқылы әлемге танылуына жол ашады. Бұл Түркиядағы қазақ ғалымы, тарих ғылымының докторы,  Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның пікірі.

«Латынға көшу – бар қазақтың басын біріктіреді»

– Жер бетіндегі барша қазақтың ортақ әліпбиде болуының маңыздылығын көп айтып, Қазақ елінің латын қарпіне тезірек көшуін көксеп жүрген шетелдегі қазақ ғалымының бірісіз. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латынға нақтап көшудің қадамы жасалатынын көргенде қуанған боларсыз?

– Әрине, бұл хабар әсіресе, Түркия мен Еуропада қоныстанған 25 мыңға жуық қазақты қатты қуантты. Латынға көшу – сауатын ашқаннан латын әліпбиін қолданатын Батыс елдеріндегі қазақтардың атажұртпен мәдени, рухани қарым-қатынасын арттырып, өзара түсінісуіне мол мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Түркия мен Еуропадағы қазақ жастарының ең үлкен мәселесі – ана тілін білмеуі. Алдағы жерде осы түйіткілдің түйіншегі шешілетіні сөзсіз.

– Демек, бұл жат жұртта жүрген 5 миллионға жуық қазақтың атажұртымен қарым-қатынасын бұрынғыдан да жиілетеді деген сөз...

– Біріншіден, шеттегі қазақтың атажұртпен рухани қарым-қатынасы артады. Бүгінге дейін шетелдегі қазақтардың кириллицаны үйреніп, сол жазумен шыққан кітап, газет-журналдарды, интернеттегі ақпараттарды оқуы қиынға соқты. Атажұртқа қоныс аударған қазақтардың құжат жұмыстары мен жаңа ортаға бейімделуіне тұсау болатын да осы жазу еді.

Әсіресе, Қазақстанның іргесіндегі 2 миллионға жуық қытайлық қандасымыздың ақпаратқа қол жеткізуінің өзі тек арнайы құралдардың көмегімен төте жазуға өзгертіліп барып қана жүзеге асады. Кез келген қытайлық қазақ қытай иероглифімен қатар жүретін латын қарпіндегі пининді біледі. Менің естуімше олар да латынға көшу үшін Қазақстанды күтіп жүрген көрінеді. Демек, Қазақстанның жаңа әліпбиге өтуі екінші жағынан шетелдегі қазақтардың бір-бірімен мәдени, рухани байланысын арттыра түседі.

Үшіншіден, түркі дүниесінің рухани ынтымақтастығы тағы бір сатыға көтеріледі.      

«Түркі дүниесінің рухани ынтамақтасығында маңызды белес болмақ»

– Түркі дүниесінің ортақ әліпбиде болуының артықшылықтары қандай?

– Әлемнің бір бөлігі түркі дүниесі емес пе?! Қазақстан латынға көшсе қазақ жазбаларын 250 миллиондық түркі әлемі оқиды деген сөз. Бұл қазақстанды әлем елдеріне таныту барысында үлкен рөл атқармақ. Түркілер қолданатын латын негізінде әліпбидің әр қилы емес, біркелкі болуы туысқан елдер арасындағы түсіністік пен ынтымақтастың нығаюында көкейтесті екені сөзсіз. 1940 жылы Кеңестік кезеңде түркі республикалары латыннан кирилге өткенде әр республика негізі кирилл болғанымен өз бетінше алфавит жасап шығып әзірбайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, түркмен секілді халықтар бір-бірінің жазғандарын оқу барысында қиындыққа тап болған еді. Онда біркелкі дыбыстарды бейнелейтін әріптер басқа-басқа болды және әріп сандары да әртүрлі еді. Яғни, қазақшада 42, өзбекшеде 38, қырғызшада 41, түрікменшеде 36 әріп болды. Сөйтіп ғасырлар бойы ортақ арап графикасымен жазып оқыған әрі өзара еркін сөйлесіп, түсінісіп келген түркі халықтарының тілдері өткен ғасырдың жартысынан бастап бір-бірінен алыстады. Соның салдарынан түркі дүниесінің басқа аймақтарын былай қойғанда Орталық Азияның өзінде көрші тұратын түркі елдері арасындағы өзара түсінісушілік кеміп,  менсінбеушілік пен сенімсіздік белең алды. Негізінде түркі әлемінде латын негізінде ортақ алфавит қалыптастыру 1920 жылдардың екінші жартысында басталған еді. 1926 жылы Кеңестік түркі республикалары латынға өткеннен кейін, Түркия да солардың ізімен 1928 жылы латын әріптеріне көшкен еді. Бірақ Сталин бауырлас елдер арасындағы осы ұмтылысты байқап қалған болуы керек, 1940 жылы Кеңестік түркі елдер кирилл әліпбиіне көшірілді. Ал 1991 жылы Кеңес Одағы келмеске кеткеннен кейін бұл мәселе тағы күн тәртібіне келіп кирилл әріптеріндегі түркі елдер атап айтқанда Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркменстан латын әліпбиіне өтіп болды. Енді кезекте Қазақстан мен Қырғызстан тұр. Әйткенмен бұлар қабылдаған латын әріптерінде қателіктер жіберілгенін, тағы елдердің тіл ғалымдарының өздері айтып тұр. Тіпті 1928 жылдан бері латын жазуын пайдаланып келе жатқан Түркияның алфавитінің өзінде кемшіліктер бар. Атап айтқанда онда бар жоғы 29 әріп бар. Олардан бірқатар тілдік дауыстардың қалыс қалып қойғанын бүгінгі ғалымдар айтып отыр. Филолог ғалымдардың айтуынша, түркі тілдеріндегі дыбыстарды 34 таңбамен белгілеуге болады екен. Бүгінгі таңда түрік-латын әліпбиінде 5 әріп кем болып отыр.

«Қазақ-латын әліпбиін жасауда Қазақстан қателеспейді»

– Қазақстан сол қателікке ұрынуы мүмкін бе?

– Меніңше Қазақстан бүкіл түркі дүниесі бойынша озық алфавитті жасайды. Біріншіден, Қазақстанның таңба белгілеуде тәжірибесі мол. Өйткені, бұдан бұрын қолданылған қазақ-араб қарпі де, қазіргі кездегі қазақ-кирилл әліпбиі де сәтті жасалған. Әсіресе, Ахмет Байтұрсыновтың жасаған қазақ-араб әліпбиі түркі дүниесінде осы жүйедегі ең ұтымды жасалған әліппе болып табылған еді. Ахмет Байтұрсыновтың Исмаил Гаспиринскийдің «ұсұли саутие», яғни «дауысты тәсіл» методикасы ретінде дайындаған әліпбиі қазақтың тіл ережелеріне нақты келген. Осы орайда Түркияда Ататүрікке қатысты айтылып жүрген бір тәмсіл Ахметтің осы реформасының ұтымдылығын көрсетсе керек. Сол тәмсілде Ататүрік: «Мен Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуын бұрын білгенде, араб графикасынан латынға өту жайында шешім қабылдамас едім» деген екен. Бұл сөздің қаншалықты шын екені белгісіз. Бірақ бұл жердегі бұлтартпас ақиқат, ол, түркі халықтары мың жылдан астам қолданған араб графикасына бұрын-соңды ең ұтымды реформаны Ахмет Байтұрсынұлының жасағандығы. Түрік ғалымы Хатиже Ширин Ұсер қазақ тілінің емле қағидаларын тарихта алғаш рет Байтұрсыновтың қолға алғанын және оның осы ережелерінің кейінгі латын және кирилл алфавиттерінің жасалуына негіз болғанын айтуда. Міне бүгінгі таңда латын аліпбиіне өтерде Қазақстан ғалымдарының негізге алары қазіргі кирилл әріптері емес, сәтті жасалған Байтұрсыновтың төте жазуы болуы керек. Сонда қазақ тіліне толық үйлесімді әліпби жасалады деп ойлаймын.

Екіншіден, Қазақстанда түркі республикалары ішінде латын әліпбиіне ең кеш өтетіндердің бірі. Қазақстан осы кешігуді жақсы пайдаланып, өзінен бұрын латынға өткен елдердің тәжрибелерін мұқият зерттеп, олардың артықшылық және кемшіліктерін салыстырып түркі елдер ішіндегі ең сәтті қазақ-латын әліпбиін жасайды деп сенемін.

Майгүл Сұлтан
Бөлісу: