Латын әліпбиіне көшу – әлемдік үдеріске жақындау

13 Сәуір 2017, 15:36 8470

Елбасы мақаласы хақында ғылым өкілдерінің пікірі

Тілеген САДЫҚОВ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Бүгінгі алмағайып заманда тек экономикалық тұрғыда ғана дамып қой­май, ұлттық рухани бол­мыстың сақталуына да аса мән беру керек. Елбасының мақаласында осыған бағыт беретін, көздеген мақсатқа жетудің жолын айқындайтын негізгі тетіктер анық көрсетілген. Сондықтан біз – қазақ ғалымдары ерекше қуанышпен қабыл алдық. Жалпы, кез келген қоғамның рухани ұстынсыз алға жылжуы мүмкін емес екені тарихтан белгілі. Осыған дейін де біздің бұл саладағы жетістіктеріміз аз болған жоқ. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан бері қарай ұлттық сананы жаңа тұғырға көтеру мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Соның ішінде «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларын Елбасы өз мақаласында ерекше атап өткен. Енді заманның өзгеруіне байланысты руханиятымызды да жаңғыртатын кез келді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы білімге, ұлттық санаға, мәдениетке, гуманитарлық салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Себебі, олар адамның тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөлге ие.

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы ғалым:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқып шығып, ерекше әсер алдым. Себебі, дәл қазіргі кезде біздің қоғамға осындай батыл бастамалар ауадай қажет. Бұл Президентіміздің ойына бір күнде келе қалған дүние емес. Сонау азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап санаға салмақ түсірген, енді ғана толғағы жетіп жарыққа шыққан сөздер екені анық. Сондықтан да бұл мақаладан жүректің үні естіледі. Мақалада Мемлекет басшысы латын қарпіне көшу мәселесіне кеңінен тоқталған. Қарап тұрсаңыз, бір әліпбиден екіншісіне ауысу оңай шаруа емес. Ол – тұтас қоғамды, мемлекеттің әр азаматын қамтитын өте ауыр процесс. Сондықтан оның қауіптілігі де әрдайым назарда тұруы тиіс. Соған қарамастан, латыншаға өтетін уақыттың жеткенін айтқан Елбасы бұл жұмыстың рет-ретімен жүзеге асуы тиіс екенін жеткізеді. Жалпы, кез келген дамыған мемлекет, негізінен, екі байлыққа ерекше назар аударады. Олар материалдық және рухани байлық. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз көбіне алғашқысына көңіл бөліп, екіншісі еленбей қалғандай күйде тұрды. Осы келеңсіздікті жою үшін мынадай шешімге келу Мемлекет басшысының тереңнен ойлайтынын, әр істі өз уақытында орындайтынын тағы бір дәлелдеді. Енді оны сәтті жүзеге асыру біз бен сіздің басты міндетіміз болуы керек. Өз басым бүкіл түркі әлеміне ортақ, осыдан 2-3 мың жыл бұрынғы құндылықтарды зерттеп жүргендіктен, латын әліпбиіне көшуді айрықша қуанышпен қабылдадым. Қазірдің өзінде осы бағыттағы том-том болған еңбектеріміз жарыққа шықпай, қолжазба күйінде тұр. Енді соларды жариялауға жол ашылады деп сенеміз.

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасының доценті:

– Елбасының ауқымды мақаласында ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Соның ішінде менің ерекше назарымды аударғаны – ұлттық кодты сақтау мәселесі. Қазіргідей жаһандану жағдайында өзіміздің ұлттық бояуымызды сақтай отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу біздің мақсатымыз болуы тиіс. Себебі, бүгінде әлемді алаңдатып отырған лаңкестік қақтығыстарға сол ұлттық болмысымыз арқылы төтеп бере аламыз. Шын мәнінде, бүкіл жаһанға зардабын тигізген терроризм Қазақстанға да өз қаупін төндіріп тұр. Оның алдын алу үшін ұлттық-рухани құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, салт-дәстүрлерімізді өркендеудің өзегі етіп алуымыз керек. Осы орайда Елбасы өзінің мақаласында «Мәдени мұра» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламаларға басымдық беруі керектігін атап өткен. Мемлекет басшысы ерекше атап көрсеткен тағы бір жайт – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамына тың серпін беретін кең ауқымды жоба. Өйткені тілдің тәуелсіздігі ұлттың рухани жетілуіне айтарлықтай мол септігін тигізеді. Осы ретте латын әліпбиінің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Сол арқылы біз, әлемдік үдеріске, технология тіліне, тұтас түркі әлеміне жақындай түсеміз. Осылайша, әлемдік деңгейдегі сабақтастығымыз нығая түспек. Сондықтан Елбасы көтерген осы тың мәселелердің үшінші жаңғыруды бастап кеткен Қазақстан сияқты ел үшін маңызы аса жоғары. Қысқаша айтқанда, тарихымыз бен қазіргі күнімізді, бүгініміз бен болашағымызды сабақтастыра білсек, рухани тұтастығымыз бен тыныштығымыздың негізі беки түседі. Сол арқылы біз әлем елдерін іштен ыдыратып отырған терроризмді түбірімен жойып, өз болмысымызды сақтап қала аламыз.

Бөлісу: